ОҚЫРМАН ҮШІН ОЙЛАСУ

бүгінгі күннің басты тақырыбына айналды 

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен аймақ әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары және интернет-кеңістікті дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. 

 

Онда алдымен «Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар мен көркем әдеби туындыларға жастардың оқырман және көрермен ретіндегі қызығушылығын арттыру, белсенділігін көтеру туралы» мәселе қаралды. Бұл жайында аймақтық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы, танымал қаламгер Жұмабай Доспанов баяндады.

– Кейбір социологтар, мектептер мен оқу орындарының ұстаздары балалар мен жастардың баспа кітаптарды оқуға құмарлығының жойылып бара жатқандығын, бүгіндері бүкіл әлемді жаулап алған интернеттің, теледидардағы коммерциялық көрсетілімдердің салдары деп санайды. Дегенмен, өз басым мұндай уәжбен мүлдем келіспеймін,-деді баяндамашы.-Мәселен, АҚШ-та, Қытайда, Жапонияда, әлемнің басқа да дамыған алдыңғы қатарлы елдерінде жастар тек ғаламторға байланып, арбалып, соған ғана тәуелді болып қалмады. Кітап оқу деңгейлерін де әнебір төмендетіп алған жоқ. Өйткені, оларда мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің кітаптан, көркем әдебиеттерден қол үзіп, ажырап қалмауы ұдайы бақылауға алынып, мемлекеттік тұрғыда үлкен мән берілген. Мектеп мұғалімдері мен арнаулы орта, жоғары оқу орындарының оқытушылары жыл сайын өздері оқыған кітаптары бойынша мемлекеттік органдар алдында емтихан тапсырып, сынақтан өтеді. Өз кезегінде, оқушылар мен студенттер, жұмыс жасайтын жастар да кітапханалардан қандай әдебиеттерді оқығандықтарын дәлелдеу үшін анықтамалар тапсырады. Тіпті, бұған нақты мысалдар да келтірілген.

Бұл орайда, бұрынғы өткен ұлылардан ұрпақтарға жалғасқан ұлағатты сөздері де аз емес. Солардың бірі Қытай халқының ұлы ойшыл-философы Конфуций: «Ойланбай оқу – бекер еңбек, оқымай ойлау – қауіпті» десе, бес арысымыздың бірі Ахмет Байтұрсынов:«Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, ал мәдениеттің ұлағаты – әдебиет пен тарихты оқып-білуде» деген болатын. Осы даналықтарды бір сәт ой таразысына салып, байыптап қарасақ, қазіргі қоғамда қалыптасқан ахуалға алаңдауымыз бекер емес. Осыдан тиісінше байлам жасап, бір тоқтамға келіп, шешімді шарасын алғанымыз абзал. Әйтпесе, бәрі де әбден кеш болуы ықтимал.

Келесі жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне 25 жыл толмақ. Осыған орай аймақ басшылығы 2016 жылы журналистер арасында Тәуелсіздік пен Ұлттар достығы тақырыбына журналистер арасында конкурс жариялап, ұйымдастыруды ойластырған. Одан бөлек, облыс әкімінің атынан жылдың үздік журналистік жұмысына берілетін Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың ұсынылу мерзімі мен қаржылай көлемін айқындау ұйғарылған.

Қоғамдық кеңестің күн тәртібіне екінші болып енгізілген бұл мәселеге байланысты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаеваның хабарламасы тыңдалды.

Бұл мәселеге орай облыстық әкімдіктің баспасөз бөлімінің басшысы Саламат Сабыр, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз