ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДІ ІСТЕРІ

облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев өткізген баспасөз конференциясында кеңінен сөз болды

Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында облыстағы өнеркәсiп өнiмiнің көлемi қолданыстағы бағамен 1,3 трлн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға көбейсе, тау-кен өнеркәсiбiндегі өнiм көлемі 3,1 пайызға артық орындалды. Сондай-ақ, облыста 11,4 млн. тонна мұнай (2,4% артық) және 5,4 млрд. текше метр ілеспе мұнай газы (1,4% артық) алынды. Бұл туралы кеше Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев мәлім етті.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде Ғұмар Дүйсембаев, әсіресе, облыста үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы мен шағын және орта бизнесті дамыту аясында жүзеге асып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды.

Қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,1 пайызға, жұмыспен қамтылғандардың саны 5,9 пайызға өсті. Ал, шығарылған өнімнің көлемі 27,4 пайызға артып, бюджетке 232,3 млрд. теңге салықтық түсімдер түсті, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері алты жылдың ішінде өңірімізде жалпы несие сомасы 36,2 млрд. теңге болатын 376 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылып, 3 230 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал, биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 2,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.  Ағымдағы жылдың басынан бастап несие сомасы 945,6 млн. теңге болатын 28 жоба қолдауға ие болып, нәтижесінде 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Алайда, сөз барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл бағытта шешімін күткен мәселенің де бар екенін жасырмады.

– Бүгінгі күні кепілдеме өтімділігінің төмендігіне байланысты екінші деңгейлі банктердің ауыл кәсіпкерлеріне несие бермеуінің себебінен, бағдарламаны жүзеге асыруда, сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыруда бірқатар проблемалық мәселелер кездеседі. Аталған мәселені шешу мақсатында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жылдық мөлшерлемесі жеті пайызбен ауыл кәсіпкерлеріне қайтарымды несие беру үшін соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 657 млн. теңге бөлінді. Барлығы 147 жоба мақұлданды. Оған қоса, өндіріске және қызмет көрсетуге бағытталған жобалар несиелендірілуде. Ауыл шаруашылығына бағытталған жобалар несиелендірілмейді, себебі, бұл мақсаттар үшін салалық мемлекеттік бағдарламалар бар. Ағымдағы жылы осы мақсаттар үшін қосымша 150 млн. теңге бөлінді. Жобаларды қаржыландыру маусым айынан басталады.

– Республикалық индустрияландыру картасы және өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 5,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген жалпы құны 2,0 трлн. теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба іске асырылуда. Екінші бесжылдықта құны 1,9 трлн. теңге құрайтын  3,5 мың жұмыс орнын ашатын 24 жоба қолға алынды.

 Олардың ішінен өткен жылы 665 жұмыс орны ашылып, тоғыз жоба іске қосылды. Іске қосылған жобалардың ішінен биыл барлық жобалар жоспарланған қуаттарына сәйкес жұмыс істеуде, – деді Ғұмар Ислямұлы.

Қолдағы мәлімет бойынша,  жалпы құны 4,5 млрд. теңге құрайтын бес жоба іске қосылып, екі жүзден астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның ішінде, «Жігермұнайсервис» ЖШС-ның роботтық дәнекерлеу әдісін қолданумен металқұрылымдар шығару өндірісін құру, «Алмалы Құс» ЖШС-ның құс фабрикасының қуатын кеңейту, «Сентэк» ЖШС-нің кабельдік лотоктар және электр қалқандарының өндірісі, «Казахстан Интегрейтед Сервисез» ЖШС-нің тығыздағыш төсемдерді және болттық қосылыстардың өндірісі және «ТСЗП Қазақстан» ЖШС-нің қорғағыш қаптамаларының технологиялық жүйесі жобалары бар. Ал, келер жылы бағдарлама аясында алты жоба іске қосылмақ.

Аймақ басшысының бірінші орынбасары есебінен соң жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері толғандырған сұрақтарын қойып, оларға нақты жауаптар берілді.

– Атырау облысының интеграцияланған газ-химия кешені жобасы қалай жүзеге асуда? Білуімізше, мұнда инвестор өзгерген.

– Бұл жоба республикалық бағыттағы индустрияландыру картасына енгізілген. Иә, шынымен, жобаға бастамашы болған адамдар енді бас тартып отыр. Соған орай, бұл процесс созылып кетті. Қазір бұл аймақта екі ғана жоба жүзеге асуда. Дегенмен, инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізу жұмыстарын аяқтау үшін 68 миллиард теңге бөлінді. 

– Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығында үлкен үміт күттіретін жобалар жүзеге асты. Соның бірі – Бас Ескенедегі вагон жөндеу зауытының жағдайы туралы білгім келеді.

– Ескенедегі жобаға үлкен үміт артып едік. Бірақ, «КТК» мекемесі құбыр желісін жүргізгеннен кейін көптеген мекеменің мұнай таситын вагондары қысқартылып, бірталай компания жұмыссыз қалып отыр. Кезінде осы жобаның жүзеге асырылуына сұраныс көп болатын еді. Вагондар Павлодарда немесе Ресейде жөнделетін. Бұл – осы мәселені жергілікті жерден шешу мақсатында қолға алынған жоба. Сонымен қатар, жобалаушы компания дұрыс жұмыс жасамай кешігуі, Украинадағы оқиғалар қатар келіп, проблема біріне бірі жалғасып, жұмысқа кедергі келтірді.

– Атырау мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Атырау мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру мәселесі бір күнде шешілетін шаруа емес. Жуырда селекторлық жиналыс барысында Премьер-министр Кәрім Мәсімов бұл жұмысты тоқтатпай, бірақ, асығыстыққа да бой алдырмау керектігін баса айтты.  Мәселені жан-жақты зерделеп, ойланып, бір шешімге келу жөнінде тапсырма берді.

– Бізде мемлекеттік бағдарлама аясында мал, құс өнімдерін шығаратын өндіріс орындары жұмыс жасайды. Ал, тұрмыстық техника өнімдері неге шығарылмайды?

– Егер мұндай жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірушілер болса, біз қуана қолдаймыз. Әр жобаның бастамашысы болады. Егер кез келген тұрғын өз ниетімен идеясын ортаға салса, біз қарсылық білдірмейміз. Бірақ, идея нақты болуы керек. Өйткені, бөлінетін әр қаржының сұрауы бар. Құрманғазы ауданында бір азамат кір жуатын ұнтақтарды шығаруға ниет білдіріп, жұмыс бастаған болатын. Бірақ, білуімше, қазіргі таңда тек аудан орталығы — Ганюшкинде ғана өнімдерін сатуда. Сондықтан, кәсіпті дөңгеленту үшін әр детальды алдын ала ойластырып алған жөн.

– Тұрғындар жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері тек «Сарайшық» коммуналды базарында ғана емес, облыс орталығының әр сауда нүктелерінде сатылғанын қалайды. Бұған қандай мүмкіндік бар?

– Өткен жылы 4900 тонна жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері тұрақтандыру қорында сақталып, коммуналды базар ашылғанға дейін қолжетімді бағамен халыққа сатылды. Бұл базардың артықшылығы сол — мұнда кәсіпкерлер сату орнына аз қаражат төлеп отырғандықтан, өнімдердің бағасын шектеп қоюға  біздің де мүмкіндігіміз бар. Өнімнің бағасын шектен тыс асырып қойғандардан сату орнын босатуды талап еткен сәттеріміз де болды. Облыс басшысының өзі бастап базарды аралап, өнімнің бағасын жиі тексеріп тұрады. Осы жерде, айта кететін жайт, кейбір адамдар демалыс күндері Тұрғын үй қалашығында ұйымдастырылатын азық-түлік өнімдері жәрмеңкесін тоқтатып тастағанымызға түсініспеушілік танытуда. Бұл мәселе заңға сәйкес шешіліп отыр. Өйткені, оларда кассалық аппарат жоқ, бірде-бірі салық төлемейді. Өнімнің сапасы да тексерілмейді. Сондықтан, таза, сапалы өнім алған, ең алдымен, өз денсаулығымыз үшін пайдалы екенін ескеру қажет. 

– Жуырда кейбір облыстарда тұрғындарға азық-түлікті делдалсыз төмен бағамен сату жөнінде келісімдерге қол қойылғанын естідік. Бізде мұндай мүмкіндіктер бар ма?

– Атырау облысында агроөнеркәсіп саласын өркендетуге үлкен көңіл бөлініп келеді. Кезінде алма да, картоп та осы жерден шығып, халықты толығымен қамтып отырғанын бәріміз білеміз. Бүгінгі таңда егін егетін 7 мың гектар жеріміз бар. Жыл сайын картоп егетін көлемді ұлғайтып отырмыз. Мәселен, өткен жылы 1900 гектар жерге картоп егілсе, биыл бұл көрсеткіш 2000 гектарға жетті. Айта кетсек, әсіресе, картопты өз жерімізден өсіруге баса көңіл бөліп отырмыз. Бірақ, байқайтынымыз, тіпті ауылдарда да тепсе темір үзетін азаматтар ауыл шаруашылығымен айналысуға құлықсыз. Осы орайда, биыл көші-қон полициясы арқылы заңды түрде 800 өзбекстандық азаматты тіркеп, осы салаға жұмысқа тартып отырмыз.

– Атырауда құрылысы аяқталмай, қаңырап бос тұрған кино-концерт залының болашақтағы тағдыры қалай шешілмек?

– Кино-концерт залы мәселесі әлі күнге дейін күрделі проблема болып отыр. Осы мәселеге орай біз француздармен кездестік. Олар бизнес жоспарын дайындап әкелген екен. Бірақ, нысанды 20 жылға сенімді басқаруға беруімізді сұрап, «белгіленген уақыт өткен соң кері қайтарамыз» деген талап қойды. Біз ұзақ ойландық. Өйткені, құрылысты жүргізуге қыруар ақша жұмсалған болатын. Ал, кеткен техникалық ақауларды жөндеп, оны толықтай қалпына келтіру үшін қомақты сома қажет. Сондықтан, бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз