Қоғамның қозғаушы күші

билим Білім

Атырау облысы әйелдер көшбасшылығы жазғы мектебі шеңберінде өткен семинар-тренингте жетекші қызметте жүрген ханымдар мен кәсіпкерлер бас қосты. Шараны «Атырау әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Оған облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетті.

– Осыдан төрт жыл бұрын 72 ауылдық, селолық округ әкімдерінің жетеуі әйел адам болса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш аздап төмендеп отыр. Сондықтан, Атырау қаласы және аудандық деңгейдегі әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар осы мәселеге баса назар аударғаны дұрыс. Алдағы жылы өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына қатыса алатын нәзікжандылар белсенділігін де арттыру керек.

Жоғары мемлекет билігінде де, жергілікті деңгейде де саяси жұмыстарға қыз-келіншектер толыққанды қатыстырылуы тиіс. Сондықтан, қоғам әйел-саясаткерлерді даярлауға қамқорлық жасайды» – дейді «Атырау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлы Әйтиева.

%d0%b1%d0%b8%d0%bb%d0%b8%d0%bc

Үйдің жұмысымен бірге, түздің де тірлігін қоса атқаратын замандастарымыз бүгінде сан салада қызметте жүр. Әсіресе, олар орта және шағын кәсіпкерлікте көп шоғырланған. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірованың айтуынша, бұрын кәсібін бастап, өз ісімен айналысамын дегендерге мемлекет үш миллион теңге көлемінде қаражат беретін болса, енді бұл соманы бес миллион теңгеге дейін көтеру қаралуда екен. Білгеніміздей, Атырау қаласы бойынша, есепті мерзімде кәсібін ашуға 51 өтініш түссе, оның 30 пайызы қолдау тапты.

Семинар барысында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының менеджері Нұргүл Құсайынова «Әйелдердің ел экономикасының дамуына қатысуы: «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы» тақырыбында баяндап, мол мағлұмат берді.

«Қоғамның қай саласын да әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Бүгінгі күні нәзікжандылар мемлекеттік маңызды мәселелерге де араласып, олардың оң шешілуіне ықпал етіп отыр. Дегенмен, мансап қуу басты қағида емес. Әйел ең алдымен, ана, жар, келін екенін естен шығармауы тиіс» деген «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Жанар Байсемізова өзі қызмет ететін арнадағы қыз-келіншектердің тұлғалық қабілетін ашатын бағдарламаларға тоқталды. Жүгенсіз қыздың қоғам қасіреті екенін айтқан ол, көкек аналар туралы ойын да ортаға салды. «Бұл жерге жиналғандың дені басшылық қызметтегілер. Осы орайда, өздеріңіздің қарамағыңыздағы қыз-келіншектерге дәрістер ұйымдастырылса» деген ұсынысын жеткізді.

Ал, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының кафедра меңгерушісі Жаннат Асабаева «Қазақстан әйелдерінің заманауи имиджін қалыптастыру», облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Тамара Аман-Турлина «Әкімдерді сайлау технологиясы: ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктері» тақырыптарында сөз сөйлеп, семинар жұмысына қатысушылар арасында тренинг өткізді. Соңынан сертификаттар тапсырылды.

Рита Өтеуғали

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз