ПОЛИЦИЯНЫҢ ЕРЛІГІ

Маусымның 18-і күні ертеңгілік сағат сегіз шамасында 102 телефонына қоңырау шалған адам қаладағы Маслопром тұсында Жайық өзенінде қайық аударылып, адамдар суда қалғанын хабарлады. Арада төрт минут өтпей, оқиға орнына Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының құрамындағы жол-патрульдік полиция қызметкерлері, полиция аға сержанты Ерболат Досжанов, полиция сержанты Фархад Базарғалиев, полиция кіші сержанты Руслан Танашев бар – «Батыс» тобы келіп жетті.

Аударылған ілмелі моторы бар «Казанка» қайығынан өз күштерімен жағалауға шыққан үш азамат қатты қорыққандарынан сөйлеуге жағдайлары жоқ, ал, қастарында бірге болған азаматша бір батып, бір шығып, судан шыға алмай тұншығып барады. Осы сәтте полиция сержанты Фархад Базарғалиев ойланбастан өзенге секіріп, батып бара жатқан азаматшаға жармасып, жағалауға алып шықты. Полицейлер оларға алғашқы көмек көрсетті, іле-шала жеткен жедел жәрдем дәрігерлеріне табыс етті. Құтқарылған төрт адам да ауруханаға жеткізілді, оның үшеуі алғашқы көмектен соң үйлеріне жіберілді. Ал, 1993 жылы туған азаматша ауруханаға жатқызылды. Тексеру жұмыстарымен Атырау қалалық Ішкі істер басқармасы айналысуда.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз