Мемлекеттік қызметшілер патриоттық ән шырқады

Gossluzhba festival 2019 Жаңалықтар

Atr.kz/20 маусым, 2019 жыл. «Менің елім – Қазақстан». Кеше осындай атаумен мемлекеттік қызметшілер арасында патриоттық әндер фестивалі өтті.

«Мемлекеттік қызметші  – елдің мүддесі үшін өз күшін, уақытын аямай еңбек ететін тұлға. Міне, мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесі де жақындады. Осы орайда, облыстың мемлекеттік қызметшілері арасында патриоттық әндер фестивалін ұйымдастырып отырмыз. Барлық қатысушылардың жақсы дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Олардың арасында екі дуэт, бір трио да бар. Бір қуанарлығы, бұл шараға шалғай аудандардың мемлекеттік қызметшілері де қатысып отыр. Әрі қарай да мерекелік шараларымыз өз жалғасын таппақ…» – деді Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Аталған шарада барлығы 14 қатысушы бақ сынады. Барлық қатысушылардың әндері Отан, Туған  жер, Атамекен тақырыптарына тоғысып, арнайы музыкалық білімдері болмаса да асқан шеберлікпен әндерін шырқап шықты.

Фестивальдің төрелігіндегі қазылар алқасы да әділ бағаларын берді.  Нәтижесінде, Махамбет аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев – III орынға, Атырау облысы әкімі аппаратынан құралған дуэт – II орынға, облыстық Статистика департаменті қызметкерлерінен құралған дуэт  – I орынға ие болды. Ал, байқаудың басқа қатысушылары арнайы дипломдармен марапатталды.

Фестиваль қатысушыларының тек жанды дауыста ғана емес, арнайы музыкалық аспаптармен де ән шырқағаны атап өтуге тұрарлық.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз