Қашықтан оқыту: Қалай жүзеге асады?

Білім Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/11 тамыз, 2020 жыл. Аз уақыттан соң жаңа оқу жылы басталады. Әлемдік дәрежеде өмір сүру принциптеріне өзгеріс енгізіп, қалыптасқан қай-қай қағидатты да өз ығына жығылдырған кесірлі кесел оқу үрдісін де айналып өтпеді. Төртінші тоқсанды тәмамдар тұста қатаңдатылған карантин шараларының енгізілуіне орай, қашықтан оқу тәсілі таңдалды. Қазақстан бойынша барлық мектеп, оқу орындары онлайнға ауысып, оқу жылын осы әдіспен аяқтаған болатын. Енді міне, жазғы каникулдан соң, бәрі де бұрынғы қалыпқа келер деген көптің үміті ақталмады. Дерт айылын жиғанымен, бұрынғы тірлікке тап басып орала алмайтынымыз анық болды. Балалардың қауіпсіз өмірін басты ұстаным еткендіктен жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқу туралы тиісті бұйрық бекітіліп, дайындық жұмыстары басталды. Бірыңғай оқу платформасы ретінде таңдалған «Zoom» бағдарламасындағы қиындықтар, шалғай ауыл тұрмақ, қала іргесіндегі елді мекендердегі интернет жылдамдығының төмендігі көп мәселеге күрмеу болды. Енді міне, нақты осынау оқу жүйесі таңдалғандықтан, қазіргі уақытта сол олқылықтарды болдырмай, оқу үрдісінің тиімді де жеңіл болуы бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Мұқтаждарға – 500 мың компьютер

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен таяуда өткен Үкіметтің селекторлық отырысында жаңа 20202021 оқу жылының басталуына дайындық мəселесі қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрінің бірінші орынбасары Бағдат Мусин баяндады.

Жаңа оқу жылында Қазақстанның 7 391 мектебінде 3,3 млн-нан астам, оның ішінде 1 сыныпта 396 мыңнан астам бала білім алады. Қазіргі жағдайда оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан оқу форматында өтеді. Оқытудың дəстүрлі түрі барлық санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сондай-ақ бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында сақталады. Үкімет басшысы оқыту əдістемесін толық пысықтап, биылғы 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырды.

– Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ əкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету мəселесін пысықтасын, – деді Асқар Мамин. Премьер-Министр Білім жəне ғылым министрлігіне əкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен педагогтардың оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернетплатформаларда жəне теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Оқулықтар 25 тамызға дейін беріледі. Оның қағаз жүзіндегі нұсқаларының бəрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс, олар қолжетімді болуы қажет. Цифрлық даму министрлігіне əкімдіктермен жəне байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету тапсырылды. Əкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне оқытуды дəстүрлі ашық түрде жалғастыратын бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында жəне шағын мектептерде санитариялықэпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Интернет – басты талап

Ең алдымен, интернет жүйесінің кемшіліксіз жұмыс жасауы маңызды. Бұл – оқушы үшін де, мұғалімдер үшін де ең басты өлшем. Өткен оқу жылы аяқталар тұста басымыздан өткен тəжірибеге сүйенсек, бір уақытта үйде отырған барлық оқушымен тілдесіп, кері байланыс орнату, «Балапан» арнасы арқылы түсіндірілген сабақтарды пысықтау үшін ғаламтордың басты талап болғаны сөзсіз. Ал, биыл бұл мəселе аясында қандай жұмыстар атқарылуда?

Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің бірінші вицеминистрі Бағдат Мусин осы тақырыпқа қатысты арнайы өткізілген Үкіметтің кезекті мəжілісінде оқу жылына дайындық мəселесі бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, 1 қыркүйекке дейін 97 ауыл, ал, жыл соңына дейін 928 ауыл оптикалық-талшықты байланыс арнасына қосылады. Осылайша, халық саны 250-ден асатын барлық ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Бағдат Мусин «Zoom»-ға қатысты мəселеге орай да пікір білдірді.

– Аталған бағдарламаға байланысты көптеген пікірлер мен наразылықтар айтылды. Білім беру платформасын əзірлеушілермен кеңес өткізіп, платформаны өңірлердегі мəліметтерді өңдеу орталықтарына бөліп орналастыру туралы шешім қабылдадық. Бұл интернет жүктемесін азайтуға, сондайақ, «open source» технологиясын қолдана отырып, білім беру платформаларында бейнеконференц байланысты өрістетуге мүмкіндік береді. Бұрын бəрі орталықтандырылған еді жəне интернет-трафиктің бір жерге жиналуы қиындық тудырды. Интернеттің сапасын жақсарту бойынша қосымша іс-шаралар жүргізілуде. Радиожиілік спектрі тек Нұр-Сұлтан, Алматы жəне Шымкент қалаларында талдау жасалды. Оның негізінде біз қосымша антенна-діңгек құрылыстарын орнату жəне электр қуатын беру қажет болатын нақты локацияларды анықтадық. Осылайша, сигнал əлсіз аймақтар бойынша мəселе шешілетін болады. Елімізде осындай радиожиілік спектрін өлшейтін жылжымалы кешеннің екеуі ғана бар. Барлық өңірдегі байланыс сапасын бақылауды қамтамасыз ету үшін осындай 17 кешен қажет. Интернетпен толық қамту үшін жергілікті атқарушы орындар, байланыс операторлары жəне осы салаға жетекшілік етіп отырған біздің министрлік бірлесіп, жұмысты ары қарай жалғастырамыз, – деген Бағдат Мусин елді мекендерді интернетпен қамту бойынша жұмыс жоспары жасақталып, соған сай жұмыстардың жасалып жатқанын атап өтті. Бұл мəселенің қай-қайсысы да министрлік өкілінің жеке бақылауында болмақ.

Ал, сіз дайынсыз ба?

Бұл бағыттағы тиімді нəтижеге, яғни, сапалы білім мен оқушы үлгерімін, сабаққа қатысын қадағалауға бағытталған жалпыреспубликалық жұмыстар аз емес. Солардың бірі – педагогтарға арналған «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты тегін онлайнкурсы. Дəріс еліміздің барлық педагогтарын кезең-кезеңімен оқытуды қамтитын кестеге сəйкес ұйымдастырылуда. Əрбір мұғалім, оның ішінде жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарында оқитын студенттер де жыл соңына дейін осы курстан тегін өту мүмкіндігіне ие болады.

Курс бағдарламасы интернет сервистермен жұмыс істеу дағдыларын үйретуге бағытталған. Онлайнсабақтарды жоспарлау мен тарату, виртуалды мұғалімдер кабинетінде жұмыс істеу, қазақстандық білім беру платформаларында оқушылармен жəне олардың ата-аналарымен жұмыс істеуді ұйымдастыру дағдыларына, сонымен қатар, қашықтан оқыту форматының əдіснамасына, жаңа оқыту жағдайында бағалауға басты назар аударылады. Қатысушылардың білім алуда өз бетімен уақыт жəне жылдамдықты таңдай алуы үшін бейсинхронды форматта өтеді. Оны жасақтаушы авторлардың айтуынша, курс 18 мыңнан астам мектеп басшысы мен мұғалімнің онлайн сауалнамасы бойынша, сондай-ақ өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағы 300-ден аса онлайн сабақты бақылаудағы зерттеу нəтижесінде əзірленді.

Белгілі болғанындай, 1 қыркүйек – Білім күні де онлайн режимде өтеді. Ал, жаңа оқу жылына дейін атааналар мен балаларға үйде білім алу мəселелері бойынша арнайы сабақтар ұйымдастырылмақ. – Ата-аналар мен оқушылар үшін əдістемелік қолдау көрсету өте маңызды. Біз бұны төртінші тоқсанның нəтижесінде көрдік. Сол себепті тамызда балаларға жəне ата-аналарға үйде қалай оқу керек, гигиена негіздері, кибермəдениет, интернет арқылы қалай оқу керек жəне дене жаттығуларының маңызы туралы сынып сағаттары, сонымен қатар, ата-аналар жиналысын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бір сыныпта – 15 бала Сонымен, орта білім беру мекемелеріндегі жоспарлы жұмыстар, жалпы өзгерістер қандай болмақ? Осы бағытқа ойыссақ. Білім жəне ғылым министрлігі таратқан мəліметке сүйенсек, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиологиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дəстүрлі түрде бастайды. Ал, бастауыш сынып оқушылары үшін, ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, «кезекші» сыныптар жұмыс істейтін болады. Бір сыныпта бала саны 15-тен аспауы тиіс. «Кезекші» сыныптарға өтініштер электронды түрде (сынып жетекшісі арқылы) қабылданады. Қашықтан оқыту форматында – 2,6 млн. (79%), кезекші сыныптарда – 530 мың (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп күтілуде.

Негізгі жазбамыз мектептерге қатысты болғанымен, өзге де салалық өзгерістер туралы қысқаша айта кетелік. Мəселен, мектепке дейінгі ұйымдар бойынша ата-аналардың қалауына сай, балалар кезекші топтарға қабылданады. Бұл топтарда бала саны 15-тен аспауы тиіс. Қосымша білім беру ұйымдары да бүгінгі таңда оқушылар мен атааналар үшін де тиімді тəсіл ретінде кең қолданыста. Шектеу жағдайларына орай, олардың жұмыстары қалай жүргізілмек? Министрлік мəліметі бойынша, балаларды оқыту атааналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тəртіппен ұйымдастырылады. Шағын топтардағы бала саны 5-тен аспауы тиіс.

2768 отбасыға интернет

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 2700-ден астам атыраулық жанұяға жоғары жылдамдықты интернет желісі жеткізілмек. Компьютер, ноутбук сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етілмеген отбасыларға арнайы жасақталған тізімге сай, аталған құрылғыларды беру үрдісі бастау алды. Ал, қала маңындағы интернет мүлдем жеткізілмеген жаңа мөлтекаудандарды желіге қосу мəселесі – күн тəртібінде. – Қазіргі таңда біздер интернетке қосылмаған қанша отбасы барын нақтылау мақсатында арнайы есеп жүргіздік. Нəтижесінде 2768 үйде жоғы анықталды. Олар үшін арнайы wi-fi роутерлер сатып алып, мəселені шешуді қарастырудамыз, – деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шаңгереева. Аталған бөлім жетекшісінің айтуынша, кезекші сыныптарға қатысу үшін ата-аналары жұмыс орнынан сəйкесінше анықтама алып келуі керек.

Басты талап – санитарлық ережені сақтау

Мектептердегі кезекші сыныптар мен шалғайдағы шағын мектептер жұмысы қалай ұйымдастырылмақ? Облыстық коммуникациялар қызметі таратқан деректерді келтірсек. Облыстың 5 ауданында, атап айтсақ Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет, Исатай жəне Индер аудандарында 26 шағын жинақты мектеп бар. Ондағы оқушы саны – 1853. Балалар бір кабинетте 10-15 адамнан ауысым бойынша оқиды, оқушылар үзіліске əртүрлі уақытта шығады. Сондай-ақ, мектепке кірер алдында əр оқушының температурасы өлшенетін болады. Жалпы, облыс бойынша жаңа оқу жылында 131 мыңнан астам оқушы білім алады. Неліктен 1-4 сынып оқушылары үшін арнайы сыныптар жасақталуда?

Министр бұл ережені бастауыш сынып деңгейіндегі балалардың өздігінен білім алу дағдыларының бекітілмегенімен, жазу жəне оқу дағдылары толық қалыптаспағандығымен түсіндіреді, сондықтан оларға қашықтан үйрену қиынырақ. Білім жəне ғылым министрлігінің алдын-ала мəліметтері бойынша, 530 мың бала кезекші сыныптарда оқиды. Министр мұндай оқу режимі кезінде санитарлық талап қатаң сақталатынын айтты. Оның ішінде сабақтар қатаң түрде бір мұғалімнің қатысуымен бір кабинетте өткізіледі.

Тиімді тариф. Айына – 990 теңге

Жақында оқушылар мен студенттерге арналған арнайы тарифтік жоспар іске қосылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Бағдат Мусин хабарлады.

«Тамыз айының 20-нан кейін мұғалімдерге, оқушылар мен студенттерге арналған «Білім» арнайы тарифтік жоспары қолжетімді болады. Бұл мəселені Білім жəне ғылым министрлігімен жəне байланыс операторларымен бірлесіп, қазақстандық білім беру ресурстарына шектеусіз қосылуды қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. «Білім» арнайы тарифінің абоненттік төлемі – айына 990 теңге.

Бұл тарифтік жоспар қазақстандық бейнеконференция байланыс жүйелерін қоса алғанда, БҒМ мақұлдаған 380 отандық білім беру ресурсын шектеусіз пайдалануға мүмкіндік береді. Сондайақ, байланыс операторлары қосымша 1 ГБ интернет трафигін ұсынады. Сонымен қатар, тіркелген байланыс операторларымен бірлесіп, мектептерде интернет жылдамдығын 8 Мбит/ сек дейін арттыру бойынша талдау жұмыстары жүргізілді» деді ол.

ТҮЙІН:

Қалай десек те, қазіргі ахуалдың ертеңгі күні қалай белең алары беймәлім. Сондықтан, кезіккен кез келген мәселені оңтайлы шешуге бірлесе ұмтылу тиімді нәтижеге бастайды. Білім алу, сабақ үлгерімінің төмендемеуі, мектеп бағдарламасын толықтай меңгеру. Бұл – қай уақытта да жүктелер негізгі міндет. Бүгінгідей қиын ахуал орын алған кезде де, бұл меже орындалуы тиіс, басты бағыттың бірі болып табылады. ­Өйткені, білімді ұрпақ – ел ертеңі. Ендеше, жаңа оқу жылымыз табысты, кемшіліксіз, сапалы болғай!

Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған