Нұртөре Жүсіп: Сөзуарлықтан – сөз ұғарлыққа, еріншектіктен – еңбекшілдікке көшуіміз қажет

e298b58d 5b4a 4b6e 99e1 1881f01284dd Жаңалықтар

Atr.kz/9 наурыз, 2020 жыл. «Сөзуарлықтан – сөз ұғарлыққа, еріншектіктен – еңбекшілдікке көшуіміз қажет лесу – кез келген Қазақстан азаматына пайдалы болар еді» дейді депутат Нұртөре Жүсіп.

-Ортақ түсіністік ортақ тіл арқылы қалыптасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру қажеттігін айтты. Осы мәселеге қатысты пікіріңіз қандай?

– Қолдаймын. Халқымызда «Тілі басқа, тілегі бір, Жүзі басқа, жүрегі бір» деген керемет сөз тіркесі бар. Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғалы 30 жылға жуықтады. Тіл мәселесінде анау Балтық, Кавказ немесе Украина елдері тәрізді тым қызбалыққа салынбады. Тілді саясат сойылына айналдырмады.

Бұл елдің демографиялық және жағрапиялық жағдайына тікелей байланысты болды. Олқы ортамыз толғанша, дегеніміз болғанша біраз уақыт керек болды. Мұны түсінетіндер де бар, түсінбейтіндер де бар. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзі елдің бәріне, бүкіл қазақстандықтарға айтылған сөз. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білу талабын қатаң міндеттеу қажет. Стратегиялық тұрғыдан алғанда елдегі балабақшаның бәрін мемлекеттік тілде тәрбие беретін орталықтарға айналдыру өте маңызды.

Тағдыр тәлкегімен елімізге талай ұлт пен ұлыс өкілдері келді. Кезінде қарашекпенділер келгенде олар бірінші кезекте қазақтың тілін меңгеруге, салт-дәстүріне құрметпен қарауға тырысты. Сондай азаматтарды біздің қазақ «Тамыр» деп бауырына тартқан еді. Тамырлас болу – қандас болумен бірдей. Осындай тамырластық жыл өткен сайын күшейе беруге тиіс еді. Өкінішке қарай, өте қиын кезде бір-бірімен тамыр болған, туыстасқан адамдардың ұрпағы қазіргі таңда бір-бірінен алшақтап барады.

Тамыр болу – тағдырлас болу деген сөз. Бауырластықтың осы жолын жалғастыру керек. Сондықтан, басқа ұлт пен ұлыс өкілдері тарапынан қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қарау, қазақтың тілін меңгеруге көңіл бөлінуі керек. Әлеуметтік желіде көшіп кеткен немістердің қазақтың салт-дәстүрін әлі күнге дейін ұмытпай, елдік қасиетімізге деген құрметіне куә болдық. Осындай жарасымды қарым-қатынас тіл арқылы қалыптасады. Қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру қажет дегенде Мемлекет басшысы елдегі татулық пен тұрақтылықты нығайтудың төте жолын меңзеп отырған жоқ па?

– Өкінішке қарай, Қордай оқиғасы тұсында әлеуметтік желіде нешетүрлі пікір өрістеді. Халықты бір-біріне қарсы қою, тіпті арандату ұрандары көтерілді. Желіде желдей ескен сөздер көңілдерге сызат түсірмей ме? Елдегі тұрақтылыққа салқынын тигізбей ме?

– Адамдардың арасын көзге көрінбейтін өте нәзік бір жіп жалғап тұрады. Мұны біздің қазақ «көңіл» деген ұғыммен байланыстырған. Кенеттен туындаған қазақ-дүнген жанжалы оңай болған жоқ. Ойсыздық түбі – ойран. Адам шығын болды. Бұл – ауыр қасірет. Тәнге түскен тыртық та жазылады. Жанға түскен жыртық ше? Мұндайда біз халық даналығына жүгінуіміз керек. Ауыл ақсақалдары елді біріктіру бағытында жұмыс жүргізіп, елдегі береке-бірлікті нығайтып, жастарымызға дұрыс жол көрсетіп, тәрбие беруі керек.

Қазақ пен дүнгенді татуластыру үшін не істеу керек екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының алғашқы күнінде Қордай ауданына жұмыс сапарымен барғанда айтты. «Қордайда болған оқиға халқымыз үшін ауыр соққы болды және әлем назарын өзіне аударды. Бұл қақтығыс мемлекетіміз бен халқымызға нұқсан келтірді. Біз біртұтас ұлт ретінде келеңсіз құбылыстан сабақ алуға тиіспіз. Бізге мұндай оқиғаның болашақта қайталануына жол бермеу керек», – деді. Әлгінде Тәуелсіздікті ортақ құндылық ретінде қабылдауымыз керек деген ойды осындай оқиғаларды болдырмас үшін айтып отырмын.

– Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы шын мәніндегі мемлекет құраушы ұлтқа айналды. Тәуелсіздікті баянды етудің тетіктері қандай?

– Рас, қазақ халқы – мемлекетті құраушы ұлт. Бұл «біз бәрін билеп, төстейміз» деген сөз емес. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін ерекше жауапкершілік. Қазақ үшін қасиетті борыш. Елдің тағдырына, тұрмыс-тіршілігіне, бүгіні мен ертеңіне, бір сөзбен айтқанда барлық мәселеге ең алдымен қазақ ұлты жауапты. Бұл жауапкершілікті ешкім мойнымыздан алып тастаған жоқ. Осы ой кез келген Қазақстан азаматының қаперінде тұруы керек.

Пікір алуандығы, түрлі көзқарастың болуы – заңдылық. Түрлі мәселеде айтысуға, тартысуға, таласуға, дауласуға болады. Бірақ жауласуға болмайды. Тұрақтылық болмаса, тәуелсіздігімізге қауіп төнеді, мемлекеттің іргесі шайқалады, бетін аулақ қылсын, тіпті елдіктен айырылып қалуымыз мүмкін.

– Қазақтілді кеңістік қазір күшейіп келеді. Әлеуметтік желіні көктей шолып қарайтын болсақ, сөзге бар да, іске жоқ секілдіміз. Бұған не айтасыз?

– Жамбыл облысына жасаған сапарында Қазақстан Президенті мынадай пікір айтты: «Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл, ең алдымен, кеңшілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Біз басқа ұлттарға, өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуіміз керек. Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет. Бірақ осындай теріс пікірлерді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсетуіміз керек».

Мемлекет басшысының осы пікіріне терең назар аударып қарайтын болсақ, қазақ ұлты үйренуші ұлттан – үйретуші ұлтқа айналуы тиіс деген маңызды көзқарасты көреміз. Яғни, «мынау жалқау қазақ», «жұмыссыз қазақ», «жетесіз қазақ», «намыссыз қазақ» деген көзтүрткіге қалмауға тиіспіз. 2000-шы жылдары «Біз кімнен кембіз?» деген кітап жаздым.

Қазақстан – кең-байтақ: жерінің асты да, үсті де бай; осындай елде жұмыссыз адам болуға тиісті емес! Бірақ, әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40 пайызға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемаларын бастарынан өткізеді екен. Рас, жастардың арасындағы жұмыссыздық әлемдегі барлық елдеде өткір мәселеге айналып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді. Өкінішке орай, Қазақстан жастарын кәсіпкерлік саласы әлі күнге шейін онша қызықтырмай отыр.

Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51 пайызының бизнеспен айналысу туралы ой жоспарында жоқ көрінеді. «Құдай береді» деп шалқадан түсіп жатқандар көп. «Еңбек қылсаң қара жер де береді» дейді Абай. Бос сөзбен, бітпейтін даумен айналысу кім кімге де опа бермейді. Жапон неге алға озып кетті? Оңтүстік Корея неге орта жолда тоқтап қалмады?

Малайзия мен Сингапур не себептен секіріс жасады? Қытай неге қауырт қыбырлап жатыр? Өзбектің жағдайы неге өзгеріп жатыр? Осы елдердің қай-қайсысына қарасаңыз да Еңбек ету қағидасын басшылыққа алғанын көреміз. Біз жерге еңкеймей жатып, «бер де бер» деуге құмармыз. Адал нәсіп – адал кәсіпте. Айналысамын деген азаматқа біздің елімізде ауыл шаруашылығында, экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм салаларын дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар ғой. Ұлт ретінде әлемдік қауымдастық көшінен қалмаймыз десек, сөзуарлықтан – сөз ұғарлыққа, еріншектіктен – еңбекшілдікке көшуіміз қажет. Сонда ғана сауапты, сауатты әрі жауапты ұлтқа айналамыз!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Дереккөз: tengrinews.kz

http://atr.kz/bez-rubriki/%d2%9baza%d2%9bstan-%d2%9bauipti-elder-%d2%9bataryn-atady/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз