Насихаттық топ – Атырауда

Насихаттық топ – Атырауда Жаңалықтар

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде құрылған насихаттық топ мүшелері ат басын Атырау облысына бұрды. Ақын, Шешен Республикасының ұлттық батыры, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков пен Қазақстан Жазушылар Одағының  басқарма мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Жұмабай Шаштайұлын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қабылдады.

Насихаттық топ – Атырауда

– «Әлемді өзгертемін десең, өзіңнен баста» деген екен Махатма Ганди. Елбасының аталған мақаласы барша қазақстандықтың көкірегінде сөніп бара жатқан жалынды қайта тұтатып, қоғамға  сілкініс әкелгені шындық. Махамбеттің елі мен үшін ыстық. Мен – балаларымды Махамбет өлеңімен жұбатып өсірген адаммын. Махамбет туралы кітап жаздым.

Бүгінгі күні Атырауға келіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үн қосу – мен үшін бақыт.  Атырау – ата ерліктің елі. Осы сардалада ата-бабамыздың ерлік іздері сайрап жатыр. Ұл-қыздарымызды батыр бабалар рухында өсірген жөн. Бауыржан Момышұлы: «Мен екі нәрседен қорқамын. Бірінші – бесік жырын айт-пайтын ана, екіншісі – немересіне ертегі айтпайтын әже» деген екен. «Баланың балалығын тыйғанша, даналығын тыйдым десеңші» депті үлкендер. Ұрпақты халықтық педагогика аясында өсірген жөн. Ауыз әдебиетімен еркін сусындап өссін. «Әдебиет пен мәдениет жоқ жерде сатырлаған қару мен сытырлаған ақшаның ғана дыбысы шығады» деген сөз бар Қытайда. Қазақ өзі Көкбөрі тектес ұлт еді. Елбасының санаға сілкініс сыйлаған мақаласынан ұлтымыздың рухани жоғы түгенделіп, жоғалтқанымызды тауып, қалпына келтіреміз деген үміт бар. Қазақ елі тәуелсіздіктің шамын жақты, әрине, бақыттымыз. Тәуелсіздік баянды болу үшін тамырымызды – дәстүрімізді ұмытпауымыз керек,- деп толғанды ақын Рафаэль Ниязбеков.

Насихатшы топ мүшесі Жұмабай Шаштайұлы да жылы жүздесуге өз тарапынан алғысын білдірді.

Бұдан кейін жазушылармен кездесу  Махамбет ауданында жалғасты. Елбасының мақаласындағы өзекті мәселелерге тоқталған ақын-жазушылар елдің  елдігі бірлікте, дәстүр-салтын жоғалтпауында екенін қадап  айтты.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиынды облыстық музей басшысы Рашида Харипова ашып, «Атырау-Ақпарат» ЖШС  директоры, филология ғылымдарының кандидаты    Баязи Әбдешев қонақтардың  сапарына  сәттілік тіледі.

– Дүниежүзілік әдебиетте көшпенділер образын жазу, көшпенділер цивилизациясын жасау – Әуезовтың қолынан келген дүние. Туған жер үшін қолдан келгенді жасау керек, ұрпақты да рухани жаңғырта отырып, ерлікке баулыған жөн, – деді Жұмабай Шаштайұлы өз сөзінде.

Насихатшы топ мүшелері «Елсана» рухани клубы мүшелерімен де кездесті.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз