ОҚУШЫЛАР ӘСКЕРИ БӨЛІМГЕ КЕЛДІ

Еліміздің Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әскери қызметті насихаттау мақсатында Атырау қаласындағы №5546 әскери бөлімінде «Ашық есік» күні өтті.

 

Шараға білім беру ұйымдарындағы орта мектептер мен колледждердің 170-ке жуық оқушысы қатысып, әскери өмірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Әсіресе, оқушыларды сарбаздардың әскери даярлық сипаты, олардың бір күндік жаттығуы, ұрыста ұйымдаса қимылдауы ерекше қызықтырды.

Айта кету керек, әскери бөлім барлық заманауи қару-жарақ үлгілерімен қамтылған. Бұдан басқа әскери техникалары да жеткілікті. Гарнизонның ішінде оның түрлерімен таныстырған аталмыш әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Саян Аманжолов бүгінде Отан қорғау саласына  баса көңіл бөлініп жатқанын айтты.

– Еліміздің бүгіні мен ертеңін айқындайтын бағыттардың бірі, ол – жеткіншек ұрпақ тәрбиесі. Әскери патриоттық тәрбие мен жастарды әскери қызметке даярлау – бүгінгі көкейкесті мәселе. Бұл ретте еліміздің тыныштығы жолында әскери бөлім заманауи қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Ал, жаттығу жұмыстары бір сәт те тоқтаған емес. Сарбаздар ұрысқа шығу тәсілдерін ұдайы үйренуде. Әр сарбаз қимылдарын жіті бақылауда ұстауы қажет, – деді ол.

Шара барысында әр сарбаздың өзіне артылған жүкті абыроймен атқарып жатқанын байқадық. Олар саптық адыммен қозғалыс жасау жаттығуларынан бастап, қоян-қолтық ұрыс, ұрыс даласында қару-жарақты пайдалану, жаудан қорғанудың үлгілерін көрсетті. Әскери өмірдің бір күндік тынысын, жаттығу кезіндегі сарбаздардың бойындағы ширақтықты, ержүректілікті көрген болашақ ел қорғаушы азаматтар оларға қызыға қарады. Әскерилердің күнделікті өмірін көзбен көру қатты әсер қалдырғанын айтып, ой бөлісті.

Жиын соңында оқушыларға Қазақстан әскері туралы деректі фильм көрсетілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз