«ӨМІР СЫЗЫҒЫ» – АРДАГЕРЛЕР ҮШІН

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлерге көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Айтулы мерекеге орай Жеңісті жақындатқандар тағы бір жаңа қызмет түрін  пайдаланбақ.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Нұриддин Есмағамбетовтың айтуынша, бұл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға алғашқы шұғыл көмек көрсету жүйесін құруға бағытталған қолдаулардың бірі.          

 «Бұған дейін Алматы мен Астана қаласындағы ардагерлер қажетті құралдармен жабдықталған болса, енді бұл мүмкіндікке біздің облыс ардагерлері де қол жеткізіп, тиісті байланыс тетігіне қосылатын болады», – дейді Н.Есмағамбетов.

Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысы ардагерлері – шұғыл көмекті қажет ететін егде жастағы қариялар. Өкінішке орай, оларға көмек қажет болған кезде керек адамы қасынан табылмай қалады. Ал, «Өмір сызығы» білезігі әрдайым қолда жүреді, бір жағдай болып қалғанда тетігін басса жарап жатыр. Белгі көмек орталығына түседі, оператор абонентті карта бойынша тауып, жағдайға қарай әрекет етеді.

Бүгінгі күні облыс бойынша 55 ардагер мұндай қызметті қажет етеді деп танылған. Ал, жыл аяғына дейін барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілгендер бұл қызметке біртіндеп ие болады.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз