Мәтен қожа қорымының құпиясы

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Рухани жаңғыру Ұлы даланың жеті қыры

Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы бастамаларды іске асыру мақсатында елімізде «Қазақстанның киелі жерлері» атты жоба қолға алынған болатын. Осы жоба аясында әр өңірдегі киелі жерлер мен қасиетті орын­дарды халық жадында жаңғырту мақсатында тарихшылар мен өлкетанушылар, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға қатысы бар түрлі мамандар тарапынан көптеген игі іс атқарылып келеді.

Киелі жерлер – мемлекет қорғауында

Қазақстанның түкпір-түкпірінде киелі жерлер мен қасиетті орындар­ды анықтау, оның тізімін жасау қолға алынды. Оны ҚР ұлттық музейі жаны­нан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізуде. Осы орталықтың ұйымдастыруымен елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар мен этнографтардың қатысуымен киелі жерлерді зерттеудің ғылыми жүйесі құрылды. Зерттеушілер киелі жерлер географиясына мәдени мұра, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, та­рихи және саяси оқиғалармен байла­нысты орындар кіретінін нақтылады. Республикалық сараптамалық кеңестің шешімімен қасиетті орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар болып бөлінді. Осыған сәйкес, жалпыұлттық деңгейдегі 100 қасиетті нысан тізіміне Атырау облысынан Сарайшық мемо­риалды кешені, Махамбет мазары, Иманқара табиғи кешені, Құлшан ата, Ақмешіт, Ұшқан ата қорымдары, Аралтөбе кешені еніп, жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне 20-дан астам нысан алынды.

Мұнайлы өңірдің осындай киелі орынға бай бөлігінің бірі – Қызылқоға ауданы. Шөбі шүйгін, қойнауы малға толы осы өлкеде жергілікті халық қастерлейтін қасиетті орындар көп. Солардың бірі – Қаракөл ауылы­нан шығысқа қарай 10 шақырымдай жерде орналасқан Мәтен қожа әулие қорымы.

Бұл қасиетті орын Атырау облысындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізімінде тұр. Қорымның негізгі құрамына Мәтен қожа әулие мазарынан бөлек көне ғасырдан қалған оннан астам араб әрпімен жазылған ескі құлпытастар мен қазіргі заманғы бейіттер кіреді. Аты аңызға айналған әулиенің ақ ұлутастан салынған зираты осы қорымдағы басқа нысандардан сәл оқшау орналасып, сырты темір шарбақпен қоршалған. Мазардың ұзындығы – 2,75 метр, ені – 2 метр, биіктігі – 2,50 метр. Ор­тасында араб әрпімен жазылған ескі құлпытас бар.Бұл белгінің ерекшелігі, құлпытастың бетіне қолға жұқпайтын қара май жағылғандай кейіпте.

Көне жазудың сыры

Құлпытастағы жазулар сыры көпке дейін ашылмады. Тастағы беймәлім жа­зуларды тек 2014 жылы өңірге арнайы экспедициямен келген Шығыстану институтының таяу және орта шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүминов, институттың жетекші қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова, жур­налист, өлкетанушы-арабист Қазбек Қабжановтар оқып, мәтіннің қазақша мағынасын жұртшылық назарына ұсынды. Олардың айтуынша, көне таста: «Байұлы ішінде Қожа Мәтен ибн Қожа Төлек бұл фәни дүниеде 63 жас сүріп ғайыпта аллах бір худа илла 1802 иылда офат болып бұл махама дәфінулунды. Өзінің тірі күнінде және …..офатында соңғы кезі кірәддин бір түрлі май тәнге кірген бір ауруға шифа қазірде мәужіт. Бұны қойды немересі Айнақожа Қылышқожаұғлы» деген жазба жазылған. Алматылық ғалымдар өздерінің осы құлпытастағы жазуды оқу сәтін бейнетаспаға түсіріп, оны «YouTube» желісіне де жариялапты.

Осы жарияланымнан соң, бейне­жазбаны көрген Түркістан қаласының тұрғыны Сейфолла Моллақанағатұлы құлпытастағы жазулар суретін ал­дыртып, тастағы жазбалар мәтінін қайта оқып, оны «Qojalar.kz» сайтына жариялады. Ол бірінші кезекте «Бай улы ичинда хожа Матан ибн хожа Толак бу фани дуниада 63 иаш умр суруб аақибат тақдире Худа иле 1802 нчи иилда уафат улуб бу мақама дафн улунди узиниң тирукинда һам караматди улуб уафатындин соң һам караматли уурун болды иери­дан һар турли маразға мурадлаған һар ағрыққа шифа һазырда һам бо­лады. Буны қойды нимарасы Айса хожа Қылич хожа уғлы» деген жазба транскрипциясын беріп, соған жалғас қазақша мағынасын беретін мынадай мәтінді жазған: «Байұлы ішінде қожа Матан ибн Қожа Төлек бұл фәни дүниеде 63 жас өмір сүріп ахыры Алланың жазуымен 1802 – ші жылы қайтыс болып бұл орынға жерленді. Өзінің көзі тірісін де керемет иесі бо­лып, қайтыс болған соң да кереметі бар орын болды. Бұл жерінен әр түрлі ауруға, мұрат еткен әр дерт үшін шипа бар, бүгінде де болады. Мұны қойды немересі Айса қожа Қылыш қожа ұлы»

Салыстырмалы түрде беріліп отырған осы мәтіндерден аңғарғанымыздай, екі мәтіндегі аударма мағынасында көп айырмашылық жоқтың қасы. Қос мәтін де Мәтен қожа әулиенің 1802 жылы 63 жасында дүниеден өтіп, көзі тірісінде-ақ керемет иесі болғандығын айғақтайды.

Дертті жандар панасы

Иә, расында түрлі дертке шалдыққан адамдар еліміздің әр өңірінен ауруына дауа іздеп келеді. Зират басынан әулие рухына Құран аяттарын бағыштап, Алладан дертіне шипа беруін тілейді. Кейбірі, осы мазар түнек үйінде бірнеше күн түнейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, денсаулығына орай осын­дай әрекетке барғандардың көпшілігі Жаратқанның қалауымен дерттерінен айығып кетеді екен. Сондай-ақ, осы мазардан шығысқа қарай төрт шақырымдай жерде «Ата майы» де­ген жер бар. Ел аузындағы дерекке сүйенсек, Мәтен ата дүниеден өткенде сол жерде әулиенің сүйегін пәктеген. Артынан ағаш үйдің аумағындай бола­тын сол жерден мұнай тәріздес сұйық май шыққан. Сол майды халық күні бүгінге дейін емге қолданады. Әсіресе, қышыма тәрізді ауруға бірден-бір ем көрінеді.

Тылсым қасиет иесі

Ел ішінде Мәтен ата аталып кет­кен әулиенің тылсым қасиеттерге ие болғаны жөнінде біраз хикаят тараған. Оның бірі атыраулық қаламгер Әнуарбек Қосановтың 2000 жылы жарыққа шыққан «Атырау әулиелері» кітабында жазылыпты. Аталмыш жинақта: «Ата ел аралап жүріп, осы өңірдегі бір ауылға қонады. Өгізіне мініп кеткелі жатқанда, ауыл адамдары біреудің жоғалған көйлегін даулап, оны жібермейді. Өзінің ақтығына, кінәсіздігіне ешкімді сендіре алмаған соң, ол дұға оқитындығын айтады. Және, дұға еткен кезде көйлекті алған жанның іші жарылатындығын ескертеді. Ауыл адамдарын жинап, дұғасын оқиды. Сол кезде мал құдыққа келіп жатыр екен. Малдың ішінен бір үлкен қасқа сиыр өкіріп-бақырып ортаға құлайды. Сол жерде оның қарыны жарылып кетеді де, сиыр ішінен жоғалған қызыл көйлек шыға келеді. Осы оқиғадан соң, ел атадан кешірім сұрап, алдына мал салып, басына үй тігіп үйлендіреді» делінген.

Иә, сан ғасырдан бері халық жадында киелі жер саналған қасиетті орындар аз емес. Рухани мұрамызға айналған мұндай орындар ұрпақ санасында жаңғыруы тиіс. Себебі, киелі нысандар бізді рухани жұтаңдықтан сақтайды. Сондықтан, оларды көздің қарашығындай қорғау – азаматтық парызымыз.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

***

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де бізді кез келген жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символикалық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Киелі жерлер географиясы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған