МЕН БІЛЕТІН МАҚАШЕВ

Атырау облысының Құрметті азаматы

Нұрпейіс інім туралы толғау 

Ұлы әмірші – Уақыт ұрпақтар толқынын ауыстырып отырады. Бір буынның келесі толқынға аманат етіп қалдырары – елі үшін жасаған еңбектері, ұрпағына көрсетер өнегесі, досқа, жора-жолдасқа адалдығы. Нұрпейіс те өзгелер сияқты бейнетті еңбектің қадірін біліп өсті. Тер төгіп, қажыр-қайрат жұмсасаң ғана, бақыт құсы қолыңа қонарын ерте түсінді.

1970 жылы Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын тәмамдаған жас маман өзінің еңбек жолын Гурьев темір жол бөлімшесінде бастады. Кешік-пей әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын да абыройлы өткерді. Әскерден оралысымен мамандығы бойынша Гурьев үй құрылысы комбинатына учаске мастері болып жұмысқа орналасты. Жауапты жұмыстың бастапқы сатыларынан-ақ өндірістің қыры мен сырларына көзі қанығып, көңілі бейілденген, ең бастысы – кәсібін жетік меңгерген Нұрпейісті енді ұжымдастары үй құрылысы комбинатының директорлығы қызметінен көрді.

Осы жылдар ішінде азын-аулақ 2-3 қабатты тұрғын үйлерімен ғана белгілі болған көне Гурьевтің кескін-келбетінде үлкен өзгерістер пайда бола бастады. Комбинат құрылысшыларының құрыш қолымен Авангардтағы көпқабатты тұрғын үйлер салынып, І, ІІ, ІІІ және ІV ықшамаудандар, Балықшыдағы ірі панелді тұрғын үйлер бой көтерді. Ескі қаланың кейпі өзгеріп, жаңара бастады. Көне шаһардың сол кездегі келбетін көз алдыңызға елестетер болсаңыз, бейне бір құрылыс алаңына айналғандай әсер беретін-ді. Қалалық партия комитетінің идеологиялық мәселелері жөніндегі хатшысы қызметінде жүрген кезімде бас-аяғы жеті-сегіз жылда ерке Жайықтың жағалауындағы қаланың келбеті заманауи көп қабатты тұрғын үйлермен, жаңа әсем ғимараттармен ажарлана түскеніне куә болдым. Қаладағы типтік жобамен салынған техникумдар мен кәсіптік-техникалық училищелердің, мектептер мен балабақшалардың, денсаулық сақтау мен мәдениет мекемелері ғимараттарын салдыртуға үлес қосқан, оларда өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырған жанның бірі де осы Нұрпейіс Мақашев болатын.

Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары кадрды облыстық партия комитеті «Сельстрой» тресін басқаруға  сенім артты. Ол бұл сенімді ақтады да. Аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда типтік жобадағы жаңа үйлер, ауруханалар мен мектептер, мәдениет ошақтары бой көтерді. Ол сол кездері еліміздегі он екі құрылыс тресінің ішіндегі жалғыз басшы қазақ еді.

Нұрекеңе 1989 жылы тұңғыш рет баламалы негізде Гурьев қалалық кеңестің төрағасы болып сайлану, қала атауын Атырау деп өзгерту жөніндегі шешімге қол қою, қиыншылықтарға қарамастан шаһардың іргесі қаланғанына 350 жылдық мерейтойын және Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын үлкен мереке ретінде тұңғыш рет атап өту бақыты бұйырды.

Кеңес үкіметінің іргесі шайқалақтап, халықтың тұрмыстық, әл-ауқаты төмендеп, дүкен сөрелері босап, тұрғындардың азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарларға деген сұранысын өтеу жайы тым күрделенген, ішер тамақ пен киер киімнің талон арқылы тізіммен беріле бастаған 90-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде қалада басшылық қызмет атқарған Нұрпейіс Мақашұлына бұның оңайға соқпағаны түсінікті. Сол жылдары әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылары үйлеріне азық-түлік жеткізіліп, жалғызілікті қарияларға асханалардан тегін түстік ұйымдастырылған, диабет, жүйке сырқаттары бар жандарға жергілікті бюджеттен тегін талондар берілген сәттерді қалай ұмытуға болады?

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жұмысшылар еңбек ақыларын, зейнеткерлер зейнетақыларын ала алмай қиналып жатқан тұста, халықтың аз қамтылған отбасыларын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, тәулігіне 25 тонна ғана нан өндіруге қауқары жетерлік нан зауытының жұмысын жолға қою, тұрғын үйлерді жылу, су, газ және электр қуатымен тұрақты қамту, қаладағы жолаушы тасымалын реттеу сияқты сан қырлы шаруаларды шешуде Нұрекең бастаған жергілікті атқамінерлердің асқан табандылық танытқаны әлі күнге көптің жадында. Бұған аға буын өкілдері де куә.

1992-93 жылдары Жайық өзені суының тасуынан болатын қауіптің бетін қайтару үшін жергілікті билік қолдан келгеннің бәрін істеді. Қолда бар құтқару техникалары мен адам күшін жұмылдыра отырып, Жайық жағалауын бекіту жұмыстары күні-түні тоқтаусыз жүргізілді. Бұл істің басы-қасында жүрген қала мэрінің табандылығы мен жұмысты ұйымдастырудағы іскерлігі облыс орталығын су басудан сақтап қалуға септесті.

Егемен еліміздің экономикасын дамыту үшін шетелдерден инвестиция тарту науқаны басталған шақта Нұрпейіс Мақашұлы 1994 жылы түріктің Магденли деген азаматының қаражатын Атырауға әкелуге себепші болды. Сөйтіп, әуежайға инвестордың көмегімен жергілікті жерден қосымша алты жүз адам жұмысқа тартылды. «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалы» АҚ-ның бас үйлестірушісі қызметін атқарған Нұрпейіс мұнда тағы бір қыры – ұлтқа жанашырлығымен танылды. «АТМА» бірлескен кәсіпорындағы қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын қорғау, заң бұзушылыққа, заңсыз жұмыстан босату сияқты әрекеттерге жол бермеу мақсатында кәсіподақ ұйымын құруға бастамашыл болған онымен кәсіподақ жетекшісі ретінде біраз іс тындырдық.

Сол кездері облыс басшылығына туған топырағымыздың төл перзенті Иманғали Тасмағамбетовтың келуі өңірімізге тың серпін, болашаққа деген үлкен сенім алып келді. Жұмысты ұйымдастыру және іскерлік қабілетімен танылған азамат ретінде өзінің орынбасарлығына Нұрпейіс Мақашевты шақырды. Ең алдымен Иманғали Нұрғалиұлы мен оның сенімді көмекшілері қала тазалығына, санитарлық жағдайды жақсартуға жұртты жұмылдырды. Қалада жарияланған төтенше жағдай барысында ықшамаудандар мен көше-көшелерді аралап, халықты тазалыққа үндеді. Қоқыс жайлап, азып кеткен облыс орталығынан бірнеше мыңдаған тонна қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар шығарылып, көп қабатты тұрғын үйлердің төңірегі келбеттенді, 70-80 пайызы суға толы жертөлелер тазартылды, қалада ажарлы арбаттар, көрікті гүлзарлар пайда болды. Өңірдегі құрылыс пен әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің күрделі жөнделуіне, жаңа нысандардың бой көтеруіне мән берілді. Ауылдағы тірлік те оңала бастады. Қазақ мұнайының ғасырлық мерекесі жоғары деңгейде аталып өтілді.

Бұдан кейін оның қызметтік қыры мүлдем басқа салада да айшықталды. «ҚазақОйл» ҰМК президентінің кеңесшісі, басқарма мәжілісінің төрағасы, «Ембімұнайгаз» ААҚ-ның президенті лауазымдарында жүріп, «қара алтынның» үстінде отырып, пақыршылықтың күнін кешкен мұнайшылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге біраз күш салды. Өйткені, ол жерасты байлығын өндіруші мұнайшылардың кен алаңдарындағы аянышты халіне намыстанған оны «Шетелдік мұнай компанияларының өз жұмысшыларына көрсеткен жақсы әлеуметтік жағдайды неліктен жергілікті мұнайшылар көре алмайды?» деген сұрақ мазалады. Сөйтіп жүріп, ол мақсатына да жетті.

Кеніштерде жатақхана мен асханалар салдыртуды қолға алды. Кейін осы компанияның ел шетінен жырақтағы өндіріс орындарында салынған жатақханаларын, ондағы вахталық тәсілмен еңбек ететін жұмысшыларға жасалған жағдайды көріп, сырт көз сүйсінді. Кен алаңындағы жатақханалардың әрленуіне, оның ішіндегі жиһаздар, сауна, бильярд залдарына қарап, зәулім қалаларда орналасқан үш жұлдызды қонақ үйге кіргендей әсер алатындарын да жасырмас еді мұнайшылар.

Нұрпейіс – ұлтжанды азамат. 2004 жылы Атыруға жұмысқа келген шетелдік бір азаматтың қазақ қызы Гүлнәр Аманғалиеваның намысын таптап, балағаттағаны туралы БАҚ-тарда жарияланған еді. Осыған орай қазақтың қайсар қызын қолдау жөнінде облыстық штаб құрылғаны, оған Нұрпейістің басшылық жасап, қолдау мен демеушілік көрсеткені дүйім жұртқа белгілі. «Біз халықпыз, намысын таптатпаған» деп барша тұрғындарға Үндеу жариялап, Гүлнәр сіңліміздің қазақ қыздарының ұлттық намысын, өз арын қорғауға бағытталған батылдығына сүйсініп, келімсектердің кемсітуіне кешіріммен қарауға болмайтындығы газет арқылы ашық білдірді.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ» «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры лауазымында жүрген ол 2004 жылдың күзінде өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды.

Мен сол кезде №21 сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидаттың штабын басқарған едім. «Халықтың баласы – елдің панасы» деп, жауапты саяси додадағы сайлаушылармен кездесулерінде өзінің туған өлкесін көбірек толғандыратын – елді мекендерді көгілдір отынмен, халықты таза ауыз сумен қамту, адамдардың денсаулығын жақсарту үшін заманауи ауруханалар мен емхана құрылыстарын салу, қоршаған ортаны қорғау, шетелдік инвестициялардың тиімді және мақсатқа сай пайдаланылуына себепші болу сияқты келелі мәселелерді оңды шешу – басты мақсаты болатын.

«Менің жолым – менің халқымның жолы» деген қағиданы берік ұстаған Нұрекеңнің Парламентте Экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитеттің мүшесі қызметтерін атқарған тұста сайлаушыларға берген уәделерінің көпшілігі халық игілігіне айналды. Астанада жүріп, экомомика ғылымдарының кандидаттығына диссертациясын да сәтті қорғап шықты.

Нұрпейіс Мақашұлының «Қазақтүрікмұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болған кезеңде аталмыш кәсіпорын «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша 2011 жылдың қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында бірінші орынды иеленді.

Ел тірегі болған ата-бабаларымыздың атын жаңғыртып, баба рухына тағзым етіп, құрмет көрсету, олардың өнегесін кейінгі жас ұрпаққа ұлықтау мақсатында Есентемір ұрпақтары Темір баба рухына арнап Жылыой ауданында, Қызылқоға ауданының Қарабау жерінде «Тарихи тұлға, дана би, дәулескер шешен Бөкен би» аталатын шара өткізіп, Бөкен би бабамыздың басына барып, дұға оқып, рухына арнап ас беруге, өзінің кіндік қаны тамған Қамысқалада еңселі мешіт, Хан ордалы Сарайшық пен Мақаш әкімнің сәулетті кесенелерін салдыртуға ұйытқы болған да – осы Нұрпейіс.

Бірге жүрген замандастары оны досқа адал, жолдастыққа берік, пайым-парасаты биік, ақжарқын, өзгенің тағдырына бейжай қарай алмайтын қайырымдылығы мол азамат ретінде бағалайды. Бірге оқыған сыныптастарымен де, бір мақсат, бір мүддемен қызметтес болған әріптестерімен де қоян-қолтық араласып, жанұялық қуаныштарын бөлісіп, шаңырақтарына түскен қайғыларына ортақтасуға да уақыт табады. Нұрпейіс Мақашұлының Исатай, Жылыой, Мақат аудандарының, Атырау қаласының және Атырау облысының Құрметті азаматы атақтарына ие болуы, «Құрмет» орденімен марапатталуы – елі мен халқы алдында сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға.

Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Ардақты азаматтың осындай құт-берекесін, ырыс-шапағатын шалқытып, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған өзіне лайық жары – парасатты әрі мейірімді Бақыттай сіңліміздің орны бір төбе. Сыңарын сыйлап, құда-жекжаты мен қонағын, ағайын-туыстарын құрметтеп, үй шаруасын үйлестіріп отырған сіңлімізбен мақтануға болады. Нұрекең екеуі – ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген бақытты шаңырақ.

Бүгінде мерейлі жетпіс жасқа жетсе де, бойындағы күш-қуатын халық үшін қызмет етуге арнаған Нұрпейіс Мақашұлы «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ-ның бірінші тете-президенті. Нұрекеңнің өмірі нағыз майталман маманның, ұлағатты әкенің, еліміздің абзал азаматының өнегесі. Ендеше, Отанымыздың өркендеуі және халқымыздың игілігі жолында әлі де талай жақсы істерді атқара бергейсіз!

 

Мәдина ҒАБДІСӘЛІМОВА,

қоғам қайраткері, Атырау облысының, Атырау қаласының және Махамбет ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз