Пойызға билет алу неге қиын?

пойызға билет алу Жаңалықтар

Оқырман қауымның қуанса да, көңілі құлазыса да ойын бөлісер ортасы – газет редакциясы. Сондай хатты газетіміздің байырғы оқырманы әрі тілшісі Өтеғали Сәттегі алып келген-ді. Автор өз хатында былай дейді:

пойызға билет алу

«Ақтау қаласында тұратын қарындасым шақырып, 24 сәуір күні ертемен билет алуға вокзалға бардым. Кассаға кезек талонмен жүретіндіктен электронды аппаратқа бет бұрдық. Ал, аппарат жұмыс жасамайтын болып шықты. Жұрт сапырылысып, ұзақ күтті. Бір мезетте маман келіп, әлгіні іске қосты. Сосын он шақтымызға талон алып берді…

Байқаймыз, вокзал басында касса көп. Бірақ, көбі – жекеменшік. Жекеменшік кассалар билеттің негізгі құнына үстеме ақша қосып сатады. Мәселен, Ақтауға баратын билет бағасының үстіне 300 теңге қосымша ақы алады. Үкіметтік кассалар: «Орталықпен байланыс жоқ!» – деп отырса, жекеменшік кассалар тоқтаусыз жұмыс жасайды. Бұл қалай сонда? Біздіңше, бұл – қолдан жасалып отырған құйтырқы әрекет, осындай жолмен өз қалталарын толтыру. Айтыңыздаршы, байланыс болмаса, барлық кассаның компьютерлері жаппай жасамай қалмай ма?!

Осы шағым хаттың негізінде Атырау темір жол вокзалына бардым. Вокзалда наурыз айынан бері  жөндеу жұмысы жүріп жатыр екен. Бірақ, кассалар жұмыс жасауда. Жолаушылармен тілдесіп,  касса жұмысы туралы пікірін сұрап көрдім. Олардың ойы да, жауабы да екіге бөлінді. Бірі жолға көп шықпайтынын айтса, енді бірі түрлі қиындыққа кезігетініне ренжулі. Ал, кассадағы кезек нөмірін алатын электронды қондырғы алдына келіп, оның қай тетігін басуды білмей, абдырап тұрған Зинаида Федоровна: «Қашан келсем де, көретінім осы. Маған көмектесер біреу бар ма?» – деп, жан-жағына қарады. Сөйтсе, қондырғы одан мықты білгіштерге де «үндемеді». Өйткені, жөндеу жұмыстарынан мұнда электр жарығы жиі өшеді. Қондырғы жарықсыз жұмыс істемейді. Осының бәрі жиналып келіп, онсыз да жүйкесі жұқарып жүрген көпшіліктің орынды ашу-ызасын тудырады.

Атырау телімі билет кассаларының меңгерушісі Лаура Досыбекованы әңгімеге тартқанымызда, ол мұндағы төрт кассаның ғана мемлекеттік, қалғаны жекеменшік екенін айта келіп:

– Бізде «ЭКСПО-2017» халық-аралық көрмесіне барам деушілерге 2399 теңгеден 4568 теңгеге дейін арнайы жеңілдікпен сатылатын билеттер бар. «Тұлпар-Тальго» пойыздарына жеңілдік түрлі дисконт карталары арқылы жүзеге асады. Жалпы темір жол билеттері жеті жасқа дейінгі балаға – тегін, 7-14 жас аралығындағыларға – билет құнының 50 пайызы. Төрт касса 15 минуттан кезектесіп, техникалық үзілісте болады. Үш касса тәулік бойы жұмыс жасайды. Кассирлердің бәрі тәжірибелі, тұтынушылармен қалай сөйлесу керектігін жақсы біледі. Осы кезге дейін олардың үстінен шағым айтып келушілер болмады.

Енді сіздің келу себебіңізге айтарым: хат авторы  мемлекеттік кассалар «жекеменшік кассаларға билеттерін беріп, үстеме ақшаға сатқызып, түскен пайданы өзара бөліседі» дейді. Олай істеуге біздің құқымыз жоқ. Себебі, олар – жекеменшік, өз иелері бар. Бұл кассалар тікелей Алматыға қарайды, бізге ешқандай қатысы жоқ.

Ал,  «Электронды кезек» жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты әлсін-әлсін үзіліп қала береді. Жасамай қалғанда, орталық сервер бағдарламасы өшіріліп кетеді. Арнайы маман жетем дегенше, жолаушылардың дегбірі қашады. Рас, қазір вокзалға келушілер, жолаушылар өте көп. Вокзал кассаларындағы ішінара қолайсыздықтар үшін көпшіліктің түсіністікпен қарауларын сұраймыз. Біздің қызметімізді таңдаған барша жанға сәтті сапар тілейміз! – деді.

«Жол азабын жүрген білер» демекші, жолаушылар тілегі де аяқсыз қалмауы тиіс. Мүмкін мемлекеттік кассалар санын көбейту керек пе, тығырықтан шығудың басқадай амалы бар ма – не болғанда да қазіргідей жаңа заманда барлығы да жеңіл әрі жедел болуы керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз