Өзге ұлт өкілі сіздің тілде сөйлеп тұрса, қандай сезімде болар едіңіз?

1522814397 article b Жаңалықтар

Atr.kz/11 ақпан, 2020 жыл. Басқа елге бардыңыз делік. Үш қайнаса қазаққа сорпасы қосылмайтын басқа ұлттың өкілі сізді өз тіліңізде қарсы алып тұрса, қандай сезімде болар едіңіз?

АФРОФРАНЦУЗ ҚАЗАҚ ТІЛІ ТУРАЛЫ

Мен ұялар едім. Және солай болды да. Жоға, тіліміз үшін емес, керісінше, өз еліміздегі өз бауырларымыздың тілге деген көзқарасы, қарымқатынасы үшін ұялдым. Япо Аллу Франк Оливье. Ресейдің жері Астрахан қаласынан бізді күтіп алып, қазақы дәстүрмен қарсы алған жігіттің есімі осындай. Нәсілі афрофранцуз Япо Аллу ұзақ уақыт Францияда өмір сүрген. Көршілес Ресейге келгеніне шамамен он жылдай уақыт болған.

Негізгі мамандығы мұнайшы жігіт соңғы кездері өнерге бет бұрған. Қазір оның репертуарында орыстың, татардың және қазақтың әндері бар. Бізді Астрахан мемлекеттік техникалық университетіндегі Қазақ тілі орталығында қарсы алған афрофранцуз досымыз қазақстандық эстрада әншісі Абай Бегейдің «Аспанға қараймын» әнін орындаған кезде ерекше сезімде болдық. «Мен үшін тіл спорт сияқты.

Спорт бар жерде жылулық, бауырластық, махаббат пен достық қатар жүреді. Қазақ тілін үйрене бастағаныма екі айдан астам уақыт өтті. Осы аралықта қазақтың бес әнін оңай жаттап алдым. Қазақ тілі сөздерінің бай мағынасымен, өзіндік ерекшелігімен баурап алды. Кейде мен өзінің тілін білмейтін қазақтарды кездестіріп жатамын. Меніңше, бұл – қасірет. Себебі, тілін білмеген адам ешкім емес» дейді Япо Аллу Франк Оливье. Басқа басқа, бірақ, ана тілін білмейтін адамды қоғамдық мәңгүртке теңеген шетелдік досымыздың сөзінде жан бар…

ШЫНЫМЕН АРТЫҚШЫЛЫҚ БЕРІЛСЕ…

Сарапшы Денис Кривошеевтің пікірінше, қоғамдық өмірде мемлекеттік тілге артықшылық берілуі тиіс. «Мысалға, қазақ тілін білетін адам мемлекеттік қызметке де, қоғамдық өмірдің басқа да салаларындағы еңбекке бірінші кезекте алынатын болса, тіпті, оған қазақ тілін меңгергені үшін жалақысына бонус беруді ойластырсақ, бұл шынымен ынталандыру болар еді» дейді сарапшы. Жаны бар пікір.

Жалпы, ананың сүтімен берілетін тілді анамызға баласақ артық емес ау… Бірақ, дәл қазіргі кезде қоғамда ана тілге деген сұраныс қандай деңгейде екен? Ойландыратын мәселе. Олай дейтініміз, біріншіден, қандай қызметке барсаңыз да, мемлекеттік тілді білетін-білмейтініңіз аса бір маңызды талап ретінде қойыла бермейді. Екіншіден, қазақтың тілі аударма тіліне айналып барады. Оған басқа емес, көшедегі жарнамалар дәлел. Бір ғана «массаж» сөзіне уқалау-сипалау дегеннен басқа балама таба алмай отырмыз.

«Шаптырма» (фонтан), «қылтима», «қылтибас» (балкон), сары қисық (банан), «былқима-сылқима» (кресло-диван) сияқты сөздер өз тілімізді өзімізге түсініксіз етіп бітті. Бір қызығы, әлгі былқима-сылқима сынды аударманың авторы кім? Ол туралы деректі қалай іздесеңіз де, табу қиын. Осындайда тіліміздің басқа емес, өзіміздегі жағдайы осы болып жатқанда, ана тілдің мәртебесі туралы мәселе көтеру қаншалықты қисынға келеді деген де ой келеді екен…

P.S.

Ең қуатты ұлт ретінде әлемді мойындатқан жапондармен жұмыс жасау үшін жапон тілін білу шарт. Олармен ағылшын тілінде де, орыс тілінде де сөйлесіп, әңгіме құруға болады. Дегенмен, «жапонды жапон тілінде ғана толықтай түсіне аласыз» деген түсінік бар. Осы түсініктің өзі ұлттың мықтылығын меңзесе керек … Ал, орыс жазушысы Константин Георгиевич Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі бар. Бұл орысқа ғана емес, барша адамзатқа аманат ретінде айтылған сөз. Бір күні өзімізді бунақденелілер мен буынаяқтылар санатына бөліп жатпасақ болғаны…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

*Сіз не дейсіз?

Оразкүл АСАНҒАЗЫ, қоғам қайраткері:

«Ұлттық идея тіл болуы керек»

– Қазақтарды біріктіретін ең негізгі құндылық бар. Ол – қазақтың тілі. Бүгінде қазақтар әлемнің 44 мемлекетінде тұрады. Міне, сол қазақтарды ұлттық тіл ғана біріктіруі тиіс. Әлемде қандастарын өз еліне шақырып отырған үш қана мемлекет бар. Олар Израиль, Германия және Қазақстан. Осы үштіктің қатарында Қазақ елінің болуының өзі үлкен мақтаныш. Ал, тікелей «Нұрлы көш» бағдарламасына келетін болсақ, көш белгілі бір деңгейде тарихи миссиясын орындай алды. Қазақ тарихта рухы биік, намысы жоғары, ар тазалығын бар байлықтан жоғары қойған дана халық ретінде қалды. Бүгінгі жастарымыз осындай дара халықтың ұрпағы екендігін мақтан тұтуы тиіс. Біз әлемнің ең озық отыз еліне осындай намысшыл бейнемізбен барғанда ғана биік тұратын боламыз.

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/otandy%d2%9b-%d3%a9nim-nege-%d3%a9tpejdi-%d2%9baza%d2%9bstandy%d2%9b-%d2%9bamtudy%d2%a3-k%d2%afngeji-men-k%d3%a9le%d2%a3kesi-ha%d2%9bynda/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз