Қазақстанда ауылшаруашылығы мамандары жетіспей жатыр

0 45 Жаңалықтар

atr.kz/21 қыркүйек, 2020 жыл. Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласы неғұрлым жаңартуға, өндіріске жетілдірілген жаңа технологияларды енгізуге және мақсатты мемлекеттік қолдауға мұқтаж.

Бұл, сөз жоқ, отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетті дамуын қамтамасыз етеді. Ол үшін, ең алдымен, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми потенциалын көтеру қажет.

Жасырып қайтеміз, қазіргі таңда кәсіпорындар мен шаруашылықтардың сапасы мақтанарлық күйде емес. Ең бастысы, білікті мамандар тапшы. Өйткені, жылма-жыл орта мектепті бітіріп жатқан жастардың ауыл шаруашылығы саласының маманы болғысы келмейді. Одан да олар сот пен прокуратурада – заңгер, банктер мен мұнай компанияларында экономист болуды армандайды.

Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да сөз болды. Ауыл дамымай, ауыл шаруашылығы өркендемей, бәсекеге қабілетті мемлекет болу мүмкін емес, делінді. Ұзақ жылдар бойы жұрттың жер ала алмауы, тиімді несиенің болмауы, тәжірибелі кәсіби мамандардың аздығы аталған саланы алға бастырмауда. Осылайша еліміздің агроөнеркәсіп кешені проблемалық аймақ болып қала беруде. Ал, жуырда Қазақстан Коммунистік Халық Партиясы Атырау облыстық комитетінің активі «дөңгелек үстел» басына жиналып, осынау өзекті мәселеге көпшіліктің назарын аударды.     

– Облысымыздың агроөнеркәсіп кешеніне өзі жас, өзі білікті мамандар жетіспейді. Ауылдағы жалақы мен өмір сүру деңгейін жақсарту керек. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшыларының көпшілігі прогрессивті экономикалық әдістерден алыс жатыр. Кейбір аудандарда ауыл шаруашылығы бойынша даярланған мамандар тіптен жоқ. Жастар жағы мұндай жерге келуге құлшыныс танытпайды. Жағдайды өзгерту үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет, – деді ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев.

Көтеріліп отырған тақырыпқа байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Алшымбек Мұқанғалиев, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Софья Қазбаева, Х.Досмұхамедов атындағы университеттің деканы Ерлан Қабиев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұханбетов, Атырау аграрлық-техникалық колледжінің профессоры Қанат Қабдолов және басқалары да өз ой-пікірлерін білдірді.

Жалпы аграрлық ұйымдар менеджментін жетік білетін кәсіби мамандардың қажеттілігі барған сайын үлкен сұранысқа ие болумен келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінде көрсетілгендей, арнайы жоғары білім алып шыққан жас мамандардың бес-алты пайызы ғана өзі қалаған мамандығы бойынша жұмыс істейтін көрінеді. Ал қалғандары өзге қызметтерге кетеді.

Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің 80 пайызы ғалым-агрономға, ветеринарларға, инженер-механиктерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі инженер-технологтарға зәру. Сол себепті мемлекет білікті аграршы мамандардың, іскер фермерлердің, заманауи технологияны игерген жастардың ауылға барып жұмыс жасауын қадағалауда.

Маман тапшылығы орын алған ауылдарға еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген жастар орнығатын болса, ұлттық экономика барынша қарқын алып, ел еңсесінің көтерілуіне аз да болса үлес қосылар еді.

Лиза  ШАЙХАШҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз