МАТЕМАТИКА ОЛИМПИАДАСЫ ОНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ИНСТИТУТТА ТЕГІН ОҚИДЫ

Атырау мұнай және газ институтына оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлер арасында математика пәнінен олимпиада өткізілді. Олимпиадаға жалпы білім беретін мектептерден үш жүзден астам оқушы қатысты.

 

Бұл оқу орнына түскісі келетін талапкерлер арасындағы білім додасы осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Білім сынағы екі кезең бойынша ұйымдастырылуда. Екінші, яғни қорытынды кезеңі наурыз айына жоспарланған.

– Қазіргі нарықтық экономикаға ең бірінші қажет пән – математика. Сондықтан, биыл олимпиаданы тек математикадан өткізуді жөн санадық, – дейді институт ректоры, экономика ғылымдарының докторы Әли Әбішев. Қазір математиканың рөлі өте жоғары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға жол» атты мақаласында ең алдымен техникалық білім берудің маңыздылығына тоқталды. Осы мақсатта оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын білу, оларды техникалық мамандықтарға қызықтыру мақсатында олимпиада өткізудеміз. Білім додасының жеңімпаздары біздің оқу орнының түлектері атанады. Негізінен, білімді жастарды әрқашан қолдаймыз. Жеңімпаз атанбаған екінші, үшінші орын алған талапкерлерге де оқуға түсуге жеңілдіктер жасалады…

Сондай-ақ, ректор өзінің бала күнінде математика пәнін қызығушылықпен оқығанын айтып, кейін экономика саласын таңдауына үлкен септігін тигізгенін де әңгімелеп берді.

Айта кетейік, аталмыш оқу орны қазір еліміз бойынша мемлекеттік индустриялдық, инновациялық даму бағдарламасына сәйкес білім беріп отырған 17 жоғары оқу орнының қатарына енген. Сондай-ақ, дуальдық оқыту жүйесі бойынша білім беруді алғаш қолға алған. Бүгінде институт студенттері «Ембімұнайгаз» АҚ-да тәжірибеден өтіп, әрі білім алып отыр.

Олимпиада қорытындысында I орын алғандар институт грантына ие болады. II орын иегерлері 50 пайыздық жеңілдікпен оқуға түсуге мүмкіндік алады. III орын алған талапкерлердің оқу ақысына институт басшылығы 30 пайыз жеңілдікпен көмек көрсетеді. Қатысушылардың бәрі де олимпиадаға қатысқандығы жөнінде сертификаттарға ие болады.

Олимпиада тапсырмалары жоғары математика кафедрасы мұғалімдерінің ақылдасуымен дайындалған. Қазылар алқасының төрайымы – физика-математика ғылымдарының докторы, институттың стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректоры Дина Диярова.

Қаладағы №19 орта мектептің оқушысы Ермек Беркінов математикадан білімін сынауға келгенін айтады. Ермек математиканы «төртке» ғана білемін дейді. «Өйткені, басқа пәнді беске білу мүмкін шығар, бірақ, есепті төртке білудің өзі үлкен білімділікті көрсетеді деп ойлаймын», – дейді ол. Ал, №20 орта мектептің оқушысы Жасқайрат Серікбаев та олимпиаданың жеңімпазы атанып, оқу орнында жеңілдікпен білім алғысы келеді. «Мектепте сабақ оқымаған баланы білімді маман етемін деу ақылға сыймайды. Әсіресе, техникалық бағытта қызмет еткісі келетін жас бірінші кезекте математика пәнін мектептен бастап терең меңгеруі керек. Сонда ғана техникалық бағытта жақсы маман бола алады. Ол үшін математиканы дұрыстап оқу керек», – дейді талапкер.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз