Мемлекеттің қуаты – бизнесте!

мемлекетин 1 Жаңалықтар

Шағын және орта бизнестің дамуы Атырауда да көрініс табуда. Осы саладағы толағай табыстар тұтас аймақ экономикасының дамуына соны серпін беруде. Бүгінде кәсіпкерлік нысандарында мыңдаған адам тұрақты қызметпен қамтылған.  Жергілікті бюджетке де қомақты қаражат құйылуда.

Осы орайда өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Асылбек Жәкиевтің өзіндік пікірі бар.

%d0%bc%d0%b5%d0%bc%d0%bb%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d1%82%d0%b8%d0%bd

– Мен жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, өңірлерді дамыту бағытында оқуымды Италияда, кейін Германияда магистратурамен жалғастырдым. Елге оралған соң «Аджип» ҚКО компаниясына кеңесші болып орналастым, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында жұмыс жасадым. Ақыры жеке бизнеске кеттім. Сонау жылдары «Болашақ» бойынша шет елде оқитын қазақ жастары елге оралмай жатқаны жөнінде айтылды. Қазір олай емес. Жастар да Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды жақсы түсінеді. Бұл, әсіресе, бизнес саласында айқын көрініс табады. Мысалы, Еуропа елдері экономикасының 80 пайызын кәсіпкерлер құрап отыр. Жастарға айтарым, ізденіс пен жаңалыққа қанық болу керек. Мына заман – бәсекелестік заманы. Соған сай қатардан қалмай, белгілі бір дәрежеде елге пайда келтіру қажет, – дейді ол.

Кәсіпкерлер палатасының құрылуы осы саланың дамуына оң әсер етті. Тек Атырауда ғана бизнес иесі құқығының бұзылуына байланысты күн сайын бірнеше  шағым мен арыз қабылданады. Мәселен, 2014 жылы жүз арыз түссе, оның жартысынан көбі оң шешіліп, 60 млн. теңгеден астам қаржы тиімді жұмсалды. Былтыр да 154 шағым бойынша 700 млн. теңге  кәсіпкерге қайтарылды. Биылғы 9 айда 72 арыз қанағаттандырылып, 460 млн. теңгеден аса ақшаның желге ұшуына жол берілмеді. Ал, палата сарапшылары Жоғарғы сотта бес кәсіпкердің құқығын абыроймен қорғап шықты.

Одан бөлек, көлденең кездескен проблемалар да жетерлік. Соның бірі – коммерциялық мақсатта жер учаскелерін беру. Мәселен, былтыр небәрі – төрт, ал, биыл екі аукцион ғана өткізіліпті. Ал, ауылшаруашылық жерлері бойынша мүлдем ұйымдастырылмаған. Неге? Осы мәселеге орай, бос тұрған жерлер бойынша әр айда аукцион өткізу шарасы қолға алынды.

Екіншіден, бос жерлер туралы мәлімет  еш  жерде жарияланбады. Палата заңгерлерінің араласуымен, Жер кодексінің талабы орындалмай отырғаны сынға алынды. Есесіне, енді облыстық басқармалардың кеңесу жиындарына бизнес иелері де қатыстырыла бастады. Сөйтіп, өңір басшылығы мен кәсіпкерлер арасын жалғаған палата «алтын көпірге» айналды. Соның айқын көрінісі – өткен жылы бизнес иелерінің 600 арызы қаралуы.

Үшіншіден, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы ұйымдастыратын байқауларда сатып алынатын тауарлардың техникалық өзгешеліктеріне көңіл бөлінбейтіндігі белгілі болды. Бұл мәселе де біраз талқыға түсіп, жөнге келді.

– Кәсіпкерлерді сауаттандыру мен бизнес ашуды жеңілдетуге байланысты атқарылған жұмыстар жетерлік. Республикалық Индустрияландыру картасының веб-сайты іске қосылып, оның таныстырылымы өтті. Онда қазыналы аймақ үшін маңызды деп мұнай-газ, мұнай-химия, мұнай-сервис және ауылшаруашылық бағыттары белгіленді. Карта сайтына кіріп, қаржы қажет етіп отырған тоғыз инвестициялық жобамен толық  танысып шығуға болады. Әсіресе, мемлекеттен нақты қандай салаларға субсидия бөлінетіндігі жөнінде жан-жақты ақпарат бар. Айталық, осы жылы мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы  бойынша 18 өтініш қаралып, алтауы қанағаттандырылды, – дейді Асылбек Мұхитұлы.

Әйтсе де, ауылшаруашылық өнімдерін өткізуге байланысты түйткілдер әлі де бар. Мәселен, ауыл кәсіпкерлері өнімдерін қолжетімді бағамен халыққа ұсыну үшін сауда орындарының жалға беру құны төмен болу керектігін алға тартады. Бұл да – жөн ұсыныс. Сырттан тасымалданатын дайын тауарларды сатушылар мен жергілікті өнімді жұртқа ұсынушылар арасында айырма болғаны абзал. Оның үстіне, шаруа қожалықтарының өнімдері маусымдық сипатқа ие. Сондықтан, олар нарық қызметін уақытша пайдаланады. Ендеше, орынақы төлеуде де жеңілдік керек. Осы орайда коммуналдық базарларда арнайы кесте жасақталды. Онда жалға алу мерзімі, өнім түрі мен мөлшері көрсетіледі.

Тағы бір мәселе, коммуналдық меншік нысандарына сараптамалық талдау жүргізілмейді. Осыдан келіп, бос тұрған ғимараттарды жекешелендіру қажеттігі туындайды. Бұл бағытта да палата тарапынан тыңғылықты істер жасалды. Нысандарды сенімгерлік басқаруға беру немесе олардың негізінде шағын бизнес-инкубаторлар құру, өндіріс алаңдарын, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын ашу міндеті қойылды.

– Біздің ұсынысымызбен облыста «Кәсіпкерлер үйі» бастамасы көтеріліп, енді жергілікті басшылықтан қолдау күтуде. Ол не үшін қажет? Өйткені, соңғы кезде облыс орталығының ауқымы кеңейіп, жаңа құрылыс нысандарының орналасуында жүйесіздік байқалып келеді. Бизнесті қолдау мен дамыту институттары шаһардың әр жерінде шашыраңқы орналасқан. Оларға барып-келудің өзі көп уақыт алады. Сондықтан, жұмысты «бір терезе» әдісіне шоғырландыру керек. Міне, осы мақсатта қазір Атырау қаласының орталығында орналасқан «Атырауводхоз» мекемесінің орнында немесе құрылысы бітпей қалған жаңа монша кешенінен бизнестің бас кеңсесін  ашу қарастырылуда, – дейді Асылбек Жәкиев.

Бүгінде бизнес иелері бетпе-бет кездесіп отырған өзекті мәселе – инвестициялық жобаларды талдайтын арнайы комиссия жұмысының жетімсіздігі. Қазір ол да жандандырылып, өзге аймақтардың тәжірибесін енгізу жайы қаралды. Атырауда ішкі экономикалық міндеттер және инвестиция тартумен тікелей айналысатын үш мекеме бар. Солардың бірі «Атырау Innovations» мекемесін қазір өңірлік палатаның сенімгерлік басқаруына беру мәселесі шешілуде. Инвесторлармен жұмыс барысын жеңілдетуге мұның септігі мол. Палатаның бір артықшылығы, ол «Теңізшевройл» секілді алып кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуында.

Палата басшысының айтуынша, өткен жылдан бастап облыс аудандарынан кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылды. Қазірде онда кәсіп ашуға бел буған жандарға 14 менеджер-кеңесші қажетті құжаттарды жинақтап, ақпараттандыруға көмектеседі. Соңғы екі жылда үш мыңға жуық адамға кеңес берілген.

Сондай-ақ, «Бизнес-кеңесші» жобасы арқылы жүздеген кәсіпкер арнайы оқытудан өткен. Ал, дуальды оқыту жүйесі аясында 15 колледжге 19 мамандық бойынша «сынақ алаңы» статусы берілді. Олардың кәсіпорындармен байланысы жақсарды. Іс-тәжірибе сағаттары 60 пайызға артты. Қалай болғанда да, колледждерді бизнестің сенімгерлік басқаруына берудің тиімді тұстары өте көп. Бұл бағытта қазір Атырау медициналық және политехникалық колледждері қарастырылып жатыр. Олармен бірлесіп жұмыс жасауға дайын тұрған инвесторлар да бар. Бұл бизнес үшін өте маңызды.

Облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері былтырғы он айда – 46 912 бірлік.

Осы салада жұмыспен қамтылғандар – 125,3 мың адам.

Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі – 392,4 миллиард теңге.

 Амандық Cағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз