ҚАЗАҚ ГАЗЫНЫҢ ҚАРЫМЫ: Импорттан – экспортқа!

top 118e3158466b70776f6bbb2e0499a107 Жаңалықтар

Atr.kz/21 маусым, 2019 жыл. «Көгілдір отын» да – табиғи байлық. Ол жетіқат жер астынан мұнаймен ілесіп шыққанымен, бөлек тауар саналады. Демек, оны сатып та табыс түсіруге болады. Бүгінде миллиондаған текше метр табиғи газ темір жолмен де, құбыр бойымен де тысқа тасымалданып жатыр.

Қытай асқан «көгілдір отын» Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Алматыға табиғи газ Өзбекстаннан әкелінгенін бүгінгі жастар білмеуі де мүмкін. Сондықтан, «өзіміздің байлығымыз қайда кетіп жатты?» деп сұраса, оған түсіністікпен қарау қажет. Өйткені, сол жылдары республиканың батысында өндірілген өнім Орта АзияОрталық магистральді құбыры арқылы Ресей бағытына кетіп жатты. Егер ортақ одақ кезінде Мәскеудің пәрменімен еліміздің оңтүстігін табиғи газбен қамту үздіксіз жүргізілсе, әркім өз алдына отау тіккен соң бұл үрдіс бұзыла бастады. Тысқа тәуелділік «көгілдір отын» құнына да әсер етті.

«Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» дегендей, өнім қолында тұрғандықтан, көршілер қыр көрсетуі де мүмкін еді. О с ы н д а й ж а ғ д а й д а «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет теңдесі жоқ жобаны жүзеге асырып, Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралін қатарға қосты. Оның барысында бұл аймақтағы бұрынғы импорттық газға есептелген ескі тұрбалар ауыстырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар, бұған дейін «көгілдір отынды» мүлдем тұтынып көрмеген елді мекендер қамтылды.

Бұл құбыр Қазақстан-Қытай кешенді жүйесімен жалғасып, оның солтүстік бөлігіне айналды. Соның нәтижесінде шекараға дейінгі өңірді түгел газдандыруға мүмкіндік туды. Расында, Қазақ газының денін Аспан асты елі тұтынып отыр. О баста, яғни 2017 жылғы қазандағы келісім бойынша Қытайға жылына 5 млрд. текше метр «көгілдір отын» жөнелтілуі тиіс еді. Қазақстан жағы бұл міндеттеме үдесінен шыға білді. Сенімді серіктес тапқанына қуанған қытайлықтар жаңа тапсырыс бере бастады. Кейінгі жылдары газ тасымалдау 7,7 млрд. текше метрге жетті.

Ендігі меже – алдымыздағы бес жылда он миллиард. Оның баспалдағы биыл қаланады.

Осы орайда бұдан он шақты жыл бұрын Атырауға Шығыс Еуропаның республикадағы бірнеше елшілері әдейі ат басын бұрғаны есімізге түседі. Әрине, текке қыдырып жүрген жоқ. Бәрі де аймақтағы мұнай мен газ кеніштеріне қызығушылық танытып, олардың өнімінен үміттеніп жеткен-ді. Облыстық әкімдікте өткен қабылдауда осы ойларын жасырмаған. Егер келіссөздер оң нәтижесін берсе, Қара теңіз түбінен құбыр тартуға дайын екендерін білдірді. Қап тауының тасын тессе де, еліне табиғи газды жеткізуге талпыныс жасаған.

Сол алғашқы адымның аяғы не болғанын білмедім, бірақ, мәселе күн тәртібінен түспегені кәміл. Себебі, әлем алпауыттары бір-біріне кінә артып, өзара қырғиқабақ күн кешіп жатқанда Қазақстан тәрізді саяси ахуалы да, экономикасы да тұрақты мемлекетпен мәмілеге келген өздеріне тиімді. Ресейге жасалған санкция салдарынан іргедегі «көгілдір отыннан» қағылған еуропалықтарды қатаң қыста мұхиттың ар жағынан жеткізілер газ құтқара алмауы ықтимал. Бұларда баламалы энергия көздерін қолдану көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары делінгенімен, олар ірі өндіріс ошақтарының сұранысын өтей алмайды.

Міне, осындай күн туып, Қазақ газы күллі әлемді аралап кетсе, ішкі қажеттілік қалай қамтамасыз етілмек? Сыртқы сауда қызса, мұнайгаз компанияларының назары да солай қарай аумай ма? Бірлескен кәсіпорындар ғана емес, отандық өнім өндірушілер де шеттен серіктес іздеуі мүмкін-ау. Өйткені, қазіргі заманның басты талабы – табыс табу.

Өткен жылы «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1,3 млн. тонна сығымдалған және 9,2 млрд. текше метр құрғақ газды экспортқа шығарды. Ал, НКОК компаниясы 3,6 млрд. текше метр «көгілдір отынды» тысқа тасыды.

Кісідегінің кілті – көкте Республиканың батыс өңірі көмірсутегі шикізатына бай болғанымен, оны түгелімен ішкі қажеттілікке кәдеге асыруда кейбір кедергі бар екені кәміл. Бұл – еліміздегі инвесторларға қатысты мәселе. Рас, жетіқат жер астының мол қорын өз күшімізбен игеруге әлі ертерек. Саясат соқпағы да шетелдіктермен байланысты бекітуді қажет етеді. Күрделі құрылымдарды қолдануда қаржымыздың да азаңдау, инженерлік білігіміздің де таяздау, технологиялық қамтылуымыз да нашарлау екенін мойындау керек.

Міне, осындай себептермен Қашаған, Қарашығанақ пен Теңіз тәрізді ірі кеніштерді бірлесіп пайдаланып жатырмыз. Демек, қайтарымы мол кен орындарын иеленген компаниялардың мемлекеттен бөлек, сыртқы тұтынушылар алдында да міндеттемелері бар. Соларға өнімдерін әлемдік нарықтағы бағамен сатып, толымды табыс түсіреді. Оған тоқтау салуға құқымыз жоқ, жасалған шарт солай. «Өзіміздің «көгілдір отынымыз» жұртымыздың игілігіне аспай қала ма немесе қандай бағаға сатылар екен?» деп қауіп ойлағанда осы жайды ескеруге тиіспіз.

Қазір жылыойлықтар алдағы шілдеден бастап Теңіз кенішінен алынатын ілеспе газ бағасының қымбаттайтынына алаңдаулы. Құлсарыдан жеткен хабарға қарағанда, «Жылыойгаз» мекемесінің жетекшісі Ғалым Жақашев мәселе ТШО компаниясына тірелетіндігін айтады. Бұған не себеп? Инвестордың әр алты айда тарифті қайта саралайтын саясаты ма? Немесе басқа себебі бар ма?

Елбасы барлық деңгейдегі монополия мекемелерге коммуналдық қызмет құнын арзандатуды тапсырғанымен, соны «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы орындай қояр ма екен? Әлде оның құрамында отандық мұнайшылардың да үлесі барын ескерсек, жергілікті жұрттың қамын жеуге мүмкіндік туар ма? Балама ретінде Қашаған газын кәдеге жарату ықтимал ма?

Мұндай қадамға баруға да болар-ау. Бірақ, оның инфрақұрылымы о баста жасақталған жоқ қой. Енді тұрба тартып, құбыр құрастыру қыруар қаражатты қажет етеді. Алауларда ілеспе газды жағуға тыйым салынғалы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы да оны тұрмыстық сұранысқа пайдалана бастаған. Бірер ауданның бірнеше елді мекенін қамтып отыр.

Азғырдағы он елді мекенге тартылып жатқан табиғи газ құбырының ұзындығы – 365 км. Жобаның құны – 10 млрд. теңге

Рас, ТШО тәрізді мықты монополия мекемеге бәсекелес болуға әзірге ерте. Әйтсе де, естуімізше, бұлардың халыққа ұсынып отырған өнімі арзан секілді. Атырау халқының 96,8 пайызы табиғи газды тұтынады. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткішті 99,2 пайызға жеткізу жоспарланған. Яғни, аймақта 145 елді мекен қамтылады. Алдыңғы жылы алыстағы Азғырдың он ауылына «көгілдір отын» жеткізу әрекеті басталды.

Кешенді құрылыс НКОК компаниясының қаражатына салынуда. Жобаның жалпы құны – 10 млрд. теңге. Ен даланы шарлаған құбырдың ұзындығы – 365 шақырым. Осы іргелі іс мәреге жеткенде облыстың тағы да 7400 тұрғыны табиғи газды тұтынатын болады. Сөйтіп, «көгілдір отынды» өз үйлерінде маздатып жағатындар үлесі 99,6 пайызға жетпек. Жақсы жетістік емес пе?

Рас, кейбір халық саны тым аз елді мекендер мәселесі қоса шешілгені жөн еді. Мәселен, жақында «Атырау» газетіне шағымданған Кенбай ауылының тұрғындары көптен бері «көгілдір отын» күтеді. Іргеден өтіп жатқан игілікке қол жеткізе алмағандарына налиды. Өкінішті-ақ, әрине.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

P.S.

Міне, Қазақ газының бір пұшпағын ғана тілге тиек еттік. Аға ұрпақ жадында шығар, сонау жылдары Атырау халқы, әсіресе, Жылыой жұртшылығы Теңіз кенішінен шығып жатқан ілеспе газды тұрғындарға тегін таратуды талап еткен-ді. Әрине, мүмкін емес жағдай ғой. Өйткені, өнім – инвестордың меншігі. Түскен табысынан елімізге тиісті төлемдерін төлеп тұрса, соны да қанағат тұтамыз. Сайып келгенде, нарықтық қатынастарға қадам басып, әлемдік байланыстарға бет бұрған екенбіз, соның ережесіне көнуге тура келеді. «Өз өніміміз өзімізге неге бұйырмайды?» деп тулап жүргендерді сабырға шақырғанда да осы қағида алға тартылады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз