Мүгедектерге кедергісіз орта қашан қалыптасады? (+ФОТО)

img 20200217 wa0026 Жаңалықтар

Atr.kz/5 наурыз, 2020 жыл. Аталған санаттағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ал, біздің қалада мүмкіндігі шектеулі жандардың сұранысы қанағаттанарлық па? Таяуда «Атырау –  адалдық алаңы» осы мәселеге орай мониторинг жүргізді.

Оларға ыңғайлы жаңа қоғамдық көліктердің саны артқан болатын. Қырық пандусы бар жаңа автобустар сынақтан өткізілген еді.

«Бүгінгі бақылау жүргізу барысында бұл қызметтің сапасы сын көтермейтіндігі анықталды. №10, 20, 14, 7, 58, 53  автобустарға енгізілген жаңа құрылғының әурешілігі басымырақ болып тұр. Өйткені, жүргізушілер мен кондукторлардың өздері  пандусты пайдалана алмай әбігерге түсті. Автобусқа тек қана мүгедектер емес, балалы аналар да  қоларбаларымен мінетіні анық» дейді кеңсенің менеджері Дәурен Құндызбай.

Қазіргі таңда облыста әр түрлі топтарға жататын 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Ал, мониторинг жұмысын жүргізген «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі  темір жол вокзалында ерекше санаттағы азаматтарға әлі күнге дейін қолайлы жағдайдың қалыптаспағандығына көз жеткізді.

Мониторинг барысында теміржол бекетіндегі «Мүгедектердің көмекке шақыру тетігінің»  жүйелі жұмыс істемейтіні анықталды. Аталған санаттағы тұлғалар үшін күту залында арнайы пиктогирамаммен жазылған орындардың не себептен керексіз заттарды сақтайтын қоймаға айналғанын вокзал басшылары түсіндіре алмады. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған арбалар мүлдем істен шыққан.  Ал, арбамен вагонға мінуге мүмкіндік беретін перрондық көтерме мен эскалатор жұмыс жасамайды.
        

«Вокзал қызметкерлерінің айтуынша, мүгедекті вагонға  жеткізу үшін жүк арбалары жүретін жолмен алып барады екен. Өкінішке орай бұл жолмен арба түгілі адамның өзі әрең жүреді. Ал, вагондарда арнайы пандус жоқ. Адамдардың көмегімен мүгедектер вагон ішіне отырғызылады екен» дейді жобалық кеңсе қызметкерлері.
 

Кезекті бақылау  тиісті мекемелердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сапалы  қызмет көрсетуге құлықты емес екенін көрсетті.  Себебі неде? Бұдан бұрынғы Атырау әуежайындағы мониторингте де дәл осындай жағдай кездесті. Алайда, жобалық кеңсенің араласуымен аталған мәселе оң шешімін тапты.

Бұл жолы да  тиісті мекеме басшылары жүргізілген мониторингтен оң қорытынды шығарады деп үміттенеміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

img 20200217 wa0027
img 20200217 wa0030
img 20200217 wa0029
img 20200217 wa0028
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз