ОЙЛАСУ: Бетперде шешуге әлі ерте

whatsapp image 2020 05 18 at 09.23.08 3 COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/22 маусым, 2020 жыл.  «Қайта шапқан жау жаман» дегендей, сәл саябырлағандай көрінген қатерлі індет қайтадан бас көтеріп, құзырлы орындарды қосымша шаралар белгілеуге мәжбүрлеуде. Шектеулер алынған бойда адамдар да сақтық шараларын ұмытты. Қоғамдық көліктердегі иін тірескен жолаушылар қолғапты айтпағанның өзінде, бетперде киюге де құлықсыздық танытуда. Оған өзіміз күнде куә болып жүрміз. Жолсерігі: «бетперде тағыңдар, қазір жолшыбай тоқтатып, тексерсе, бізге айыппұл салады» деп шыр- пыры шығады.

 Алайда, оған құлақ асып жатқан бір жан жоқ. Меңіреу адамша құлағын кішкентай түймемен тығындап алып, басқа әлемде баз кешіп тұрған жастар «сен не деп тұрсың өзі?» дегендей жақтырмаған көзбен жолсерікке ошары­ла бір қарап алып, қаннен- қаперсіз сағызын шайнап тұра береді. Жолсеріктің де «бейбақ жеңді, бишара көнді» дегендей амалы құрып, біраздан соң үні өшеді.

Ал, бұған кімді кінәлаймыз? Ең бірінші өзіміздің, айналадағы адамдардың, т ұ т а с т а й қ о ғ а м н ы ң саулығын неге ойламай­мыз? Карантиндік шектеу кезінде жолаушыларды автобустың алдыңғы есігінен бір-бірлеп кіргізіп, бетперде талап етіп тұрып алатын еді. Қазір оның бәрі жайына қалды. Осындай қарапайым сақтық шараларын қайта жандандырмасақ, жұқпалы дерт қаупі күшейетін түрі бар.

Топтасып жүрмеу, той- садақаларға шақырылатын адамдар санын шектеу ту­ралы Атырау облысының мемлекеттік Бас санитариялық дәрігерінің қаулысы бола тұра, тәртіпке бағынбай, 30-50 емес, жүздеген адамның басын қосып, топырлатып той жасап жатқан пысықайлар туралы да дүңк-дүңк әңгімелер естіліп қалады. Бұл енді қасақана жасалған қылмысқа тең десек, бәлкім, сәл асырып айтқан болармыз. Бірақ, басқаша жөндем сөз ауызға түспей отыр.

Енді «неге 30-50 адамға рұқсат беріп отыр?» деген сауал төңірегінде ойланып көрелік. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайға байланыс- ты белгілі бір мерзімге дейін той-садақаға мүлдем тиым салуға да болар еді. Бірақ, торқалы той мен топырақты өлім ағайынның арасын жақындатады. «Тірлікте сыйласпаған ағайын…» де­гендей, осындайда татулық пен бірлік сынға түседі. Соны ескеріп, осындай қадамға барып отыр. Мәселен, той-садақаға келген 30-40 адамның бірінен жаман ауру белгісі байқалса, олардың аты-жөндерімен есебін алып, оқшаулауға жеңіл болады.

Ал, құданың құдасы, курста­сы, әскери досы деп тізімді созып, одан да көп қонақ шақырса, тойдың берекеті болмайды. Той өткен соң Түркістаннан келген, Тараздан келген ет-бауыр жақындарды, қыз-күйеулерді іздеп тауып көр. Олар өз елдеріне барғасын вирус тасымалдаушы ретінде отбасы мүшелеріне ауру жұқтырмасына кім кепіл? Міне, ықшамдалған мобильді топпен жұмыс істеу, шағын той-садақа өткізу заман талабынан туын­дап отыр. Ең бастысы, орынсыз, абайсызда адам шығынына жол бермеу үшін сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек.

Жалпы, алдағы уақытта бұрынғыша аста-төк той жа­саудан адамдар саналы түрде бас тартатын болар деп ойлай­мыз. Өйткені, тәжтажалдың қыспаққа алуы дейміз бе, Жа­ратушы бір Алланың құдыреті дейміз бе, заман талабы дейміз бе, әйтеуір, жаңаша өмір сүру дағдысына бірте-бірте бейімделетінімізге еш күмән жоқ.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ

https://atr.kz/bez-rubriki/zhemqorlyqqa-qarsy-madenietti-akademi%d1%8flyq-ortada-qalaj-qalyptastyruga-bolady/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз