Президент Сенаттың бұрынғы және жаңа спикері туралы өз ойын ашық білдірді

12636011 Жаңалықтар

Аtr.kz/4 мамыр, 2020 жыл. Президент Мәулен Әшімбаевтың түрлі салада жемісті жұмыс атқарғанын, оның кандидатурасы сенат төрағалығына лайықты екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты таныстырып, оған қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президент Әшімбаев мемлекет қызметінің қыр-сырын жетік меңгергенін, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді жұмыс атқарғанын атап өтті.

«Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан, бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ. Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын сенат төрағалығына лайықты деп санаймын», – деді Тоқаев сенаттың бүгінгі отырысында.

Осы орайда президент сенаттың бұрынғы спикері Дариға Назарбаеваның жұмысына да өз бағасын берді.

«Өздеріңізге мәлім, менің жарлығыммен сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Ол Сенат төрағасы ретінде бір жылдан астам белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Сол үшін Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдірдім», – деп атап көрсетті Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Мәулен Әшімбаев парламент сенатының депутаты болып тағайындалды. Артынша президент оның кандидатурасын спикер лауазымына ұсынды. Депутаттар оны бірауыздан мақұлдады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз