Оқу жылын қорытындыласақ…

Оқу жылын қорытындыласақ Білім

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз клубында облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз брифингін өткізді. Оның айтуынша, аймақтағы 192 мектепті биыл 109078 оқушы аяқтап отыр. Соның ішінде 11 сыныпты тәмамдаушылар – 4514, ҰБТ-ға қатысатыны – 3339, бұл барлық бітірушінің 72,9 пайызын құрайды.

Оқу жылын қорытындыласақ

Міне, мектеп қабырғасында алған білімнің сараланатын шағы да таяу қалды. Биыл түлектердің 99-ы – «Алтын белгісін», ал, 56-сы «Ерекше үлгідегі аттестатын» қорғайтын болады. Өткен оқу жылында жаңартылған білім мазмұны бойынша білім беру қолға алынған болса, биыл осыған екінші, бесінші және жетінші сыныптар көшеді. Әрине, бұл жолда мұғалімдердің өздері де біліктілігін арттыруда. Облыста осынау жаңа бағдарлама бойынша 2244 мұғалімнің   тиісті курстан өтуі жоспарланса, соның қазір 1140-ы өтіп отыр.

Көп тіл білгеннің пайдасы зор екеніне елдің көзі әлдеқашан жетті. Сондықтан, курстар информатика, физика, химия, биология пәндері бойынша үш тілде өткізілетін болады. Алдағы жаңа 2017-2018 оқу жылында 37 сыныпта осы аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту пилоттық жоба түрінде енгізілмек.

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп…»

Мектеп оқушылары үшін жазғы демалыстың орны ерекше. Мектеп жанындағы лагерьлерден бөлек, «Бесікті», «Жас өрен», «Арай», Железноводск қаласында «Геолог Казахстана» лагерьлері бала қабылдауға  дайын. Сонымен қатар, балалар шипажай үлгісіндегі, бейіндік, дебаттық, тілдік демалыс орындары, Италия еліндегі (АДЖИП демеушілігімен), «Машат-Арасан», «Балдәурен», «Бөбек» демалыс орындарында демалмақшы.

Оқу жылын қорытындыласақ-2

Жалпы балалардың жазғы демалысы үшін 317 млн. 216 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл – өткен жылғы қаражатпен салыстырғанда 32 пайызға көп.

Уақыт талабына сай үрдіс

Түрлі жоғары оқу орнын бітіріп, лайықты жұмыс таба алмай жүрген жастар қаншама? Олардың қатарында тепсе темір үзетін жігіттер көп-ақ. Осындай жастардың екінші жұмысшы мамандығын алып, өнікті де табысты қызмет істегені өзіне де, қоғамға да пайдалы емес пе?!

Бүгінде облысымызда 17 мемлекеттік, бір ведомстволық, жеті жекеменшік техникалық кәсіптік оқу орны бар болса, солардың республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын білім ошақтарында 9 және 11 сынып бітірген түлектер, бұрын жұмысшы мамандығын алмаған 24 жасқа дейінгі жастар тегін білім алады.

Атырау қаласы мен облыс халқының саны өскен сайын оларға қазіргі бар балабақшалар мен мектептер аздық етуде. Осы себепті қазіргі күнде 12 мектеп пен бір қосымша білім беру ұйымы, 13 балабақша құрылысы жүріп жатыр.

Брифингте  бұл айтылғандардан басқа, студенттердің жазғы демалыс лагерьлерінде жұмыс жасауы, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқару, сала мамандарының тапшылығы, оқулықтар жайы, жекеменшік балабақшаларға қатысты көптеген сауалдар қойылды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз