Құрманғазыда «Ашық әкімдік» кеңсесі ашылды

EGOV Жаңалықтар

Кеңсенің міндеті – мемлекеттік қызметті қолжетімді ету және жемқорлықтың алдын алу.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Абылханов азаматтардың қызмет алу үшін бұрынғыдай көп уақытын жоғалтпайтынын айтты.

«Дәліз жағалап, әр есікті бір қағып, кеңселердің табанын тоздыру енді болмайды. Ашық форматтағы кеңседе ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа салалар бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Біздің мақсат бұл қызметтерді тұрғындар жеңіл алуы үшін бір орталыққа шоғырландыру. Бұл жерде «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жасақталған, ғаламтор желісімен қамтылған. Дербес компьютерді қолдану арқылы әрбір тұрғын өзіне қажетті қызметті ала алады. Арнайы орында күту залы, балалар ойын алаңы қарастырылып отыр. Мекемелер ашық жұмыс атқарып, тұрғындардың қажетіне орай қызмет етеді деп сенемін. Сонымен қатар мұнда «Атырау адалдық кеңсесінің» орынжайы жасақталды, – деді. Сондай ақ, «Ашық әкімдікте» азаматтарды қабылдау жүргізілетінінен хабардар етті.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов кеңсенің тиімділігіне тоқталды.

– «Ашық әкімдік» сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сәйкес келеді,- деп атап өтті.

Ғимараттың лентасын Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев қиды.

Еске сала кетелік, кеңсенің ашылу шарасына Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Абылханов, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт, Құрманғазы ауданы әкімі Қайрат Нұртаев, ардагерлер, аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Бұған дейін сервистік әкімдіктер Жылыой, Исатай аудандарында ашылған болатын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған