Қандайсың, Атырау боксы?

prarara 1 Жаңалықтар

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Бокс. Бүгінгі күні еліміздегі нөмірі бірінші спорт түрі деп көпшілік осы боксты айтып жатады. Оның өзіндік себебі де бар. Қазақстанымыз өз алдына егемендік алғалы бері біртұтас құрама есебінде жазғы Олимпиада ойындарына алты рет қатысып, осы төрт жылда бір өткізілетін байрақты бәсекелердің қай-қайсысынан да былғары қолғап шеберлеріміз Олимпиада алтынынсыз оралмапты.

Жалғасы үзілмегір осы бір жеңісті жолды сонау 1996 жылғы Атлантада өткен Олимпиадада Василий Жиров бастаған екен. Ал, 2000 жылы Сиднейде өткен төрт жылдық бәсекесінде Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов жасындай жарқылдаса, 2004 жылы Афинада өткен Олимпиадада Бақтияр Артаев алтыннан алқа тағынды. Одан соң, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаевтың бағы жанса, 2012 жылы Лондонда сәттілік Серік Сапиевтің жағында болды.

Соңғы, 2016 жылы Риода өткен сында Данияр Елеусінов алдыңғы буынның салған сара жолын жалғастырды. Ендігі тілеріміз, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадада да осы үрдіс қайталанып, алтын ауламыздан алыстамай, абыройымыз одан әрі асқақтай берсе дейміз.

«Елдің атын ер шығарады» дегендей, ел намысын қорғап жүрген әрбір қазақстандықтың жеңісі бәріміз үшін ортақ қуаныш болғанымен, ел байрағының биікке көтерілуіне себепші болған азаматтың өзіңе жақын өлкеден шыққанын, өз жеріңнің абыройын асқақтатқанын әркімақ қалайды. Осындайда, «осы тәрізді чемпиондар Атырау өңірінен неге шықпайды?» деген ойға қаласың.

Атам қазақ: «Кіші жүздің баласын – қару бер де жауға қой» демеуші ме еді. Сол қанға біткен батырлық, қайсарлық, өжеттік сынды қасиеттеріміз қайда қалды? Бәсекеге қосқан боксшыларымыздың бойынан бабалар айтқан ерекшеліктердің көрінбеуінің, д о д а л а р д а ғ ы б а с т ы жүлдегерлердің қатарында болмауының себебі неде?

Балғындарымыздың бабы келіспей, бағы жанбай жүр ме? Әлде, дайындық жүргізу тәсілдеріміз дамымай, бапкерлеріміз жеңімпаз дайындайтын деңгейге жете алмай жатыр ма? Сонау кеңес кезеңіндегі сексенінші жылдары осы спорт түрінің дамуы мұнайлы өлкемізде ерекше болған тәрізді. Бұлай дейтін себебіміз, сол тұста қаламыздағы арнайы спорт мектептерінен бөлек кейбір орта білім беретін мектептердің жанынан бокс секциялары ашылып, көпшілік арасында бокспен жаппай айналысу жағдайлары белең алды.

Бұған қоса, Авангард шағын ауданындағы №3 орта мектепте бокс секциясынан бөлек, арнайы бокс сыныптары жұмыс жасап, ұзақ жыл балғын боксшыларды тәрбиеледі. Сол кезде, әр жыл сайын бокс сыныбында оқуға ниет білдірген жүзге жуық бала іріктеліп, тек соның 24-і ғана арнайы сыныпқа қабылданатын болған. Олар әр оқу күнін таңғы жетіде, екі сағатқа созылатын спорттық жаттығулармен бастап, одан соң көпшілікпен бірдей білім нәрімен сусындап отырған.

Спорт сыныбындағыларға үш мезгіл тамағы беріліп, сабағына дайындалуға уақыт бөлінген. Кешкілік мезгілде тағы да екі сағаттық жаттығулар өткізіліп тұрған. Осылайша ден қоюдың әсерінен, осы мектептен Шамиль Мусағалиев, Сергей Демидов, Андрей Горбачев тәрізді Кеңес одағының спорт шеберлері шықты. Сол жылдары облыс аумағында Геннадий Листкин, Виктор Чегрин сынды спорт шеберлерінің есімдері жұртшылықтың аузында жүрді.

Ал, осылардың ішінде жергілікті бокс мектебінен шыққан шеберлердің ең үздігі, әрине, өз спорттық карьерасында бес дүркін Кеңес одағының чемпионы, жеті дүркін Қазақстан чемпионы атанған Болат Теміровтың шоқтығы биік болғаны рас. Себебі, мамандардың айтуы бойынша кеңес одағы кезінде біріншілікті жеңуден гөрі, Еуропа, Азия біріншіліктерінде жеңімпаз атану оңайырақ болған.

Осыған қарапақ, біздегі жергілікті бокс мектебінің қаншалықты мықты болғанын топшылауға болатын секілді. Иә, бұл сол кездердегі жетістіктер, сол уақыттарда тынымсыз атқарылған мол еңбектің жемісі еді. Дегенмен, Тәуелсіз ел атанған жылдардан бері қарай да өңіріміздегі бокс мектебі тоқырап қалмай, одан әрі дамып, спортшыларымыз Олимпиада мен Әлем біріншіліктерінде бақтарын сынамаса да талай ірілі халықаралық жарыстар мен турнирлердің жеңімпаздары атанып, абыройымызды асқақтатты.

Атап айтар болсақ, Бейжің Олимпиадасына баруға бірден-бір үміткерлердің қатарында болған жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері Владимир Ульянов, әскерилер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Мұратов, жастар арасында Азия чемпионатының жүлдегерлері Айдос Дәулетов, Қазыбек Сапанов, әр жылдары Қазақстан чемпионы атанған Асхат Сыдықов (2005), Мұхтар Смағұлов (2005), Ержан Ордабаев (2013), Рахман Әлжановтар (2015) өздерінің жарқын жеңістерімен жұртшылықтың ризашылығына бөленді.

Ал, қазіргі таңдағы Атырау боксы қандай? Ауыз толтырып айтатындай көрсеткіштер бар ма? Жалпы, осы спорт түрінің өңіріміздегі даму барысы қалай? Осы және жоғарыда айтып өткен сұрақтарымызды бокстан облыстық мамандандырылған
спорттық клубының директоры Азат Казихановқа қойғанымызда, өзі де кезінде Бақыт Сәрсекбаев, Бақтияр Артаев, Владимир Ульянов сынды былғары қолғап шеберлерімен қолғап түйістірген, бокстың
жілігін шағып, майын ішкен білікті маман бізді толғандырған жайттарға қатысты толыққанды жауаптарын берді.

Оның айтуынша, 2018 жылы өңірімізде бокстан 43 топтық секция қызмет көрсетіп, арнайы мамандандырылған 18 жаттықтырушы сол топтардағы 510 спортшыға рингте жұдырықтасудың қыр-сырын үйретті. Биылғы жылы спорттық клубтың өзінде 15 топ бекітіліп, оларда 171 спортшы тіркелді.

Сондай-ақ, қаламыздың әр түкпіріндегі спорттық кешендер мен арнайы залдарда орын тепкен кез келген жаттығу орны бүгінгі күні дайындыққа қажетті барлық жабдық түрімен қамтамасыз етіліп, барлығында спортшылардың дайындық өткізуіне қолайлы жағдай жасалған. Осы жерлерде тәрбиеленуші әрбір спортшы әр жаттығуға тыңғылықты қатысып, алдағы жарыстарынан жеңіспен оралуына қажетті күш-жігерді бойларына сіңіруде.

– Иә, расымен де, кей кездерде бапкерлердің сан түрлі тәлімдері мен спортшылардың жаттығу барысында төккен тері ақталмай, жарыс барысында шеберлеріміздің бабы келіскенмен бағы шаппай, сәтсіздік орын алып жатады. Еліміздегі боксшылардың негізгі көрсеткішін анықтап беретін Қазақстан чемпионатында Атырау былғары қолғап шеберлері, өкінішке орай, екі жыл қатарынан жоғарғы нәтижеге қол жеткізе алмай келеді.

Ерлер арасындағы былтырғы Ақтау қаласында өткен ел біріншілігіне апарған он жігітіміздің үшеуі ғана ширек финалға дейін жетіп, жүлделі орынға бір қадам қалғанда сүрінді. 69 келі салмақта өнер көрсеткен Бекболат Құрамысов пен 75 келіде жұдырықтасқан Амандық Манашев соңғы кездесулерін жергілікті спортшылармен өткізді. Қос кездесу барысында да рингте боксшылардың бір-бірінен аса басымдылығы аңғарылмады, дейтұрғанмен, төрешілер ақтаулық өрендерді жеңімпаз деп танып жатты.

Ал, 60 келіде бағын сынаған Асылхан Ұзақбаев ұлттық құраманың негізгі боксшыларының бірі, осы біріншілікте чемпион болған Закир Сафиуллинмен кездесіп, тең дәрежедегі өткен бәсекеде қарсыластың осыған дейін жеткен жетістігінің даңқы роль ойнады ма, нәтижеде тағы да өзге облыс өкілі келесі айналымға өтті. Осылайша, сәттілік жетіспей, қоржынымыз бос қайтты.

Солай бола тұра, сол мезетте Қазақстан ұлттық құраманың бас бапкері болған Мырзағали Айтжанов атыраулық Бекболат Құрамысов, Амандық Манашев, Нұрбол Алтаев сынды үш боксшымызды ұлттық құраманың тізіміне енгізді, – деді Азат Тағыбергенұлы.

Иә, спорт жеңістер мен жеңілістерден тұрады. Бәйгеге қосқан атымыз бір сыннан сүрініп жатса, мойымай, алдағы болатын аламандардан үміт күтетін жақсы қасиетіміз бар емес пе еді?! Ендеше, үміт үзбейік. Әлем және Олимп шыңын бағындыратын боксшылар біздің өңірден де шығып қалар. Ол үшін қолда барымызды одан әрі дамыта берейік, балғындарымызды баули берейік дегіміз келеді. Жеңісті күндеріміз жақын болсын, ағайын!

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

*Сіз не дейсіз?

Айдос ДӘУЛЕТОВ,

бокстан облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Өзім жасөспірім боксшыларды 2016 жылдан бері жаттықтырып келемін. Содан бергі уақытта 2017 жылғы Қазақстан чемпионатында Сәлімжан Сәлімгереев пен Алихан Сембай деген шәкірттеріміз чемпион атанса, былтырғы біріншілікте Аманат Сабырғали алтыннан алқа тағынды.

2017 жылға дейін бізде ел біріншілігін тек 2009 жылы бір боксшы алған, ал, қос боксшының жеңімпаз атануы сонау 2001 жылы ғана болған екен. Сол жетістік 2017 жылы тағы қайталанды. Ал, былтырғы чемпионымыз (Аманат Сабырғали) сонымен қатар өткен жылы Сербия, Венгрия, Болгария елдерінде өткен ірі халықаралық жарыстарда алдына жан салмады.

Бұлардан бөлек, өздерінің болашағынан үміт күттіретін Нұрбек Тайшыбаев, Бекзат Бітімов, Бекзат Қонысбай, Бейбарыс Заир, Михайл Черкашенинов, Айхан Жұмагереев, Бекзат Мажитов, Рахим Бекқалиев сынды саңлақтарымыз да түрлі жарыстарда топ жарып жүр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз