Отан қорғау – абыройлы парыз

Атырауда Отан қорғаушылар күні салтанатпен атап өтілді

Кеше Махамбет атындағы қазақ драма театрында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өткізілді. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, өңір жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.

– Осыдан бір сағат қана бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы телефон соғып, елдің хал-ахуалын, экономикалық-әлеуметтік дамуын, қоғамдық-саяси жағдайын тыңдай отырып, атыраулықтарды Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтауымды жеткіз деп тапсырды. Маған сол аманатты сіздерге жеткізуге рұқсат етіңіздер, – деді аймақ басшысы.

Облыс басшысы атап өткендей, мемлекет өз жерін кез келген қол сұғушылықтан қорғауға қабілетті болғанда ғана тәуелсіз бола алады. Бұған тарих сабақтары дәлел. Жәнібек пен Керей, Қабанбай мен Бөгенбай, Исатай мен Махамбет, Есет батыр  сынды елдің арыстары ұлан-асыр жерімізді бізге аманат етті. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның армиясы – біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстү-рінің заңды жалғасы. Бүгінде елімізде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық орнады. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен  Қарулы Күштер теңізде де, құрлықта да, әуеде де елді қорғауға барлық тиісті құрал-жабдықтармен, техникалармен, қарумен қамтамасыз етілген. Қазақстандықтардың бейбіт өмірін, тыныштығын сақтау үшін барлық жағдай жасалған.

– Отан қорғаушылар күні – бұл тек ер азаматтардың емес, сардарлар мен сарбаздар қатарында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің де мерекесі. Өйткені, қазақтың қыздарының батыр, өжеттігін ықылым заманнан білеміз. Сонау Тұмар ханшайымнан беріректегі Мәншүк пен Әлия, Хиуаз апалардың ерліктері әркез ұмытылмайды. Бұлар – есімдері мәлім болғандары. Ал, беймәлімдері қаншама?! Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ол жылдар өткен сайын мәртебесі өсіп, айбындана түседі. Аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері Қарулы Күштеріміздің қатарында қызмет атқарып жүрген бүгінгі қазақстандық жауынгерлердің өмірінде лайықты жалғасын табуда, – деген облыс әкімі міндетін адал орындап, үздік әскери үлгі көрсеткен  бір топ қызметкерлерді арнайы Алғыс  хатпен марапаттады.

Айтулы күнге арналған іс-шара облыс өнерпаздарының концертіне ұласты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз