*ОЙ-САРАП: Ғаламтордағы айтыс ғұрыпқа сай ма?

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Мәдениет ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz / 17 шілде, 2020 жыл. Қазіргі карантин жағдайында көп сала, соның ішінде мәдениет те онлайн режимге ойысқан. Қазақтың қазақ болғалы бірге жа­сасып келе жатқан дәстүрлі айтыс өнері де солай. Осы орайда киелі сахнаны «ғажайып ғаламтор» алаңы алмастыра ала ма? Ен­деше, бұл туралы атыраулық ақындар не ойлайды екен?

«ОНЛАЙН-АЙТЫС» ОЙДЫ ЖЕТКІЗЕ АЛА МА?

Таңдай қақтырар техноло­гия жетістіктерін мәдениеттің сан саласына қолдануға бо­лар, тек айтысқа емес. Біз тілдескен атыраулық айтыскер Әнуарбек Садықовтың пікірі осыған саяды.

– Айтыстың ғаламтордан көрініс тауып жатқаны, бәлкім, бүгінгі күн талабынан туындаған шығар. Оған қатысушылардың дені жастар болғандықтан, құптарлық іс. Өкінішке орай, қазір ел үшін, жер үшін емес, бас жүлде үшін айтысатындар бар. Жыр бәйгесіне тігілетін жүлде қоры аздық етсе, ала­маннан бас тартатын ақындар да баршылық.

Атырауға келсек, жергілікті телеарналардың бірінен «он­лайн-айтыс» ұйымдастырылады деген жоспар жайында бұрын да естіген едім. Анық-қанығы әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, жұрт алдындағы жанды айтысқа ештеңе жетпейді ғой. Кешегі айтысты бүгінгімен са­лыстыру қиын. Біздің өңірден өзіміз секілді жастарға үлгі болар қаншама айтыскер түлеп ұшты десеңізші. Мәселен, Шынарбек Қабиев, Жәнібек Садыров, Серікбол Панабердиев, бұл тізімді жалғастыра берсе көп-ақ. Әрқайсысын халық қатты құрметтейді. Себебі, олар сыйлық алуға емес, халықтың мүддесі үшін айтысты, мұқ- мұқтажын жеткізуге асықты, – дейді ол.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Ал, жергілікті жас ақын Асылбек Есжанов, керісінше, заман ағымынан қалмаған дұрыс деп санайды. Өйткені, ғаламтордағы айтыс, бұл тек бар болғаны тәжірибе алаңы ғана.

– Әлеуметтік желіде тікелей эфирде сөз жа­рыс тыру да оңай шаруа емес. Бұл да айтыскерлерге зор жауапкершілік жүктейді. Яғни, мұндай айтысқа жастар бірнеше күн бойы барын салып дайындалады. Есесіне, үлкен сахнаға шықпас бұрын аз да болса тәжірибе жинап алады. Осындай жаңа жобалардың бірін белгілі айтыскер Ринат Зайытов жүргізіп жүр. Ол онлайн-айтыстан кейін кім қай жерден қандай қателік жіберді, кімнің сөзі орынды, кімдікі орынсыз айтылды, соның бәрін сарапшы ма­мандармен бірге сарапқа са­лады. Халықтың сүйіктісіне айналған ақын сынын көтеруге болады деп ойлаймын. Бұдан жастардың сағы сынбауы тиіс, – дейді ол.

А қ ы н д ы т а н ы м а л ететін телеарна да , ғаламтор да емес. Бұл – көрермендердің еншісіндегі дүние. Халықтың батасын ал­май елге танылу мүмкін емес. Арқалы аламанға енді қадам басып келе жатқан Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының т ү л е г і Ф а р и з а Жетпісбаева осылай ойлайды.

– Өзім әлеуметтік желіде айтысып көрмедім. Сондықтан мұның қаншалықты дұрыс н е м е с е б ұ р ы с е к е н і н нақты айта алмаймын. Егер халықтан сұраныс түссе, неге айтыспасқа? Бірақ, әрине, мұның тәрбиелік мәніне де көңіл бөлген жөн. Айтысу мәдениетін сақтау керек. Өзім шақырған жерден қалмауға ұмтыламын. Облыстық айтыстардың жүлдегері болып та үлгердім. Небәрі 17 жасымда Жүрсін Ермановтың айтысы­на шығып, арнайы сыйлыққа ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен жеңіс. Көбінесе, ұлтжандылық тақырыбында жыр тербегенді ұнатамын, – дейді сұхбаттасушымыз.

ЖАҺАНДАНУҒА ЖҰТЫЛМАСАҚ ИГІ…

Сонымен бірге, біз жазба ақындардың да пікірін білмек болып, республикалық жыр байқауларының лауреаты На­зира Әшімге сауал жолдағанбыз. Сонымен, ғаламтор ғажайыбы сахнадағы сөз сайысын а лма с тыра ала ма? «Рас, әлеуметтік желіде көрермендер аудиториясын кеңейту үшін өнер өкілдерін «жерден алып, жерге салатын» бағдарламалар өте көп. Мұны заманауи тілде «хайп» немесе «пиар» дейді. Өкінішке қарай, жаһанданудың бұл белгісі айтысты да айналып өтпеді. Ал, шын мәнінде ұялы телефон камерасының алдында отырып айтысу – киелі өнерді келеке ету деп түсінемін.

Екіншіден, ғаламторда айты­самын деп сөзден сүрінгендерді бейнемонтажбен кесіп алып, «ютуб» желісіне жүктейтіндер бар. Тіпті, өнерде оң-солын әлі танып үлгермеген жастардың кем-кетігін жамаудың орнына, оларды «балақтан тартатын» тіс қаққан ақындар да табылады» дейді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

  • *Әттеген-ай!..

«Өзгенің қаңсығы бізге таңсық па?»

– Шетелдің «рэп» жанрын қазақтың айтысына теліп жүргендер өздерін «суырыпсалма ақынбыз» деп санайды. Бұл дәстүрлі ән-күй тұрмақ, эстрадалық саланың да сәнін бұзуда. Айтыстың ауылы түрлі балағат сөздерге құрылатын «рэптен» әлдеқайда алыс жатыр. Екеуінің бір-біріне үш қайнаса да сорпасы қосылмайды.

Балғын сана бәрін бірдей қабылдай береді. Еліктегіш келетіндіктен, ештеңені де елеп- екшемейді. Міне, шынайы шығармашылықтың шырқын бұзғысы келетіндер осыны «пайдаланады». Мен де жастардың өкілімін, бірақ шектен шығар «жаңалықтарға» жатырқай қараймын. Себебі, айтыс секілді өресі биік өнердің өсіп-өркендегенін қалаймын. «Рэп түріндегі айтыс» деген сөздің өзі құлағыма түрпідей тиеді. Сондықтан, «Ғаламтордағы айтысты» да құптамаймын.

Нұрғиса АХМЕТҰЛЫ,

Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің студенті

Тобықтай ТҮЙІН

Биыл 175 жылдық мерейтойы аталып жатқан ұлы Абай атамыз да «Өлең – сөздің патша­сы» деп бекерге айтпаған ғой. Сөзден жыр құрау қиындықпен қатар зор жауапкершілік те жүктейді. Өйткені, отыз екі тістің арасынан шыққан сөз сонша рулы елге тарайды. Сондықтан, карантиннен кейін, яғни, алдағы уақытта айты­скерлер киелі сахнаның сәнін келтіріп айтысқаны дұрыс болар.

Ал, әлеуметтік желіні болашақ ақындарды психологиялық тұрғыда айтысқа дайындау үшін ғана қолданған жөн секілді. Ал, сіз не дейсіз, ойлы оқырман? Тақырыпқа қатысты ой-пікірлеріңіз болса, мархабат!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған