Президент карантиндегі мегаполистердің әкімдерімен видео кеңес өткізді

200318130757397a3626542i Жаңалықтар

Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдерімен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елордадағы қазіргі ахуал және коронавирустың таралуына қарсы карантин енгізілуіне байланысты қабылданған шаралар жайында есеп берді.

Президент қала тұрғындарын ең қажетті тауарлармен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарға қатысты туындаған мәселелерді тез арада шешіп, тиісті көмек көрсету керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируске қарсы күрестің маңыздылығын айта келе, қала тіршілігіндегі басқа да өзекті мәселелерді күн тәртібінен түсірмеуді, атап айтқанда, су тасқынын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының карантин енгізу жағдайына әзірлігі, қосымша дайындалған төсек-орындар саны, коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске қажетті барлық ресурстар мен құралдарды жұмылдыру туралы баяндады.

Мемлекет басшысы еліміздің ірі мегаполисін азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелердің шешілуіне ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бақытжан Сағынтаевқа Алматы облысының әкімімен бірлесіп Алматы қаласында жұмыс істейтін өңір тұрғындарының мегаполиске қатынау мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.

http://atr.kz/bez-rubriki/mamandar-қauipti-virustan-қorғanu-үshin-қoldy-қataң-tәrtippen-zhuuғa-keңes-beredi-video/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз