Назарбаев алпауыт территорияны Қазақ елінің меншігінде сақтап қалды

1885 Жаңалықтар

Atr.kz/19 наурыз, 2019 жыл. «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз, жасапмаз, қуатты мемлекетті құрушы тұлға ретінде тарихта қалды» деді белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали Atr.kz-ге телефон арқылы берген эксклюзивті сұхбатында.

-Үндеуді қалай қабылдадыңыз?

– Елбасының мерзімінен бұрын өкілеттілігін тоқтату туралы шешімі – тосын жағдай болды. Тіпті, мұндай жағдайды саясаттанушылардың өздері күтпеді. Бұл жағдай тәуелсіз Қазақстан тарихына мемлекеттің саяси сахнасындағы ерекше оқиға ретінде еніп отыр.

– Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырындағы Тұңғыш Президенттің  басты еңбегі ретінде нені атар едіңіз?

– Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған қайраткер. Ең бастысы, Елбасы күйреген Кеңес Одағы дәуірінен кейін алпауыт территорияны Қазақ елінің меншігінде сақтап қалды. Ресми түрде шекарамыз шегенделіп, Қытай, Ресей сияқты алып мемлекеттермен қарым-қатынасын реттеп берді.

20170710030922665 big
Әзімбай Ғали

Қазақстан – нарықтық экономикаға көшу арқылы, соны қадам жасады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикасы 500 пайызға өсті.

Және тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігіміз – еліміздің бірлігі. Ынтымақты тірліктің сақталуы. Президент әлемге «қазақстандық жол», «Назарбаев моделін» қалыптастырды. Дүниежүзіне бейбітшілік жаршысы ретінде танылды.

-Ел өмірінде енді қандай өзгерістер күтіледі?

– Енді елімізде саяси-құқықтық реформа басталады. Экономикаға екінші серпін керек. Алдағы уақытта Парламент құзіреті одан әрі кеңейе түседі, Сот билігі дербестенеді деген сенім бар.

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үшін ерекше модель жасап берді. Тәуелсіздік елең-алаңында билікті Президент құзіретіне топтастыру арқылы, экономикалық жаңғыртуға қол жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биліктен толық кеткен жоқ. Ол ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің өмір бойғы төрағасы болып қала береді.

Ендігі кезеңдегі жаңа билік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси реформасын жалғастырып, одан әрі дамыту жолында жұмыс атқаруы тиіс.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз