Мега-жоба – Мақатта

IMG 2977 Жаңалықтар

«Қуатты ел – Қуатты Қазақстан» атты мега-жобасы аясындағы эстафета көршілес Қызылқоға ауданынан мұнайлы Мақатқа жетті.

img_2977

Төскейде малы, төсекте басы тоғысқан көрші аудан халқының тілегін жеткізген Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов мақаттықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдірді.

Бұдан соң орталық алаңда сап түзеген салтанатты шеруге қатысушылар алдында тәуелсіздіктің ел тарихында алар орны, бабалар арманынан туындаған ой-түйіні сахналанып, екі ауданның ардагерлер кеңесі төрағалары ағалық тілектерін жолдады. Мәдениет үйінде кітап көрмесі, кәсіби тауар өндірушілер өнімдері мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұханов ескерткішіне гүл шоғы қойылып, мега-жоба бағдарламасы салтанатты жиынмен жалғасты.

Тәуелсіздігіміздің символындай «Бәйтерек» мүсінді эстафета тұғыры Мақат ауданы әкіміне табысталды.

Шара барысында облыс әкімі аппараты қоғамдық келісім мекемесінің аға сарапшысы Н.Ғұбашев пен «Таброс» армиян этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Плузян мерекелік тілектерін арнап, аудандағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларға сый-сияпаттарын табыстады. Осыдан ширек ғасыр бұрын шаңырақ көтерген бір топ отбасы мүшелері мен егемен ел құрдастарына аудан әкімі атынан құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар ұсынылды.

Мерекелік шара салтанаты Ассамблея мүшелері мен екі аудан көркемөнерпаздары дайындаған  тәуелсіз ел рухын көтерер концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұрпақтар сабақтастығымен өрілген эстафета қабылдау шаралары бұдан әрі Доссор кенттік  және  Бәйгетөбе  ауылдық  округтерінде жалғасты.

Өз тілшіміз,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз