Қазақстан бақытты елдер көшін бастады

photo 1033 Жаңалықтар

Atr.kz/17 тамыз, 2020 жыл. Қазақстан бақыттылық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одағының елдерін, соның ішінде Ресейді басып озып, рейтингтің 50-ші позициясына орналасты.

Сондай-ақ Қазақстанда ер адамдар әйелдерге қарағанда өздерін бақыттырақ сезінетіні анықталды. ҚазАқпарат бұл туралы finprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жыл сайын «Халықтың өмір сапасы» тақырыбында халық арасында сауалнама өткізеді. Ішінара жүргізілген зерттеуге сәйкес, респонденттердің 63,5% өз өміріне қанағаттанады.

Бұл ретте, ауыл тұрғындары (72,6%) қалада тұратын (58,4%) қазақстандықтарға қарағанда өз өмірлеріне анағұрлым риза. Онымен бір мезгілде, сұрақтарға жауап бергендер арасында тағдырына қанағат еткен ер адамдар (61,8%) әйелдерге қарағанда (58,5%) көп болып шықты.

Айта кетейік, 2019 жылы респонденттердің 60% өмірлерінің сапасына риза болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 56,5% көрсетті. Қазақстан 2020 жылы бақыттылық деңгейі бойынша әлемдік рейтингте (World Happiness Report) 10 орынға көтеріліп, 153 елдің арасында 50-інші орынға тұрақтады.

Бұл ретте, ЕАЭО елдері арасында Қазақстан бірінші орын алып отыр. Одан кейін Ресей (73-орын), Қырғызстан (74-орын), Беларусь (75-орын), Армения (116-орын) орналасқан. Бақыттылық деңгейі бойынша әлемдік рейтинг – бұл әлем елдері халқының бақытты болу көрсеткішін анықтайтын халықаралық зерттеу жобасы.

Оны құру барысында халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі, өмір сүру ұзақтығы, азаматтық бостандықтардың болуы, қауіпсіздікті сезіну және ертеңгі күнге деген сенім деңгейі, отбасылық тұрақтылық, жұмыспен қамту кепілдігі, жемқорлық көрсеткіші, сондай-ақ сенімдлік, кеңпейілділік, жомарттық сынды қоғамның жанама қасиеттері назарға алынады. Биылғы рейтингтің басында бұған дейінгі жылдардағы сынды Финляндия мемлекеті тұр. Үздік ондық қатарына: Дания, Швейцария, Исландия, Норвегия, Нидерланды, Швеция, Жаңа Зеландия, Австрия және Люксембург енген. Статистикаға сәйкес, өздерін бақытсыз санайтын халық Зимбабве, Оңтүстік Судан және Ауғанстанда тұрады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз