Нұрсұлтан, Назар, Әбіш – 1 жаста

Бәрекелді Жаңалықтар

Атыраулық Қодашевтар отбасында осыдан бір жыл бұрын, үшем дүниеге келді. Олардың есімдері де ерекше қойылды. Нұрсұлтан, Әбіш, Назар. Отағасы Беріктің де, жұбайы Салтанаттың да балаларға артқан үміті зор. Сол кезде жақсы жаңалықты айтып, сүйінші сұраған бір топ журналист перзентхана алдына жиналып, сәбилерге ақ тілектерін арнаған еді.

Бәрекелді!

Бүгінде бөбектер тыпыл-тыпыл жүруге ұмтылып жүр. Олардың тәтті қылығына тамсанып, тұсауын кесу рәсіміне де қатыстық. Өз кезегімізде қадамдарына сәттілік тілеп, сәбилердің жолы ашық болсын деп келдік.  Үшемнің түрлері ажырағысыз болғанымен, мінездері әртүрлі. Анасы Салтанат Иманованың айтуынша, Әбіш – ақкөңіл, Назар – салмақты, Нұрсұлтан болса пысықтау, көшбасшылық қасиеті де бар секілді. Серік есімді ағалары  бар. Ол інілерін қамқорлап, анасына әркез көмектеседі. Жасы жетіде. Отағасы Берік облыстағы төтенше жағдайлар департаментінде құтқарушы болып қызмет етеді. Төрт ұлды тәрбиелеп отырған Берік пен Салтанаттың алдағы күндері жауқазындай құлпырған қыздан да үміті бар.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз