Премьер-министр «APECPetroTechnic» жоғары техникалық колледжінде болды (ФОТО/ВИДЕО)

EAC9003 Жаңалықтар

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірге келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев алдымен «APECPetroTechnic» Жоғары техникалық колледжінде ат басын бұрды. Сөйтіп, мұнай-газ саласының тізгінін ұстар болашақ мамандарды оқытудың заманауи бағыт-бағдарымен танысты.

_EAC9003

Ол осындағы жатақханаларды, мұнайгаз саласындағы химиялық және физикалық зертханаларды аралап, шеберхана ғимараттарын көрді. Аталған оқу орны 2012 жылдың соңынан бері алты мамандық бойынша мұнай-газ саласына кадр дайындаумен айналысып келеді. Мұнда мұнай мен газ өндіру технологиясы, кен орындарын пайдалану, бұрғылау, электрмен қамту, химиялық инжиниринг технологиясы мен «БӨА және А» инжинирингі технологиясы үйретіледі.

_EAC9093

Айта кетейік, оқыту ағылшын тілінде тегін мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүргізіледі. Одан басқа, студенттер мен оқытушыларға тұрғын үй де беріледі. Күндізгі оқыту бөлімінде 760 студент оқиды. Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру аясында адами капиталды дамыту, экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру – ҚР Үкіметі жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Оған қоса, бұл мәселеде қазақстандықтарға заманауи білім алуға және өз құзыреттіліктерін кеңейтуге жағдай тудыруға баса назар аударылады.

_EAC9058

Сонымен бірге, бүгін «Қашаған» кен орны нысандары тексеріліп, «D» жасанды аралы, «Болашақ» мұнай және газды қайта өңдеу зауыты, түйіршіктелген күкірт өндіру нысаны, «Нұрлы Жер» бағдарламасын іске асыру аясында көппәтерлі тұрғын үй құрылысы, Caspian Royal Fish балық өсіру кешені, Атырау қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы таныстырылуда. Сол сияқты, бүгін мұнай-газ саласы кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде ауқымды кеңес, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесулер өтеді.

_EAC9167

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз