НАЗАРДАҒЫ НЫСАНДАР қашан пайдалануға беріледі?

IMG 2524 gorod Atyrau Жаңалықтар

Аtr.kz/16 мамыр, 2019 жыл. Бұған дейін де айтылып жүргеніндей, соңғы кездері облыс орталығы Атырау қаласында әлеумет үшін маңызы зор, әлеуетімізді арттыратын бірнеше құрылыс нысаны жобаланып, жүзеге асырылуда. Жұртшылықты осы құрылыс алаңдарында жүргізіліп жатқан жұмыстар барынан хабардар қылу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін кезекті баспасөз туры өткізілді.

Алдымен маңдай тірегеніміз – кәріз суларын тазарту қондырғысы болды. Жобалық құны 10 млрд.теңгені құрайтын, тәулігіне 70 мың текше метр кәріз суын тазалау мүмкіндігі бар мұндай нысан бұрын-соңды болмаған. Қаланың әрбір мөлтек ауданында салынып, ондаған жылдар бойына пайдаланылып келген кәріздік сорғылау стансалары арқылы жинақталған лас су бірден қала сыртындағы булану алаңына айдалатын. Сол себепті де ол жаз мезгілінде, әсіресе, ауа райының ыстық кездерінде экологиялық тұрғыдан қолайсыздық туғызатын. Енді, жаңа нысан құрылысының қолға алынуымен байланысты болашақта бұл қиындықтан шығудың мүмкіндігі тумақ.

– Бұл жоба осыдан біраз уақыт бұрын басталған еді. Алайда, қаржы тапшылығына, басқа да жағдайларға байланысты қалып қойған. Содан 2017 жылдың жазында қайта жанданды. Бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар да атқарылуда. Жобаны тапсырысшысы біздің басқарма болса, орындаушысы, яғни мердігері «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы. Нысанның жобалық қуаты 70 мың м3, ал қазірде қаламызда күніне шығарылатын кәріз суының көлемі соның тең жартысы, яғни 35 мың м3-ді құрайды. Атап айтуға тұрарлық жайт, болашақта бұл қондырғының тәуліктік қуаттылығын 100 мың м3-ге дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған. Және де осы айтылып отырған кәріз суларын тазарту нысаны Жайық өзенінің сол жақ жағалауын қамтиды. Пайдалануға берілгенде мұнда қала аумағында соңғы жылдары бой көтерген мөлтекаудандар мен маңындағы ауылдық елді мекендер қосылады, – деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде жобада қарастырылған жұмыстардың тең жартысына жуығы аяқталған. Бетондау, негізгі магистралды құбырларды төсеу, кәріз сулары айдалатын арналарды жайғастыру, технологиялық процестерге арналған имараттар мен қондырғыларды орнату сияқты шаруалар реттеле келген. Кәріз суларын тазартып, тұрмыстық, шаруашылық мақсатта пайдалануға болатындай техникалық су деңгейіне жеткізу үшін қажетті бактериологиялық өңдеу, биологиялық тоғандардан өткізу тәрізді жұмыстар да жоспар-кестеге сәйкес орындалу үстінде екен. Өзге де көптеген шаралардың рет-ретімен жүзеге асырылып жатқандығын білдік. Оған қоса, аталған нысан құрылысына бөлінген жерді қайта өңдеу де назардан тыс қалмайтындығы мәлімделді. Ал, сол жақ жағалауда салынатын осындай нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Оның тәулікттік қуаттылығы 35 мың текше метр көлемінде жобаланса, құрылыс-монтаж жұмыстарын мемлекеттік-жекешелік әріптестік  шеңберінде жүргізу ойластырылуда.

   Келесі нысан – Атырау халықаралық әуежайына барар жолдың бойында бой көтерген жастар мен оқушылар сарайы. Жалпы ауданы 19 мың шаршы метрді, құрылыс учаскесінің аумағы 3,5 гектарды қамтитын, 4 қабаттан тұратын бұл ғимараттың құрылысы да алдыңғы жылдың соңында басталған. Жоспар бойынша 2019 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру көзделген. «Шеврон» мұнай компаниясының демеушілік қаражатымен, «ARSM» ЖШС-нің мердігерлігімен салынып жатқан ғимараттың бірінші қабатында вестибюль, интернет орталық пен медиатека, компьютерлік кескіндеме кабинеті, көпфункциялы зал, көрме музей, тренерлік тир, 300 орындық акт залы, бассейн, 50 адамға арналған асхана, басқа да орындар қарастырылған. Екінші қабатта ағылшын, француз, түрік, қазақ және орыс тілдері, музыкалық-теориялық сабақтар өткізу сыныптары, астрономия, ғаламтану кабинеттері, театр студиялары, өзге де өнермен байланысты бөлімдер орналастырылады. Үшіншісінде физика, экология, өлкетану пәндік кабинеттері, биохимиялық зертхана, жас натуралистер үйірмесі, мүсін жасау, бейнелеу студиялары болады. Төртіншісінде жас өрендерді заманауи техникалық мамандықтарға машықтандыратын сыныптар мен зертханалар жайғастырылады. Ал, астыңғы қабатта әкімшілік, спорттық және көркем гимнастика, баскетбол, жеңіл атлетика залдары, т.б. спорттық ойын түрлері өткізілетін орындар болады деп күтілуде. Мұнда да құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандығын білдік.

Әлеумет назарындағы құрылыс нысандарының бірі – Атыраудағы «Исатай-Махамбет» алаңының реконструкциясы. «НКОК» компаниясының қаржыландыруымен 2018 жылдың маусым айында құрылысы басталған бұл нысанның мердігері «БатысАльянсСтрой» ЖШС. Серіктестіктің бас директоры Әділ Жұбановтың мәлімдеуінше, реконструкциядан өткізілген алаңды пайдалануға беру мерзімі 2019 жылдың қыркүйек айына белгіленген. Дегенмен қазіргі қарқынға қарап, құрылысшылар оны уақытынан бұрынырақ, Ата заң – Конституция күні қарсаңында тапсыруды мақсат тұтқан. Жалпы ауданы 4,7 гектарға жуықтайтын алаңның қақ ортасында «Домбыра» монументалды композициясы (биіктігі 2,83 метр) орналастырылады. Оның тұғыртасы ақ түсті, қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен бедерленген ақ граниттен қаланады. Осы композицияның ауданының өзі 64,7 м2-ді құрайды. Оны қалқалап тұратын декоративті қабырға ақ мәрмәрдан өрілген.

Мамандардың түсіндіруінше, аталып отырған ең басты сәулеттік композиция бір мезгілде ашылып тұрған гүлді және шығыс халықтарының керемет ою-өрнегін бейнелейді. Орталық бөлігі әрленген граниттен соғылған рельефтік элементтерден түзілген. Қас бетінен қарағанда, композицияның өзі  биіктерге қарай ұмтылған көпқатарлы нысан формасын береді. Алаңды айнала тұрғызылған төрт декоративті элептикалық қабырға қосыла келе түтас бір шеңберді қалыптастырады.  Сонымен қатар, жобада өлшемі 12,0х12,0 метрлік, су бұрқақтарымен бірге салынатын бес бассейн тұрғызу жоспарланған. Ал, ең үлкенінің өлшемі 21,0х21,0 метрге есептелген. Әрбір бассейннің жанында адамдар отыратын орындықтар мен жасыл төсеніштер (ауданы 704,2 м2) орналастырылады. Сол сияқты, бірнеше ашық және жабық түрдегі, түрлі-түсті музыкамен, әдемі шамдармен безендірілген осындай шағын сәулеттік формалардың  болатындығы айтылды. Қазірде мұнда 100-ге тарта адам еңбек етіп жатса, жұмыстың ауқымы мен қажеттілігіне қарай олардың саны өзгеріп отырады. Бір сөзбен айтқанда, жаңартылған алаңның аумағы кеңейтіліп, көліктер тұратын орындар көбейтілумен бірге, атыраулықтар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мүмкіндіктердің де аз болмайтындығын мердігер мекеме басшысы алға тартты.

Жангелдин мен Құлманов көшелерінің қиылысында орналасқан «Ту тұғыр» да тұрғындар назарын аударған нысандардың бірі саналады. «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен жобаланып-жоспарланған нысан құрылысын салуды «Кастадор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндетіне алған. Былтырғы тамыз айында алғашқы қадасы қағылған бұл нысанның да өзіне тән ерекшеліктері барын байқадық. Мәселен, биіктігінің 91 метр болуы еліміздің тәуелсіз мемлекет танылған жылын бейнелейді. Тұғыртасы 2,26 метрді құраса, Тудың өлшемі 15х7,5 метр. Астана әрқайсысының ұзындығы 7 метр 81 қада қағылған. Нысан негізінен эркерлік композициядан және су бұрқақтарынан тұрады. Аумағын абаттандырып, айналасын адамдардың бос уақытын мәнді де мазмұнды өткізуіне қолайлы шағын нысандармен, жайлы орындармен толықтыру да жоспарға енгізілген.

Баспасөз туры барысындағы соңғы аялдама – Атырау қаласындағы Жайық өзені жағалауын абаттандыру жұмыстары болатын. Жалпы ұзындығы 1 861 метрге есептелген нысан үш учаскеге бөлінген. Бейбарыс даңғылымен өтетін автокөлік көпірінен басталатын бірінші учаскенің ұзындығы 550, ені 83 метрді құрайды. Жоба бойынша мұнда жағажайға келушілер үшін жаяу жүргіншілер аймағы мен екі су бұрқағы қарастырылған. Оның біреуі классикалық үлгіде болады. Сонымен бірге, адамдардың төмен қарай түсіп, кері көтерілетін баспалар, балалардың ойын алаңқайлары да осында ойластырылған. Екіншісі (ұзындығы 644 метр,ені 17-27 метр аралығында ауытқып тұрады) солтүстік жағынан біріншісімен шектеседі. Жаяу жүргіншілер аймағының өзен жағасымен қабысатын тұсына биіктігі 0,95 метр металл бағаналар мен секциялардан құрастырылған қоршаулар орнатылады. Сол сияқты үшінші учаске (667 метр) де солтүстік бағыттан екіншісімен түйіседі. Бұл – облыстық әкімдіктің тұсы, Бейбарыс алаңының алды. Мердігер мекеме «КА-Строй ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Мөңке Шлыковтың айтуынша, кейбір қиындық-кедергілерге қарамастан, 2018 жылдың қазан айында басталып, келер жылдың шілдесіне аяқталуы жоспарланған құрылыс жұмыстарының орындалысы 30 % – ға қамтамасыз етілген.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз