Министр атыраулық ауруханаларды аралап шықты

whatsapp image 2020 07 06 at 22.23.33 Жаңалықтар

Atr.kz / 7 шілде, 2020 жыл. Денсаулық сақтау министрі Атыраудағы №2 облыстық аурухана мен облыстық медициналық жедел жәрдем станциясын виртуалды түрде аралап шықты.

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атыраудағы №2 облыстық аурухана мен облыстық медициналық жедел жәрдем станциясын виртуалды түрде аралап шықты, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникация қызметі.

Денсаулық сақтау министрі қабылдау бөлімінің, ауыр науқастарға арналған реанимация мен инфекциялық бөлімшенің жұмысымен танысты.

№ 2 облыстық ауруханада COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар пациенттер үшін арнайы 180 орын дайындалған.

Қазіргі уақытта 162 науқас ем алуда, яғни, арнайы қойылған төсек-орындардың 90% бос емес.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қабдықапаров атап өткендей, ауруханада 100 орын оттекті консольмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ 12 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, өңір басшысының қолдауымен қосымша ИВЛ аппараттарын алу жоспарлануда.

-Қосымша тағы 30 ИВЛ аппараты мен демеушілік көмек аясында оксигенацияға арналған 100 аппарат сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, Құрманғазы ауданы үшін де компьютерлік томография аппараты сатып алынбақ. Және де 90 орынға арналған стационардың қосымша корпусын салу жұмысы да алға қойылды, – дейді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сондай-ақ, Министр инфекциялық стационарда жатқан ем алушылармен тілдесіп, тез арада сауығып шығуларын тіледі.
Ал, облыстық жедел жәрдем станциясының қызметкерлерімен өткен онлайн кездесуде, Атырауда қазіргі таңда 42 жедел жәрдем бригадасының тәулігіне шамамен 1 100-1 200 шақыру қабылдап, науқастарға қызмет көрсететіні және оларға артылған жауапкершілік пен жүктеменің екі есеге артқаны аталып өтті.

Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының базасында Атырау облысының халқына консультациялық көмек көрсету мақсатында 103, 109 және 112 нөмірлері бойынша тәулік бойы call-орталығы жұмыс жасауда. Мұндағы медицина қызметкерлері күніне орташа есеппен алғанда 240 өтінішке жауап береді.

Онлайн-жиынды қорытындылай келе, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысында жылжымалы әмбебап бригадалардың жұмысын күшейтіп, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды жеткізу бойынша жұмыстарды қолға алуды ұсынды.

Сондай-ақ, министр инфекциялық стационардан амбулаториялық емдеуге көшкен науқастарға ерекше назар аударуды тапсырды.

https://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-koronavirus-infekci%d1%8fsymen-kures-zhonindegi-shtab-quryldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз