Құлсары қаласының кәсіпкерлері неге наразы?

200605161121967e Жаңалықтар

Аtr.kz/5 маусым, 2020 жыл. Атырау облысында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында бір топ шағын және орта кәсіпкерлік өкілі жергілікті әкімдік алдына жиналып, өз талаптарын қоюда.

Негізгі талап – базарлар мен сауда орындарын ашу. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жылыой ауданның бас санитарлық дәрігері Т.Хабибуллиннің қаулысына сәйкес, мұнда 18 маусымға дейін карантин жарияланған. Аталған қаулыға сай, коронавирус дертінің таралып кетпеуі үшін барлық азық-түлік сатпайтын сауда орындары мен базарлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілмеген.

«Өйткені, соңғы мәліметтер бойынша, Жылыой ауданы аумағында орналасқан Теңіз кең орнында 1013 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелсе, ауданның елді мекендерінде 43 жағдай анықталды. Оның 33-і Құлсары қаласынан шықты. Бұл науқастардың екеуі күні кеше қайтыс болды» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде жиналған кәсіпкерлермен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Олардың арасында Жылыой ауданының әкімі мен ауданның бас санитарлық дәрігері де бар. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасымен Құлсары қаласына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев аттанған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда коронавирустан екі адамның қайтыс болғанын, оның бірі үйінде бір апта жатып қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз