ОБЛЫСТАҒЫ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында қандай шаралар қолға алынады? Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік жеткілікті ме? Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте осы мәселелер талқыға түсті. Ол аймақта газ, коммуналдық қызмет, азық-түлік бағасы өспейтініне сендірді. Жиынға онлайн режимінде қатынасқан аудан басшылары бүгінгі таңдағы ахуалды баяндады. 

 

Аймақ басшысы бірінші орынбасарының хабарлауынша, жұмыс тобынан құралған арнайы штаб шұғыл түрде іске кірісті. Аудан әкімдеріне де нақты тапсырмалар берілді. «Біріншіден, табиғи газ қымбаттамайды. Оның үстіне, біз газды «Теңізшевройл» ЖШС-нен теңгемен сатып алып отырмыз. Яғни, доллар курсының өзгеруі бұрынғы бағаға еш әсер етпеуі керек. Бірақ, мүмкіндікті қалт жібергісі келмей, қитұрқы әрекетке баратындар да табылуы ғажап емес. Бұл ретте Табиғи монополияларды реттеу агенттігі қадағалау жұмыстарын күшейтеді. Жанар-жағармай бағасы өспейді. Алаңдауға еш негіз жоқ»,-деген Ғұмар Ислямұлы Үкімет қаулысымен бекітілген отыз үш түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасында айырмашылық болмайтынын атап айтты. Өйткені, тарифтер теңгемен төленеді, жанар-жағармай да қымбаттамайды. Демек, азық-түлік те тұрақты бағамен сатылуы тиіс. Ал, тұрақтандыру қорындағы картоп, пияз, қырыққабат, қызылша, сәбіз былтырғы жылдың желтоқсан айынан-ақ төмен бағамен сатылуда. Дегенмен, тұрақтандыру қорынан жеткізілетін өніммен аудандардың қамтылу деңгейі әртүрлі. Мысалы, Құрманғазы, Исатай аудандарында бұл көрсеткіш тіптен төмен. 

 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев көтерме тауар жеткізушілермен келіскенін, енді тұрақтандыру қорындағы өнімдерді сатудың мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде мәселе қозғады. 

Облыс басшылығы қаладағы ірі сауда орындарының бірі – «Дина» сауда орталығының жетекшісіне бағаны тұрақтандыру бағытында орынның бәсін төмендетуге ұсыныс жасады. Бизнес иесі мүмкіндігіне қарай қолдан келгенше көмектесетінін айтты. Ал, қала әкімі Серік Айдарбековке бағаларды бақылап отыруға, бүгінгі ахуалды БАҚ-та көрсетіп отыруды тапсырды. 

Жиында аудан әкімдерінің атқарып жатқан жедел іс-шаралары баяндалды. Мәлім болғандай, барлық ауданда  дерлік  жағдай тұрақты, өсім байқалмайды. Осы орайда «Лидер», «Идеал», «Атаба», «Анвар»  супермаркеттер желілерінің басшылығы да азық-түлік бағасын негізсіз көтермеуге уәде берді. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары айтылған мәселелерді аяқсыз қалдырмай, шешімін табуға жәрдемдесетінін атап көрсетті. Сонан соң қаладағы ірі сауда орталықтары басшылары мен қала әкімі  бағаны негізсіз өсірмеу бағытында Меморандумға қол қойды.

Айта кетелік, дүкен немесе базар сөрелерінде бағаның өсімін байқаған тұрғындар 27-28-31 немесе 27-28-12 (Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің) телефон нөмірлеріне қоңырау шалып, шынайы ахуалды хабарлай алады. Сол бойынша нақты шаралар алынады.   

 А. МҰРАТҚЫЗЫ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз