ҚАЗАҚТАНУ алаңы

1524025488 article b 1500 Жаңалықтар

Atr.kz/21 маусым, 2019 жыл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – ұлт санасын жаңғыртудың, жастарды бабалар жолынан ауытқымай, жаңа тәуелсіздік рухта тәрбиелеуге бағытталған нақты бағдарлама.

Қоғамның алтын арқауы болып табылатын ардагерлер ұйымдары да аталған  мақаланы қолдаған болатын.

СЕГІЗІНШІ БАҒЫТ: 

«Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігі мен ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады»

(Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

Қазақстан Республикасы Президенті

қызметіне ресми кірісу

рәсімінде сөйлеген сөзінен)

    Атырау қалалық ардагерлер кеңесінде де мақала талаптарын іске асыруға бағытталған шаралар тізбегі жасақталып, осы бағытта қызметтенетін «Дәстүр», «Ағаның ақылы» және «Алтын ұя» жұмыс топтары құрылған-ды. Ол жұмыс топтары, қала әкімінің бөлімдерімен, қаладағы қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, рухани жаңғыру, тарихи таным, адамгершілік тәрбие, діни ұстаным, мәңгілік ел т.б. жастар тәрбиесіне бағытталған жұмыстарымен белсенді түрде айналысуда.

     Қалалық ардагерлер ұйымында, бұл бағытта бұрыннан қолданылып, практикадан өткен және тиімділігі дау тудырмайтын кездесу, дөңгелек үстел мәслихаттары, әңгіме түріндегі жұмыстар белсенді жүргізілуде. Мысалы, биыл кәсіпорын, мекеме, ұжымдарда өткізілетін, «Қалалық ардагерлер кеңесі күндері» деген арнайы жоба өмірге келді. Ол қала ардагерлерінің ең белсенді тобынан дайындалған бөлігі ұжымдарға барып, бір күн соларда жұмыс жасауына арналған.

Оның біріншісі, Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде өткізілді. Мұнда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау қаласының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, облыстық «Мерейлі отбасы» конкурсының 1-орын лауреаты Ә.Бекеш және қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Ағаның ақылы» тобының жетекшісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі С.Қайыржанов «Тәрбие тізгіні түзу болса – тұлға өседі» деген тақырыпта бір топ ата-аналар мен студенттерді жинап, арнайы сабақ өткізді.

Ал, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Атырау қаласының Құрметті азаматы Н.Сарсенованың студенттермен кездесуі «Қыз бала – бүгінгі төрдің сәні, ертеңгі босағаның бағы» деп аталды. Туған жер және оның елді мекендерін сыйлау, құрметтеу бағытындағы Елбасы нұсқауына сай, «Атырауым – қасиетті мекенім» тақырыбындағы келелі әңгімені Атырау қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Дәстүр» тобының жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның үздік өлкетанушысы А.Әміржанов жүргізді.

     Бүгінгі ұлттық сана кеңістігіндегі тағы бір маңызды мәселе: «Арын ардақтағанның – намысы биік, ұлтын сүйгеннің ­– мұраты биік» проблемасы ауқымында Балықшы аумақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Қ.Ғабдолланың өткізген әңгімесі де өте әсерлі және тағылымды болды.

Ал, тарих ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Ш.Нағымов өткізген тәрбие сабағы: «Ұлт тағдырының мұңы – ұрпақ тәрбиесінің үні» деп аталынды. «Ардагерлер күні» арнаулы орта оқу орындары бастауыш ардагерлер ұйымдары төрағалары қатысқан дөңгелек үстел мәслихатында қорытындыланды. Онда тәжірибелер ортаға салынып, талқылау, пікір алмасу сәтті өтті.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президенттік қызметке ресми кірісердегі салтаантты жиында сөйлеген сөзінде  Қазақстанды болашаққа бастайын – жастар екендігіне ерекше назар аудара келіп, Тұңғыш Президент – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажеттігіне тоқталған  атап көрсеткен болатын.

Қасым-Жомарт Кемелұлының  «Біз бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озыө жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз. Бұл – біздің  күш-қуатымыздың діңгегі» деген тұжырымды ойында терең мән-мағына жатыр. Осыған орай  «Қалалық ардагерлер кеңесі күні» Кеңөзек ауылдық округінде ұйымдастырылды.

Оған ардагерлердің белсенді тобы, ауылдағы бизнес ортамен, мектеп, бала бақша ата-аналар ұжымымен, мешіт жамағатымен және ауылдағы «Дәстүр» әжелер тобымен сыр-сұқпаттар өткізді. Онда «Көргенді ұл қартын сыйлайды, көргенді ел салтын сыйлайды», «Ата дәстүрді ардақтайық», «Мәңгілік елдің мұраты биік», «Дін – ұстай алсаң қасиет, ұстай алмасаң қасірет» тақырыптары қамтылды. Ауылдағы жүзге жуық ардагер қатысқан «дөңгелек үстел» мәслихатында жастар арасындағы тәрбие жұмысын жақсартудағы ардагерлер үлесі талқыланды.

     Үлкен ізденістер нәтижесінде өмірге келген осы жоба, ұрпақтар сабақтастығын бекіте отырып, бұрын қолжеткізген жұмыс түрлерінің мазмұнын байытып, ауқымын ұлғайтып, жаңа табыстарға жетелері айқын. Сол себептен, біздер, өндіріс, мекеме, ұжымдарда өтетін «Қалалық ардагерлер кеңесі күндерін» қазақтануды талқылау алаңына айналдыруға жұмыстана беретін боламыз.

Абат КЕНЖЕҒАЛИ,

Атырау қалалық ардагерлер

кеңесі төрағасының орынбасары

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз