Погон таққан перизат

пагон таккан перизат Жаңалықтар

Ішкі істер саласында ер азаматтармен бірге тәулікпен санаспай  қызмет атқарып келе жатқан қыз-келіншектер аз емес. Соның бірі – облыстық ІІД  Жергілікті полиция қызметінің құқық бұзушылықтардың алдын алуды ұйымдастыру бөлімінің кәмелетке толмағандар тобының аға инспекторы,  полиция майоры Орынгүл Көшқалиева.

пагон таккан перизат

Индер ауданының тумасы алғашқы еңбек жолын қалалық ІІБ медициналық айықтыру бөлімінде фельдшер-нарколог болып бастады. Міндеті – айықтырғышқа жеткізілген адамдардың  мастығын айырып, анықтау. Кейін ішкі істер органына қызметке қабылдануға тілек білдіріп, сауықтыру (айықтырғыш) бөлімінде маскүнемдіктің алдын алу кабинетінің бастығы болып тағайындалды. Басқарманың кәмелетке толмағандар бөлімшесінде аға инспектор, соңынан осы бөлімшенің бастығы лауазымын атқарды.

– Қызмет барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Өткен жылдың көктемінде «102» телефоны арқылы хабарлама түсті. Онда Әлиев көшесі бойында жаңбыр суының астында кішкентай сәбидің жылап тұрғаны туралы айтылды. Біз дереу көрсетілген жерге барсақ, бір жастан асқан қыз бала тоңып-шашырап, шалшық судың ортасында тұр екен. Бөлімге әкеліп,  жылытып, кезекшілерге тәулікте түскен  хабарламалар арасынан бала жоғалтқандарды тексерттік. Бірнеше сағат бойы іздеп, ақыры ешкімі табылмаған соң оны Сәбилер үйіне тапсырдық. Соған қарамастан инспекторлардың жұмылуымен баланың туыстарын  іздестіре бергенбіз. Ақыры, шешесінің Курилкин ауылында тұратын 1971 жылы туған азаматша екендігін анықтадық. Ішімдік ішуді әдетке айналдырған, бұған дейін төрт баласын баға алмай, ата-ана құқығынан айырылған жан болып шықты, – дейді Орынгүл Көшқалиева қызметінің қыр-сырына үңілдіріп.

Мұндай жағдайлар кәмелетке толмағандар тобының жұмысында аз кездеспейді. Әсіресе, тәртіп сақшыларын балалар мен жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көшелерде, қоғамдық орындарда жүретіндігі мазалайды. Осылайша, патрулдік полицияның «Академия» аялдамасында жолықтырған, ішімдік ішкен екі жасөспірім қыздан сұрастыру арқылы 16-17-дегі колледж оқушыларының бірігіп, арақ ішетін жерлерін анықтапты. Сол бойынша олардың ата-аналары шақырылып, тәртіптік жазалар берілген. Уақытында шара алынбағанда оның соңы немен аяқталарын кім білсін?

Кейінгі буынды кесірлі қылықтардан сақтандыруды мақсат еткен Орынгүл өз отбасының түтінін түзу ұшырып отыр. Жолдасы Абат Жұбанов  екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеуде. Ардақты ана қоғамдық шараларға да белсене атсалысады.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА,

облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз