Өнердің сарабдал саңлағы

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұлы қобызшы-композитор Ықылас Дүкенұлының ұрпағы, «Қобыз» номинациясы бойынша республикалық конкурстар мен халықаралық фестивальдардың лауреаты, «Ықыластың қобызы» атты ән жинағының авторы Ақнар Шәріпбаеваның «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты кітабының тұсаукесері өткізілді.

Кездесуді ашқан Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі орындаған дауылпаз күйлер көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлады. Көркем безендірілген кітап қазақтың белгілі күйшісі, жерлес композитор Сейілхан Құсайынов пен қобыз өнерінің алғашқы қарылғаштарының бірі, қазақ музыкасының ірі өкілі Раушан Нұрпейісованың өнер жолына арналған. Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырған кездесу кешіне кітап кейіпкері атақты қобызшы Раушан Нұрпейісова, күйшінің ұлы, белгілі музыкант, доцент Еділ Құсайынов, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп, экономика ғылымдарының докторы Т.Қарамұрза сынды өлке зиялылары қатынасты.

Тұсаукесер кештің тізгінін қолға алған белгілі өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев тарих тұңғиығынан сыр шертіп, әйгілі «Мереке», «Ақ Жайық», «Жастар Байжұмасы» күйлерінің авторы, күйші С.Құсайынов туралы тыңдармандар үшін қызықты деректер легін ағытты. Күйшінің жары Р.Нұрпейісова аталмыш кітаптың дүниеге келуі, қазақ музыкасының, қобызшылық өнердің қалыптасу жолы, жары туралы әдемі естеліктерін айта келіп, осы еңбекті дүниеге әкелген авторға үлкен ризашылығын білдірді. Кездесуде сөз алған Еділ Құсайынов ата-анасы туралы, өзі өскен орта туралы тебірене баяндады.

«Қазақ өнерінің қайнар көзі», «Ұлы еңбек жалғасын тапқанда» атты екі бөлімнен тұратын кітапта сазгерлердің өскен ортасы, білім алған белестерінен өзге қазақ музыкасының ақтаңдақ беттері, Атыраудағы Академиялық оркестрдің бағындырған биіктері туралы, жарқын жетістіктер мен тынымсыз еңбектің нәтижесіндей шуақты сәттер туралы әсерлі баяндалған. Кітаптың тілі жатық, бояуы қанық, оқырманын өткен күндерге еріксіз сүйрей жөнелетін шебер баяндау мен терең мазмұнға бай. Осындай еңбектің авторының өзі қазіргі таңда оркестрде жеке орындаушы – қобызшы боп қызмет етеді. Ұлы күйшінің ұрпағы Ақнар бүгінде қобыз өнерін әлемге насихаттап жүрген белгілі өнер майталманы.

Қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергеновтың С.Құсайыновқа арнаған өлеңінде мынадай шумақтар бар:

Бірімізге біріміз арнап барып,

Кезігеміз арманнан арна ақтарып.

Амал қанша, тағы да айырыламыз,

Тарнау жолдар тартқанда тармақталып.

 

Жазатайым сырлассам біреуменен,

Тау тұрғандай алдымда тіреу көрем.

Мен қайтейін балапан ғасырларым,

Өтсе түгел амандық тілеуменен.

Сонау 1946 жылы атақты Ахмет Жұбановтың сынағынан өтіп, Алматы консерваториясына түскен қос дарынның өнердегі де, өмірдегі жолдары да айырылған емес. Қазақ музыкасы үшін, болашақ өнерпаз ұрпақ үшін қастерлі есім боп сақталатын саңлақтардың есімін санада жаңғыртқан ізгілікті істер жалғаса берер… Қазақтың киелі топырағы әлі талай дарынды дүниеге әкелер… Соған куә болар елдің ертеңі бейбіт болғай…

Әлия Дәулетбаева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз