МЕНМЕНДІК СОТҚА АПАРДЫ

Мешіт имамдарына тіл тигізген қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы редакцияға облыстық Дін істері басқармасының басшылығы хабарлады.

 

Оқиға былай болған екен. Үстіміздегі жылдың 2-қаңтары күні орталық «Иманғали» мешітінде кешкі сағат 20:00 шамасында Құптан намазы оқылып жатады. Сол уақытта мешітке келген Атырау қаласының тұрғыны А.Т. мешіт қызметкері А.Сарсекеновке дөрекілік танытып, ішкі тәртіпке бағынудан бас тартады. Жамағаттың мазасын алады. «Бұл әрекет қала тұрғынының тарапынан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының бұзылғандығын көрсетеді. Осыған орай, азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот барысында ол өзінің бұзақылық жасағанын мойындап, соттан кешірім сұрады. Тараптарды тыңдаған сот істің мән-жайын толықтай зерттей отырып, құқық бұзушыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 490-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп тапты. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған оған елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 99 100 теңге әкімшілік айыппұл салуға қаулы етілді» деп жазылған баспасөз баянында. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз