«ОТАНДЫҚ БАҚ: кешеден – келешекке»

ЕАС 133 Жаңалықтар

Бас редакторлар «Атырау-Ақпарат» диалог алаңында бас қосты

Отандық медиа, бұқаралық ақпарат құралдары саласының басшылары, жетекші мамандары, танымал журналистердің Атырауға сапары аясында «Ренко» қонақ  үйінде  «Отандық БАҚ: кешеден – келешекке» тақырыбында бас редакторлар диалогы ұйымдастырылды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-133

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Атырау облыстық, аудандық газеттердің басшылары мен тілшілері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер қатысты.

Алғашқы сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қонақтарға «қош келдіңізін» айтып, халықтың сапалы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталды.

Журналистер қолдаудан кенде емес

– Атырауда 2001 жылдан бастап екі облыстық және жеті аудандық газетті біріктірген «Атырау-Ақпарат» медиа холдингі жұмыс жасап келеді, – дейді  Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев. Бұрын бар болғаны 18 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етсе, қазіргі таңда олардың саны 45-ке жетті. Оның 35-і баспа саласында, ал, жетеуі электрондық негізде ақпарат таратуда.

Өткен жылдан бастап мемлекеттік ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайту мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметі жұмысқа кірісті. Биыл облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тікелей тапсырмасымен бекітілген кестеге сай аймақ басшысының орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары әр апта сайын тұрғындарға жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп отырады.

Атырау облысында Қазақстан Журналистер Одағының  220 мүшесі бар. Бұл аймақтағы жалпы журналистер қауымының тоқсан пайызын құрайды.

Одақтың аймақтық филиалының жұмысы туралы Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық ұйымының жетекшісі Қуандық Батыров баяндады.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-239

«Атырау-Ақпарат» – аймақ  өмірінің айнасы

Жиын алдында мәртебелі меймандар «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғимаратында болып, медиа холдингтің жай-күйімен танысты. Диалог барысында серіктестік директоры Ерболат Қаменов орталықтың жұмысы туралы баяндады.

Жоғарыда аталып өткендей, серіктестікке қарайтын екі облыстық және жеті аудандық газетпен қатар, өңірлік коммуникация қызметі жұмыс жасайды. Жеке баспаханамыз бар. Алдағы уақытта жұмысты жүйелей түсіру бағытында бірқатар ойларымыз да бар. Негізінен, материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы жұмысымызды келесі бір биікке көтереміз деген ниеттеміз.

Ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» басылымдары үшін биыл тарихи кезең болды, жиырма мыңыншы нөмірлері жарыққа шықты. Облысымыздың негізгі шежіресін осы газеттерден табуға болады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «Ширек ғасыр шежіресі» атты кітап шығару ойымызда бар. Мұндағы қамтылатын материалдар, негізінен, облыстық және аудандық газеттердің мәліметтері негізінде жинақталды. Сондықтан, облыстың бүкіл шежіресі біздің баспасөз  бетінде  көрініс  тауып жатқанын мақтанышпен айта аламыз.

Заманның талабына сәйкес басылымдардың электрондық нұсқасын дамыту жайын да қолға алып отырмыз. Күн сайын рейтингтен қалыспауға, бетшелерді үнемі жаңартып отыруға жұмыстанып келеміз, – деді  Ерболат Тілекқабылұлы.

Қолда  бардың  қадірін  білген  жөн

Екі күнге созылған баспасөз турының мәні мен мағынасы зор болды, – деді «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалин. – Отандық БАҚ дегенде біз тек бүгінгі күннің тынысымен шектелмеуіміз керек деп ойлаймын. Отандық БАҚ-тың тағдыры кешегі жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ топырағында дүниеге келген «Сарыарқа», «Бірлік» газеттері, «Айқап» журналынан бастау алады. Сондықтан, олардың іс-тәжірибесін әлі де назарға алуымыз қажет. Бұл газеттер сол кездің өзінде жалпы Отанды, жерді сүю мәселесін жақсы көтерді. Іске нұсқа ретінде  тәжірибелерін қалдырды. Оны талай ғалымдар зерттеп, бізге жеткізді.

Жұмабек Омарұлы, сонымен қатар, баспасөзге жазылу мәселесінің де өзектілігіне тоқталып, жекешелендіруге қатысты өз ойын білдірді.

– Жекешелендірудің әрбір толқыны болады. Қазір кейбір аудандар өзінің трибунасынан айырылып қалды. Материалдық құндылық, ең бірінші, ақпарат тарату саласы арқылы сақталады. Сондықтан, қолда бардың қадірін білуіміз керек, – деді ол.

Оқу – рухани құндылық құралы

Белгілі журналист, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «арқалағаны – алтын, жегені жантақ» – журналистерге Қазақстанда Президенттің сыйлығы белгіленгенін атап айтты.  Оның айтуынша, елімізде басқа ешбір сала қызметкерінде мұндай марапат жоқ. Бұл – үлкен мәртебе. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер академиясының, одағының арнайы сыйлықтарының да бар екендігіне тоқталған бас редактор «еңбектің бағалауы жағынан қазақстандық журналистердің өкпелейтін жөні жоқ» деп баса айтты.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-209

– Бүгінгі тақырып – «Кешеден – келешекке». Кешегіміз бен бүгінгіміз көз алдымызда. Ал, енді «Келешегіміз қандай болады?»  деген мәселеге жиі басымыз қатады. Көп жерде «газет енді оқылмайды, тағдыры енді осымен бітті» деген пікірлерді естіп жүрміз.  «Болашақ – сайтта, интернетте» деген көзқарастар да көп айтылады. Бірақ, негізінен, құстың қос қанаты секілді екеуі қатар жүре береді. 

Қазақстандағы сайт атаулының барлығында бірдей іздеу жүйесі толық орнықпаған. Кешегі жазған мақаланы бүгін таба алмайсың. Қазір 100 жылдық тарихы бар қазақ газетін қолға алып, оқып отырмыз. Ал, сайтта тұрса, ол сақталар ма еді, сақталмас па еді? Осы да үлкен мәселе.

Сын азайып, мақтау көбейді

Оқырман сауаттылығын арттыру мәселесін көтерген «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы  нақты деректерді алға тартты.

– Қазір бізде сын жазу, шыншыл ой білдіру азайып барады. Есесіне, мақтау көбеюде. Иван Гончаровтың «Обломов» романын талдап келіп, бүкіл әлемге орыс мінезін, орыс жалқаулығын айтып, бүкіл бір ұлттың трагедиясын ашып беретіндей шығармалар жазылып жатқан шығар. Бірақ, қазір дәл сондай  шығарма бар деп айта алмаймыз. Әсіресе, әдеби газеттерде шыншыл ойдың өте кенжелеп қалып жатқанын байқап жүрмін. Бұған бір себеп – оқушылық контингенттің артта қалып бара жатқандығы, – деген ол  кітап оқу бойынша әлемде бірінші орында – финдер, кейінгі орында кәрістер тұрғанын, ал, орыстарға 33 орын тиесілі екендігін айтты. Ал, қазақтардың қай орында тұрғаны белгісіз.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-224

«Ғаламторшыл» журналистен не шығады?

«Хабар 24» телеарнасының директоры Арман Сеитмамыт мұнайлы өлкеге сапары барысында «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғимаратын аралай жүріп, үлкен жаңалықтарға қанық болғанын, өзі үшін бөлек дүние ашқандай күй жеткенін айтты.

– Еліміз бойынша бұл – алғашқы баспасөз туры. Телевидение саласы газет шығарудан сәл бөлектеу. Бүгін газеттің қалай шығатынын алғаш рет көзіммен көрдім. Мен үшін қызық дүние болды.

Заман алға жылжып барады. Рас, жастар қазір еріншек болып кетті. Көбінесе, әлеуметтік желіге бет бұрып, қысқа да нұсқа берілетін ақпараттарды оқуға үйреніп алды. Ал, газеттердегі көлемді мақалаларды көбісі оқи бермейді. Мұнымен күресу дұрыс па, әлде қажеті жоқ па? Мүмкін, жастарды кітап, газет оқуға тарту үшін басқа да амалдар қарастыру қажет шығар. Міне, сол жағын ойлауымыз керек.

«Қазақстан заман» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ертай Айғалиев те қазір кабинетшіл,  ғаламторшыл журналистердің көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді.

Жиырмасыншы жылы Міржақып Дулатов газет шығару ісі оңай еместігін айтқан болатын. Қазір де, басылым шығарып, тарату өте қиынға соғады. Алайда, бүгін Атыраудағы медиа орталықты көріп, қуанып отырмын. Алматы облысында жағдай мүлдем мұндай емес. Журналистер әр жерде «шашылып» жатыр.

 Кабинеттен шықпайтын, ғаламтордағы ақпаратпен шектелетін журналистер жиі кездеседі. Бұл өте қауіпті. Ең алдымен, сөз өнеріне үлкен кедергі келтіреді. Оқырманмен, кейіпкермен тікелей байланысып, жазылмаған материал тірі болмайды, – дейді Ертай Айғалиұлы.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-077

Әртістің бәрі – журналист

«Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшиден Пәттеев пен «Жас қазақ» апталығының бас редакторы Смайыл Срайыл  да әлеуметтік желіге тәуелділікке қатысты дамыған елдердегі жағдайды мысалға ала отырып, «қысқа ақпарат оқуды жақсы көретін жастарымыз қысқа ойлап жүрмесе жақсы», «оқырман сұранысына жауап бере алмай отырмыз» деп үлкен ойды ортаға тастады.

Қазақ журналистикасы 25 жыл ішінде қандай дәрежеге жетті? – деген мазмұнды сауалға Қазақстан Журналистер Одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Садыханов жауап іздеді.

Сондай-ақ, Мағжан Садыханов газет журналисі мен телевидение журналисінің арасындағы айырмашылықты да атап айтты.

Газеттен өскен журналистің өресі қашан да биік болады. Мәселен, Түркияда, телевидениеге журналист алу үшін «кемінде үш жыл газетте қызмет етуі тиіс»  деген талап қойылады. Ал, бізде, мұндай талап жоқ. Тіпті әртістердің өзі журналист болып кетті. Осы да – толғандырар мәселе, – деді ол.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-252

«Қазақтың анасы – ауыл»

Басқосуға қатысқан көршілес Батыс Қазақстан облысының «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бірқатар өзекті мәселелердің түйінін тарқатты. Ең алдымен, басылымдарды жекешелендіру мәселесіне тоқталған ол қазіргі таңда идеологиялық, діни әркелкілік, қауіп-қатер сейілмей тұрғанда ұлттық мүддені ойлайтын, Отанның мүддесіне қалтқысыз қызмет ететін мемлекеттік сипаттағы бірде-бір басылымды жеке қолға өткізуге болмайтынын баса айтты.

Мың өліп, мың тіріліп, Тәуелсіздікке жеттік. Бірақ, өкінішке орай, идеология саласында жіберген басты қателігіміз – 25 жылдың ішінде ат төбеліндей азғана қазақты діни әркелкілікке ұрындырып алдық. Бұған журналистер де кінәлі. Өйткені, біз халыққа ақ пен қараны айыратын түйсік қалыптастыра алмадық. Ал, егер енді басылымдар жекешеленетін болса, онда бұл бұқаралық ақпарат құралының басшылығына келетін адамның қандай саясатты ұстанатыны белгісіз.

Шынын айту керек, қазақстандық телеарналарға елдің көңілі толмайды. Халыққа интеллектуалдық тұрғыдан ештеңе бермейтін, бос сөз, арзан күлкіге қойылған телешоулар көбейіп кетті.

Осыдан жыл жарым уақыт бұрын өткен бір жиналыста оныншы сыныптан бастап 29 жасқа дейінгі азаматтарды санағанда Батыс Қазақстан облысында әскер қатарына шақырылуы тиіс 42 мың жас бар екен. Бұл сан әлі де өзгере қойған жоқ. Алғашқы әскери медициналық тексеру нәтижесінде тек сегіз мың баланың саулығы Отан қорғауға жарамды деген қорытынды шығарылды. Бұл тек Батыс Қазақстан облысына қатысты жағдай емес, мұндай проблема бүкіл республикамызға тән.

Ауыл тұрғындары да мал асырамайды, дүкендерден қораптағы сүттерді сатып алып отыр. Нан да пісірмейді. Қазіргі халық адал еңбектен кетіп қалды. Осыдан келіп-ақ, урбанизация мәселесі туындайды. Негізінен, қазақтың анасы – ауыл. Осы мәселелерді баспасөз беттерінен көрсету – біздің міндетіміз.    

Тағы айта кетер бір мәселе, аудандық, облыстық газеттерде жазылған мәселелерді республикалық басылымдар әрі қарай алып кетсе, шешімін табатыны анық. Республикалық басылымдар арқылы ақпарат жоғары жаққа тезірек жетеді, – деген облыстық басылым басшысы арадағы байланысты нығайтуға шақырды.

Ал, «Хабар» телеарнасының қызметкері Ирак Елекеев әр журналистің өзінің айтар ойы, жеке пікірі болуы керектігін алға тартты. 

Мысалы, Польшадағы жағдайды айтайын. Сөз бостандығы болмағандықтан, халық Парламенттің алдына шықты. Ал, біздің журналистердің артынан халық ере ме? Жоқ. Себебі, біз бүгін былай дейміз, ертең басқа пікірде боламыз. Тұрақты ой-пікіріміз жоқ деп ойлаймын.

Егер газет не телеарнада үнемі жамандай берсек, ешкім қарамайды да, оқымайды да. Ал, егер жақтап шықсақ та солай. Сондықтан, әркімнің өзінің бір ұстанымы болуы керек. Ал, әр оқырман, көрермен өз ойын өзі қалыптастырады, – деді ол.

Қазақ хандығының құнды шежіресі

Бас редакторлар диалогының екінші кезеңінде тарихшы ғалымдар Ерлан Садықов пен Әбілсейіт Мұхтардың «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты кітабының тұсаукесер-таныстырылымы өтті.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-305

Бұл кітап жөнінде елімізге танымал баспагер, жазушы, қарымды қаламгер Мереке Құлкенов жақсы пікір айтты.

Қадыр Мырза-Әлі «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп жырлаған еді. Ширек ғасырдың ішінде тарих ғылымында да көптеген өзгерістер болып жатыр. Соның ішінде, Қазақстан тарихына концепциялық жаңаша көзқарас пайда болуда. Соған байланысты бірнеше кітап шықты. Соның ішінде, ең мықтысы, ең сүбелісі осы кітап  деп есептеймін.

Неліктен? Өйткені, мұнда қазақ тарихына жаңа жүйелі көзқарас бар. Осы күнге дейін қазақ тарихы туралы орыстардың жазған дүниелерін біз Құранның сөзіндей қабылдап келдік. Орыс тарихшылары – Рычков, Левшин, Мичуриндердің бодандыққа қатысты айтқан пікірлерін бұл кітап жоққа шығарады. Сонысымен де құнды. Себебі, отаршылдық саясатпен айналысқан патша үкіметі, одан кейін Кеңес үкіметі «қазақтар орыстардың бауырына өзі барып кірді» дегенді айтып келді. Әбілқайыр ханға қарсы пікірлер де әлі күнге қазақтың ортасында жүр. Ал, шындығында олай емес. Осы кітапты оқыған адам Әбілқайырдың, Абылайдың кім екенін жақсы біледі, түсінеді, – деді жазушы.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – көркем шығарма сияқты оқылуында. Сондықтан, бұл кітап әр қазақтың үйінің төрінде тұруы тиіс, – деп мазмұнды пікірімен бөлісті.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-335

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов та жаңа кітап туралы өзінің оң пікірін білдірген бейнежазба жіберген екен. Қазақ хандығының қысылтаяң кезеңін ұлт мүддесі тұрғысынан жүйелі саралаған монография авторларының кәсіби маман ретінде еңбектеріне үлкен баға берді.

Кітапты алғашқылардың бірі болып оқыған тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай халыққа осындай құнды дүниені тарту еткен авторларға тарихшылар атынан алғысын білдіріп, монографияның құндылығына қатысты үш қана пікірін айтты.

Біріншіден, бұл – Әбілсейіт Мұхтардың жиырма жылға жуық жүргізген зерттеуінің нәтижесінен шыққан құнды дүние. Екіншіден, мұрағаттағы құжаттарға негізделіп жазылғандығы, ал, үшіншіден, жаңа көзқарастар кеңінен зерттелгендігімен ерекшеленеді, – деді тарихшы.

Жиын соңында монографиялық еңбектің авторы Әбілсейіт Мұхтар сөз алып, бұл кітапты жазып шығу үшін сонау тоқсаныншы жылдардың аяғынан бастап кіріскендігін, жалпы, бұл қазақ тарихындағы ең күрделі кезең саналатынына ерекше тоқталды.

Сиясы кеппеген жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінде лентаны қию салтанаты Әбілсейіт Мұхтардың ұстазы Қаламқас Құмарова мен «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалинге жолданып, «ел асыға күткен бұл тарихи еңбек қалың оқырманына жетіп, еліне қызмет етсін» деген тілектер айтылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз