Он бес тиынның оқиғасы

15k 1955 re Жаңалықтар

Atr.kz/5 ақпан, 2020 жыл. Елеусіздеу елді мекенде шағын ғана пошта бар-ды. Алақандай ауылда есепқисапқа жүйрік өзге көзіқарақты жан табылмады ма, осы мекемені әлдеқашан зейнет жасына жеткен қарт ұстайтын.

Әлгінің міндеті – ауылдағы жиырма шақты шал-кемпірге зейнетақы үлестіру. Ара-тұра газетжурнал келсе, соларды иелеріне тарату. Басқа уақытта бітіріп жатқан шаруасы жоқ. Соны да көпсіне ме, әлдекімдер үстінен орталыққа арыз жазып жатады. «Ақша жеді», «қаржы жымқырды» деген шағым түскен соң жоғарыдан адамдар келіп, талай тексерген. Түк таппады. Бәрі орнымен жұмсалған. Содан бір күні тағы дабыл болды.

Қарттың шаңын қанша қақса да, ештеңе таба алмаған бұрынғы мамандар баруға бетінен басып, жұмысқа жаңа орналасқан жас жігітті жібереді. «Тексеруге келдің бе?» деп сұрайды пошта бастығы. «Иә, – дейді әлгі жігіт, – үстіңізден арыз бар» «Тексере бер, мен кемпірге шай қамдатайын» деген қарт барлық қағазын сықырлақ столдың үстіне қойып, өзі шығып кетеді. Біраз уақыттан кейін келсе, жас жігіт мәз-мәйрам. «Иә, не таптың?» дейді ғой шатақ шал. «Он бес тиын жетпейді, – депті тексеруші үлкен қылмыс ашқандай – акт жасаймыз».

Мұны естіген пошташы үн-түнсіз сыртқа шығып кетіп, сәлден соң қолына балта ұстап кіріпті. Қатты қорыққан жігіт бұрышқа тығылып «Ойбай, ата, акт керек емес» десе, «Тұр былай» дейтін көрінеді. Содан еден ағаштың ырсиып тұрған жеріне балтасын сұғып жіберіп, қайырып ашыпты. Тесікке қолын тығып, астынан он бес тиынды суырып алыпты. «Бәтшағар, – депті өзіне өзі разы болып, – өткен жолы түсіп кеткен, алуды ұмытыппын ғой. Мә, ана ақшаға қоса қой. Енді дұрыс болса, үйге барып шай ішелік». Жігітте үн жоқ. Әлгінде ғана өзінен бұрынғы сақа тексерушілер талай келіп таба алмаған жетіспестікті анықтап, сол ісіне мәз болып тұрған ол енді қайтерін білмеді.

Осылай жүрерде бұрынғы қызметкерлер «Сен бірдеңе шығармасаң, біздің қолдан келмеді» деген-ді. Бұл енді қайтсін, егер ешқандай кемшілік болмаса? Осы оқиғаны сол кездегі жас тексеруші өмір бойы жадынан шығарған жоқ. Өзі кейінгі жылдары басшылық белесіне көтерілгенде бағыныштыларына жыр етіп айтып отыратын. Адалдықтың асқар шыңын сонда көрген екен.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/egov/kabinetinde-karta-ojna%d2%93an-%d3%99kim-zhaza%d2%93a-tartyldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз