«Қарғаларымнан бір хабар болмады-ау!..»

snimok 4 Жаңалықтар

Atr.kz/29 маусым, 2020 жыл. Болат Хангерейұлы – кешегі сұм соғыстың ызғары мен қайғы- қасіретін әуелі сәби жүрегінен, сосын бала жанынан көктей өткізген ұрпақтың өкілі. Олай дейтініміз, төрт жасында «соғыс» деген сөзді естіді, ал, 1942 жылы беске толып, ол тажалға әкесінің аттанып бара жатқанында «әкелеп» соңынан шырылдап жүріп, анасына ұстатпай, қолды-аяққа тұрмай жылағанын өмірі ұмытпайды…

Бір әулеттің бас көтерген бес азаматы соғысқа алынып, отба­сында әйелдер мен балалар қалған қиын шақта Халима әжей сияқты қажырлы аналардың қиындыққа қаймықпай қарсы тұрған қайсарлығы да кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық асыл қасиет.

 – Соғыстың ауыртпалығынан тоз- тоз болып кетпегенімізге Халима әжемнің ықпалы мол болды деп білемін. Қазақтың құрыштан құйғандай осындай әйелдерінің арқасында та­лай шаңырақ соғыс соққан дауыл­дан шайқалса да, ортасына түспей, аман қалған ғой деп ойлаймын осы күнде…. Халима әжеміз – қатал адам, тіпті анау-мынау еркегіңізді жолда қалдыратын батыр мінезді жан десем, еш артықтығы жоқ. Мүмкін, бес ұлы бірдей қан қасаптан қайтпай қалғанда сынып түссе, біздерді тентіреп кетеді деп ойлады ма екен…

Мен есімді біле бастағанда «Жан­герей – атаң, Сәлімгерей – папаң, Дәулеткерей – ағаң, Әділгерей – кен­же ағаң! Осылай деп атайсың! Үйдегі басқалары да оларды осылай атайды» деп шегелеген үні бала санамда өмір бойы өшпестей жазылып қалыпты. Маған кейде әкем Хангерейді төрт бауырымен бірдей соғыс жалмағанда Құдай Тағала асыл әжемізді солардың орнына тастап кеткендей, оған біз өсіп- өніп кеткенше ұзақ өмір беріп, жасы 103-ке келетін ғұмыр сыйлағандай болады да тұрады. Иә, әжем 103-ке келгеніне қарамастан, тың жүр еді. Аяулы өз анам, соғыс жесірі, келіні Уазипа қайтыс болғаннан кейін 18 күн өткенде кәрі жүрек шыдай алмады ма, морт сынды, 1976 жылы өмірден өтті.

Менің еміс-еміс есімде қалғаны – Мәстексайдан 3-4 шақырым жерде Буденный колхозының егіс бри­гадасы жатқан Таймас деген жер­де Жангерей атам соғыста жүрген інілері Хангерейдің, Сәлімгерейдің жанұяларын, бала-шағасын бәрі бірге болсын деп, бір шаңырақтың астына жинап орналастырды да, 1943 жылы соғысқа аттанып кете барды. Бұл кез­де інілері Әділгерей мен Дәулеткерей 1939 жылы әскерге алынған жағынан соғысқа кіріп кеткен еді. Кейін бұл екеуінен де қоса қабат «қара қағаз» келді. Талай рет әжемнің осы екі баласының майданнан жазған хаттары мен суреттерін ақтарып, «Қос қарағым- ай» деп көз жасын төгіп отырғанын байқап қалып жүрдім. Ол кезде қалған үш ұлы соғыста жүрсе де, жаманат ха­бар жоқ еді.

Әлгіндей жылап отырған үстіне барып қалғанымызда бізге көз жасын көрсетпеуге тырысып, ештеңе болмағандай, бойын қатайтып ала қоятын. Мен көргенімді кешке жұмыстан сілелеп, шаршап келетін анама оңашалап айтсам, «Енді не істейін?» деп анам да оңашаға кетіп, көз жасына ерік беретін. Бара-бара әжемнің жылап отырғанын көріп қалсам да, өз анама айтпайтын бол­дым. Осылайша, сұм соғыстың ызғары менің де балалық жүрегіме ерте түсіп, мұз болып қата беріпті ғой. Сөйтіп, біз құсаған соғыс жетімектерін ерте есейткен.

Айтып-айтпай не керек, сұм соғыс біздің шаңырақты есеңгіретіп кетті. Бірінің соңынан бірі аттанған ағайынды Жақашевтардың бесеуі де сол қырғыннан оралмады. Соғысқа дейін өз қызығы өзінде, өздеріне тән шаттығы шалқып, жағалары жайлау­да жататын бес үйдің бес тіреуі қатар опырылып түсіп, әжем бастаған ылғи әйел, бес шаңырақтың үйелмелі- сүйелмелі ұл-қыздары ұлардай шулап қала барды. Сол бес тіреудің орнында жалғыз діңгек болып, аруағыңнан айналайын, менің асыл әжем Халима қалып еді-ау.

 Оң мен солымды анық ажырататын жасқа жеткен кезімде маған былай деп еді: «Әкең соғысқа 1942 жылдың қаңтар айында Буденный атындағы колхоздың ферма меңгерушісі қызметін атқарып жүрген жерінен аттанды. Мен ол кезде Қазталовтың Березинінде мектеп директоры болған балам Сәлімгерейдің үйінде едім. Әкең Алғайға пойызға кетіп бара жатқанда жолшы­бай маған соғып, қоштасып аттанды. Кетерінде жарығым былай деді: «Мама, мен аттанып барамын… Болатым өзіңе аманат… Уазипаның мінезі өзіңізге мәлім ғой, ашуы келгенде ұрып-соғып тастамасын, менен қалып бара жатқан ұрпақ қой… Жұмазиям (менің жалғыз қарындасымды айтқаны ғой) Уазипаның өзіне аманат. Сәлімгерейге де кешікпей шақырту келетін сияқты. Бәріңіз бір үйде болыңыздар, мынау соғыстан ораламын ба, оралмаймын ба, бір Алла біледі. Барлығы өзіңізге аманат…».

Содан бір-екі күн өткенде Сәлімгерей көкеме де шақырту келіпті. Одан әрі әжем: «Ендігі жүк тайлаққа қалды» дегендей, барлық ауыртпалық маған, 71-дегі кемпірге қалды. Белді бекем буып, Жангерей ол кезде әлі ауыл­да, Березиннен келіндерім Сәжида мен Мариямды алдырып, Ұмсындық келінім және бар, олардан көрінген 7 немереммен Мәстексайдан 3-4 шақырымдай Таймастағы егіс бригада­сы орналасқан мына жерде содан бері тұрып жатырмыз» – дегені әлі күнге құлағымда. Бұл әңгімені әжем маған 50-ші жылдардың басында айтып еді.

Айтпақшы, 6-7 жастағы кезімде Халима әжем жаз бойы ертеңгісін ертемен күнде мені жетектеп, жаңағы 3-4 шақырым жердегі  Мәстексайға, поштаға жаяулап ба­рып қайтатынымыз әлі есімде. Пошта бастығына «Кастошка, балаларым­нан не хабар бар?» (Константин – қазақшаға судай орыс аға) дейтін. Хат-хабар болмаса, бағанағы құстай ұшып жеткен 3-4 шақырым жердегі Таймасқа кері қарай титықтап әрең келетінбіз. Сондай күндерде бізге көрсетпей, балаларының суретін кеудесіне басып, «Қарғаларымнан бір хабар болмады-ау!..» деп оңаша бөлмеде бізге білдірмей күңіренетін асыл әжемнің үні құлағымда әлі тұр…

Енді Жақашевтардың бес боздағын атап өтейік: Жангерей (1900 жылы туылған, 1942 жылы әскерге шақырылған), Хангерей (1905 жылғы, 1942 жылы 29 қаңтарда Жаңақала әскери комиссариа­тынан алынған), Сәлімгерей (1911 жылғы, Қазталовтан шақырылған, Сталинград майданында қаза тапқан), 1917 жылғы Дәулеткерей мен 1919 жылғы Әділгерей Киевте әскери борышын өтеп, соғыс ұрыстарына кіріскен. Соңғы екеуінің арттарында ұрпақ та қалмаған. Қысқаша ғана мәлімет. Бесеудің үшеуіне қатысты «хабар-ошарсыз кетті» деген анықтама келген.

Болат ХАНГЕРЕЕВ

***

Біздің арғы атамыз – Сәлімгерей Сталинград түбіндегі қанды шайқаста хабарсыз кеткенін әжеміз Мәрия Сәлімгерейқызы әңгімелеп берген. Жақашев Сәлімгерей Батыс Қазақстан облысы Жанғала ауданынан 1943 жылы маусым айында соғысқа аттанған.

Атамыз соғысқа алынғанға дейін ауыл мектебінде алдымен мұғалім, кейін директор болып еңбек еткен, артында анасы, жұбайы мен кішкентай қызы – біздің әжеміз Мәрия қалған.

Екінші дүниежүзілік соғыста атамыздың әкесі, бауырлары Хангерей, Дәулеткерей, Әділгерейлер де Отан үшін опат болған. Біз ұрпақтары үшін жанын пида еткен бабаларымызды ешқашан ұмытпаймыз.

Жалғас САЛАМАТОВ,

Алтынай МҰҚАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз