МЕРЕЙДІ ӨСІРГЕН МАРАПАТ

Өткен жұмада Атырау қаласындағы «Renaissance» қонақ үйінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай сала мамандарының қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Елімізде үшінші жыл қатарынан кең көлемде аталып өтіліп отырған әлеуметтік сала қызметкерлерінің төл мерекесімен облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева құттықтады.

- Әлеуметтік салаға елімізде Елбасының тапсырмасымен ерекше ден қойылып келеді. Сала мамандарының жалақылары да арттырылуда. Кең жүректі, қайырымды, әрдайым мұқтаж жандардың бабын таба білетін абыройлы қызмет иелеріне толағай табыстар, жанұяда бақыт, береке-бірлік пен молшылық тілеймін, - деді аймақ басшысының орынбасары Айгүл Теміртасқызы.

Одан әрі өз қызметінің ауыр жүгін қиынсынбай, жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан азаматтарды марапаттау рәсіміне көшіп, Сарайшық жүйке аурулары  интернатының психиатр-дәрігері Бақтыгерей Қасымов, облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің мейірбикесі Зоя Нұрмағамбетова, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Меңдіғариева мен аталмыш басқарманың бас маманы Батес Жұмағалиеваны  еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен және облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат үйінің тәрбиешісі  Марат Матыбаев, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінің әлеуметтік қызметкері Валентина Зевадинова, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Алма Отарованы «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады.  Сондай-ақ, бір топ сала қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Бұдан соң қадірлі қауымды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева    құттықтап, еңбегі елеулі сала мамандарының бір тобын аталмыш министрліктің Құрмет грамотасымен  және Алғыс хатпен марапаттады. Облыс бойынша «Үздік әлеуметтік жоба» конкурсының жеңімпаздары – «Өмір гүлі» ансамблінің жетекшісі Тыныш Жакупова мен «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиевке 200 мың теңгенің сертификаты ұсынылды.

Жиын барысында сала ардагерлері де ұмыт қалмады. Оларға сый-сияпат ұсынылып, құшақтары гүлге толды. Аға буынның атынан Серік Сапанов   сөз алып, еселі еңбектің қашан да қайтарымы болатынын айтты. Барша әріптестерін құттықтады.

Мерекелік шарада Құлсары қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда елуден аса әсем бұйымдар қойылып, көпшіліктің назарына ілікті.

Жиын барысында сөз алған Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Қамидолла барша марапат иелері атынан алғыс білдірді.

Шара соңы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз