Қалаға канал керек пе?

bbbbbbbbbbbbbb — kopiya Жаңалықтар

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Ерік-Мостовой каналының тағдыры талқыға түсіп жатыр. Қала әкімдігі «Атырау Цифрлық Қабылдау» қосымшасы арқылы тұрғындар арасында сауалнама жүргізуде. Мұнда мәселені шешудің түрлі жолдары айтылды.

«Каналды бұрынғысынша қалдыру керек», «Жаяу жүргіншілер, велосипедшілер жолағын салу» және «Автокөлік жолын салу» деген үш нұсқа көбірек талқылануда.

Жұрт ерекше қолдау білдірген канал орнына автокөлік жолын салу болжамының жүзеге асырылуы мүмкін бе? Біз осы сұрақты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет ОРАЗҒАЛИЕВКЕ қойдық.

Ерік каналын қалпына келтіру туралы әңгіме осыдан қырық жыл бұрын көтерілді. Бұл 2001 жылы қолға алынып, жүзеге аса бастады. Сол жолы «ПИИ «Атырауводпроект» ЖШС Ерік–Мостовой каналының жұмыс жобасын жасақтап қойды. Дегенмен, арада бір жыл өтпей жатып, оған өзгерістер енгізілді. Облыстық құрылыс және тұрғын үй, коммуналдықшаруашылық департаменті осы арқылы каналды Жайық өзеніне қосу туралы шешім қабылдады.

Соңында канал құрылысы тоқтап қалды. Істің мән-жайына қанық мамандар «қателік осы жерден жіберілді» деген ұстанымда. Олардың айтуынша, канал теңізге қосылғанында су табиғи түрде, өз арнасымен ағар еді. Тасқын кезіндегі көлденең оқиғалардың алдын алуға болатын.

Ал, өзенге жолай бағытталғандықтан, мәселе қиындай түседі. Суды канал арқылы жіберу үшін сорғыларды іске қосу, шығындалу қажет болары даусыз. Бүгінде оған қаражат бөлуге ешкімнің құлқы жоқ. Сонда қайтпек керек?

– Аталған каналды қандай мақсатта пайдалануға болады деген ұсыныстар қызу талқылануда. Соған байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Соның бірі – автокөлік жолын салу туралы бастама. Бұл мәселеге байланысты соңғы шешім қабылданған жоқ. Дегенмен, барлық ұсынысты таразыға тартып, халыққа пайдалы шешімге келеміз деген ойдамыз. Бұл уақытты талап ететіндіктен, оған асығыс жауап беруге болмайды, – деді Әсет Оразғалиев.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы «Атырау» газетінің тілшісімен қолға алынатын жаңа жоба туралы жаңалықпен бөлісті. Бұл қала ортасындағы бұрынғы темір жол бағытын автокөлік жолына айналдыруға байланысты бастама.

– Махамбет көшесіндегі бұрынғы резервке баратын теміржол желісі алынды. Оның орнына автокөлік жолын салу үшін жобалау жұмыстары жүруде. Әлі сараптамаға жіберіле қойған жоқ. Жоба жүзеге асқанда, көліктердің Махамбет көшесінен Сырым Датов көшесіне тікелей шығуына мүмкіндік туады, – деді құрылым жетекшісі.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз