«Қиын кездегі қолдау ұмытылмайды…» (+ВИДЕО)

80492 801034 12 COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/13 сәуір, 2020 жыл. Президент пәрменіне орай, айлық жалақыларына үстемеақы қосылған дәрігерлер өз алғыстарын газет редакциясы арқылы жеткізуде. Олардың айтуынша, жалақыны арттыру жөніндегі шешім –  коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көрсетілген зор қолдау.  

Президент жанынан төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Аталған комиссия  наурыз айының соңында мемлекет басшысының тапсырмасымен эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлерінің жалақысына ай сайынғы үстемеақы белгілеу туралы шешім қабылдады. Бүгінде Атырау облысы бойынша үстемақы төлеу үшін 288,7 млн. теңге бөлінді.

https://www.youtube.com/watch?v=yC8NLpEoqxs

№2 облыстық аурухана директорының орынбасары Надия Ерғалиеваның айтуынша, наурыз айында аурухананың 128 қызметкері қосымша еңбекақы алған. Ал, облыс көлемінде үстемақы 369 адамға берілген.

– Аурухана қызметкерлері дер кезінде үстемақыға ие болды деп ойлаймын. Осы бастаманы көтерген Мемлекет басшысына бәріміздің атымыздан алғыс білдіргім келеді. Әрине, дәрігерге де өз отбасын асырау үшін қаражат қажет қой. Бірақ, бастысы ақша емес. Қазіргі жағдайдың қаншалықты күрделі екендігін ескеру керек.

Дәрігерлер секілді, медбикелер мен өзге де ауруды ауыздықтау жолында күндіз-түні еселі еңбек етуде. Науқастарды сауықтыру үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Қиын шақта қаржылай қолдау білдіру туралы Президент тапсырмасы медицина қызметкерлерін біраз ынталандырғаны рас. Бүгінде біздің аурухана бойынша жалпы сомада 12 млн. теңгеден астам үстемеақы беріліп отыр, – дейді Н.Ерғалиева.

Әріптесінің сөзін ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан №2 облыстық аурухана мейірбикелері – Сәуле Надирова мен Айсұлу Масалимова да құптайды.

«Біз карантиндік шаралар жүзеге асырылғаннан бері тыным таппай жұмыста жүрміз. Вирус жұқтырған адамдардың денсаулығын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Жанұямыз бен жақындарымызды көрмегелі де біраз уақыт болды. Әйтсе де, адам өмірін сақтап қалу үшін құрбандыққа бару – біздің басты борышымыз екенін де терең түсінеміз. Осы орайда, материалдық және рухани демеу көсреткен Мемлекет басшысынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі мен аурухана басшылығына алғысымыз шексіз» дейді олар.

Жұқпалы дерт өте қауіпті. Сондықтан, медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Аурухана дәрігерлері барлық қорғаныс құралдарымен қамтылған. Науқастарға қажетті дәрі-дәрмектің де толық тізімі жасақталған.

Еске сала кетсек, ел Президентінің шешімімен үш ай ішінде коронавирустық инфекциямен күресте үш тәуекел топқа үстемеақы қосылады.

Тарқатып айтсақ, біріншісіне (дәрігерлер, жұқпалы ауруханалардың орта және кіші медицина қызметкерлері, оның ішінде реанимация бөлімшелері) – 20 (айына 850 мың теңге), екіншісіне (дәрігерлер, фармацевтикалық ауруханалар мен жедел медициналық жәрдемнің орта және кіші медициналық қызметкерлері) – 10 (425 мың теңге) және үшінші топқа (дәрігерлер, карантиндік ауруханалардың орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері) – 5  (212,5 мың теңге) ең төменгі жалақы мөлшерінде үстемақы төленеді. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

http://atr.kz/bez-rubriki/karantin-k%d2%afndeliginen-t%d2%afngi-atyrau-tynyshty%d2%9b-t%d2%b1ra%d2%93y/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз