Қосымша білім шәкірт мүмкіндігін шыңдайды

254 Білім

Халық шығармашылығы орталығының базасында «Қосымша білімге – 100 жыл» тақырыбында қалалық форум өтті. Оған қаладағы алты саз мектебі, жас натуралистер стансасы, оқушылар орталығы педагогтері мен шәкірттері қатысты. Қолөнер үйірмелерінде балалардың өз қолдарымен жасаған сәндік бұйымдарының көрмесі ашылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, саз мектебінде оқитын болашақ музыканттар, хореография үйірмесінің мүшелері де өз өнерлерімен сахна төріне шықты.

254

Айзада ТҮСІПҚАЛИЕВА, оқушылар орталығының директоры:

Қосымша білім беру – оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру деген сөз. «Талант екі пайыз, қалғаны еңбек» дегендей, баланы еңбекпен шұғылдануға баулып, әрбір күніне жауапкершілікпен қарауға үйреткеннің артығы жоқ. Осы орайда біздің оқушылар орталығында қала бойынша 23 филиал жұмыс жасайды. Онда 85 педагог 67 үйірме арқылы 5023 баланың дарынын дамытып, болашақта мамандық таңдауда қиналмауы үшін бағыт-бағдар беруде. Негізінен жасөспірімді теріс жолға итермелейтін – бос уақыттың көптігі. Екі қолы алдына сыймай, бос жүруден жалыққан жасөспірім көше тәрбиесінің ықпалына тез түседі. Сондықтан, өзі қалаған саланың хас шебері атану мақсатында үйірмелерде оқытса, оқушы үшін де, ата-ана үшін де тиімді болары сөзсіз.

Қосымша білім беру саласына Атырау облысы әкімдігі тарапынан да қолдау көрсетілуде. IT-сыныптар ашылып, робототехника, конструктор үйірмелерінің жұмыстары жандандырылған. «Титаник» кемесі өзінің ерекшелігімен көрушілерді таңдандыруда. Драма үйірмесі мүшелері қуыршақ театрын құрса, осында тәрбиеленген «Жайдарман» тобы осы маусымның премьер лигасында жеңімпаз атанды.

Ғабит САПАР, жас натуралистер стансасының қосымша білім беру педагогы

Қосымша білім берудің мүмкіндіктері өте көп. Мәселен, өзім қызмет ететін жас натуралистер стансасында «Жас кәсіпкер» үйірмесін ашқан болатынмын. Шәкірттеріммен бірге инкубатордан тауық балапандарын шығару тәжірибеміз өте сәтті шықты. Балапандарды сатып, ақша да таптық. Республикалық байқаудан бірінші орын алып, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулге де барып, жас натуралистермен, жас кәсіпкерлермен тәжірибе алмастық. Балалар үлкен әсер алды. Қазіргі таңда «Тәлімбақ» үйірмесіндегі шәкірттеріммен бірге шырша тұқымдас бозашы ағашының, сән ағашының, жеміс талдарының көшеттерін отырғызып, тәжірибе жұмыстарын жасау үстіндеміз.

Әлия ТАНАШЕВА, Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы,

«Алаш ұстазы» төсбелгісінің иегері

Өзім сабақ беретін дарынды балалардан «Құлансаз» ансамблін құрған едім. Жыл сайын республикалық, Халықаралық сайыстардан жүлдемен оралып жүрміз. Биылдың өзінде Алматыда өткен республикалық «Жеті өнер» және «Ақ көгершін» фестивальдарының Гран-при иегері атанғанымызды қуанышпен айта аламын. «Атырауға барсаң, күйшімін деме» деген қанатты сөзді шын мәнінде дәлелдеп беретін шәкірттерім аз емес.

P.S. Форумда Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары З.Дүйсекенова қосымша білім беру саласының ардагерлері мен майталман ұстаздарын құттықтады. Үздік педагогтар облыстық білім беру басқармасының алғыс хатымен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Сонымен қатар, Атырау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Қабденов те өз кезегінде озаттарға Алғыс хаттар табыс етті.

 

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз