Отбасының  да,  қоғамның  да  ажары

IMG 9563 Жаңалықтар

«Ауыл әйелі: жетістіктері мен болашағы». Исатай ауданының орталығы Аққыстауда өткен ауыл әйелдерінің облыстық І слеті осылай деп аталды. Шараның мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл әйелдерінің жеткен жетістіктерін көрсету, сондай-ақ, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, әлеуметтік салаларда қызмет атқаратын, өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамту ісінде озық қырынан танылып және кәсіп кілтін дөңгелетіп отырған ауыл әйелдерінің әлеуетін көтеру.

IMG_9563

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның көшпелі отырысында отбасы құндылықтарын нығайту, неке құрған жастардың арасындағы ажырасудың себептері мен оның алдын алуда жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар талқылау тақырыбына айналды. «Дағдарыс» орталығының директоры Айбаршын Иманғалиеваның мәліметінше, бұл орталықтың сенім телефонына алдыңғы жылы 260 қоңырау түссе,  былтыр 190 адам хабарласыпты. Оның ішінде, барлық қоңыраудың 30 пайызы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекетіне байланысты екен.

Көшпелі мәжілісте отбасы құрған жастардың бірін-бірі түсінісе алмай,  ажырасып кететіні сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, кейде болмашы бір ұсақ-түйекке бола некелері бұзылып, бір-бірін көрмеске дейін барып жататын ерлі-зайыптылар да кездеседі екен.

Мұнан соң облыстық слет нәзік жандардың қолөнер бұйымдары, сән үлгілері және ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесімен жалғасты. Атырау қаласынан және аудандардан келген кәсіпкер әйелдер өздері өндірген өнімдерін саттыққа шығарды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова шараның маңыздылығына тоқтала келіп, ауыл әйелдерінің тұрмыс-жағдайына сипаттама берді. «Облыста  ауыл тұрғындарының 50 пайызы – әйелдер. Аудандық мәслихаттың 88 депутатының 22-сі – әйел. Барлық әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі әйелдердің үлесіне тиесілі. Шағын бизнесте жұмыс жасайтындардың 46 пайызын әйелдер құраса, 163 шаруа қожалығын қыз-келіншектер басқарады», – деді ол.

Форумда бір топ белсенді әйелге  облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген, өз ісінің білгір мамандары түрлі аталымдар бойынша  марапатталды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ,

Исатай  ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз