«ПАРАСЫЗ СЫНАҚ КІТАПШАСЫ»

Осындай атаумен Атырау мұнай және газ институтында студенттердің қатысуымен флэш-моб өтті.

«4-ші билік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шарада аталмыш оқу орнының ректоры Әли Әбішев: «Сыбайлас жемқорлық  қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді. Әсіресе, оның студенттердің арасында көрініс табуының алдын алу өте маңызды. Білімді ақшаға сатып алуға болмайтынын біздің жастарымыз түсінуі керек», – деп мұндай келеңсіздікке ешқашан жол берілмеу қажеттігін айтты.

Шын мәнінде адал еңбектенген адам ғана алдына қойған мақсатына жете алады. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматов осы төңіректе пікір білдірді.

«Парасыз сессияны» қолдаған студенттер сынақ кітапшаларына ұйымдастырушылар дайындаған «Парасыз сынақ кітапшасы. Тоқта, жемқорлық!» деп жазылған ескертпені жабыстырды. «Парақорлықты түбегейлі жою мақсатында қандай жұмыстар жүруі қажет?» деп жазылған тақтайшаға пікірлерін жазды. «Жемқорлыққа жол жоқ» ұранымен ақ түсті шарларды көкке ұшырды.

Әрі қарай тақырып төңірегінде «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, студенттер көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды.

 

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз