Мектепке – жаңа автобус

20160901 095417 Білім

Биылғы білім күнін Алмалы селосындағы орта мектеп ұжымы ерекше қарсы алды. Өйткені, оларға «Каспий тұрба құбырлары консорциумы-Қазақстан» (КТК-Қ) компаниясы жаңа автобус сыйға тартты. Алғашқы сабақ «Мен – өз елімнің патриотымын!» тақырыбына арналды.

20160901_095417

Биылғы оқу жылын Алмалы орта мектебі 594 оқушымен бастады. Өткен оқу жылы  1-11 сынып аралығындағы 501 оқушының 69-ы озат, 172 бала екпінді атанған-ды. Мектеп директоры Гүлшат Аухадиеваның айтуынша, аудандық пәндік олимпиадаға қатысқан қырық шәкірттің 35-і жүлдемен оралған. Сонымен қатар, төрт мектепалды даярлық тобы бар. Айта кетерлік жайт, тек биыл жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын тұңғыш аттағандар төрт сыныпты құрап отыр.

Салтанат сәтінде «КТК – Қ» АҚ  өкілі Асқар Шманов мектеп директоры Гүлшат Аухадиеваға шағын автобустың кілтін табыс етті. Бұл сый – турасын айтқанда, білім ордасына үлкен қолдау болды. Өйткені, мектептен қашық тұратын балалардың қатынауы қиын-ды. Оның үстіне, олардың орталықтағы түрлі шараларға қатысуы да проблемаға айналған еді.  Енді мәселе оң шешімін тапты.

Жалпы, КТК-Қ компаниясы халыққа әлеуметтік қолдау, демеушілік таныту мәселелеріне үнемі үлкен көңіл бөліп тұрады. Ағымдағы жылда кәсіпорын аймақтағы білім беру нысандарына 260 млн. шамасында теңге бөлген. Бұл қаражат балабақшалар мен мектептерді жөндеуден өткізуге, керекті құрал-жабдықтар мен компьютерлерді сатып алуға арналған. Қазіргі таңда Атырау мұнай және газ институтында спорт алаңдарының құрылысы аяқталуда. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында мекеме 54 млн. 378 мың  теңге көлемінде қаражат аударған.

– Жаңа оқу жылы басталған күні Алмалы селосындағы жалпы орта білім беретін мектепке сыйлығымызды тапсыру мен үшін үлкен қуаныш. Бұл осы мектептің оқу үрдісін ұйымдастыруда көмегі тиеді деген ойдамыз. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Барлық ата-аналарды, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын, – деді «КТК-Қ» АҚ-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің өкілі Асқар Шманов.

Оның айтуынша, осыдан үш ай бұрын оқу жылы аяқталып жатқанда мектеп директоры осындай өтінішпен шыққан екен. Олардың көлікке мұқтаж екендігін білген компания басшылығы еш ойланбастан, көмек қолын созды.

Мектеп директоры шәкірттер мен ауыл тұрғындарының атынан демеушілерге  алғысын жеткізді. Білім ошағының алдында жиналғандарға дарынды оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылған концерт ұсынылды.

20160901_102802

Нұрислам Ғұмар

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз